Мұхтар ШЕРІМ.  Сатира. МЕЙЛІ СЕНІҢІЗ, МЕЙЛІ СЕНБЕҢІЗ...
жеке
блог

Мұхтар ШЕРІМ. Сатира. МЕЙЛІ СЕНІҢІЗ, МЕЙЛІ СЕНБЕҢІЗ...

 

   Ура! Жол ережесі туралы заңға жаңадан толықтырулар мен өзгертулер енгізілді. Үкімет бекіткен заңда бұдан былай:

–Құдалықта, тойларда жүз, екі жүз грамм арақ ішіп, көлік айдауға рұхсат етіледі. Норма бір бөтелкеден асып кетсе, бір миллион теңге айып пұл төлейді.

–Полицейлердің арақ ішіп көлік жүргізулеріне, ОҚО-дағы Созақ аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары сияқты көршілерін пышақпен қорқытып, жаралауына рұхсат. Тек адам өліп қалмаса болды.

–Полицейлердің өз қызметтік көлігінде масаң күйінде ұйықтауына мүмкіндік беріледі. Екі сағат қана...

–Полицейдің масаң күйінде көлігінің жанында дәрет сындыруына, сілкінуіне, құйрығын қасуына рұхсат беріледі.

 –Көлік жүргізушілерінің мас күйінде рөлге отырып, жаяу жүргіншілерді бір рет қана қағып кетуіне, оқиға орнынан қашып кетуіне және қылмыстан  құтылып кетуіне  тамыр–таныстық жағдай жасалады.

–Әкімдер мен орынбасарларының арақ ішіп, көшеде көлігімен құйғытып жүрулеріне арнайы рұхсат қағазы беріледі. Тек бір рет қана.

–Бұдан былай көліктер тротуарлармен жүріп, жаяулар кең көшеге ауысады.

–Көлікті тоқтатқанда МАЙ инспекторы жүгіріп келіп, жүргізушінің жағдайын, үй ішінің аман– есендігін, құдаларының ахуалын,  неге хабарласпай кеткенін, ай көріспесе ағайын, жыл көріспесе жекжат жат екендігін түсіндіруге міндетті.

–Бұдан былай  жол қозғалысын бұзғандар МАЙ инспекторларына беретін параны жол шетіне орналастырылған арнайы  темір жәшікке салатын болады.

–МАЙ испекторларына жол шетінде талтайып тұруға міндеттеледі.

–Көлік жүргізушілері бұдан былай рөлде келе жатып, бір мезгіл ұйықтап алуына, жілік мүжулеріне, ән шырқауларына, қасында келе жатқан әйелдерін шеше... деуіне, тіпті ашуланып, жүріп келе жатқан көліктерінен түсіп қалуларына рұхсат етілмек.

–Ақшасы жетпесе, алдыңғы екі доңғалақсыз да көлік жүргізу жүргізушінің өз еркі.

  Міне көрдіңіз бе, ағайын, жол қозғалысына енгізілген өзгерістер осындай, мейлі сеніңіз, мейлі сенбеңіз,  ендігі жылдан бастап, төрт есігі, моторы, доғалақтары жоқ көліктермен көшелерде жылдамдықты сағатына екі жүзге дейін арттыруға рұхсат етілмек! Айтыңызшы, бірде алынып, бірде салынып, солбырайып кететін  заңымыз енді қашан жетілмек?