Мұхтар ШЕРІМ. ТОҚАЛ БОЛСАМ ҒОЙ...

Мұхтар ШЕРІМ. ТОҚАЛ БОЛСАМ ҒОЙ...
жеке
блог

 

Жасым жиырма бесте, ұрыс етсідім кеше кешке... Әке–шешем үйлен дейді, үйленіп, бала–шаға асырауды үйрен дейді... Қалай үйленейін? Қалай үйренейін? Біріншіден, ақша жоқ, алма сатып, той өткізетіндей бізде бау–бақша да жоқ... Біздің үйде таудай тұрмыс жоқ, екі жыл болды, менде есектің артын жуатын жұмыс жоқ...
«Шіркін–ай, –деймін шалқамнан жатып жабысқақ қиялға беріліп, –шіркін–ай, айдай сұлууу қыз болып туылғанымда ғой? Айдай сұлу! Мүсінім– тема! Болсам–ай шіркін, бір әкімге любимая жена! Жена болмасам да, тоқалы болсам, ия кәдімгі тоқал, қолымда шарап толы бокал... Ой, бір шалқып өмірді бастасам, темекі шегіп, тұқылын сәнді күлсалғышқа тастасам... Тоқал... Кім кімдердің тоқалы болмай жатыр десеңші? Әкімнің де, министрлердің де жас тоқалдары бар. Жақында бір қыз кеңкелес пе, соның ролигін көрген мен кеңкелес пе, «Әкімнің тоқалы болғым келеді! Ләйләдан қай жерім кем?» деп жарияға жар салды емемс пе?
Дереу аяғымдағы тәпішкемді лақтырып, әдемі гүлді көйлегімді жақтырып, көңілімді сарқырамадай сарқыратып, аппақ санымды жарқыратып, биік өкшелі туфлиімді киіп, айна алдында өзіме –өзім басымды иіп, қала әкімінің кабинетіне кіріп бардым. Хатшы қыздың да, көмекшісінің де алдымды кес– кестегеніне қарамадым.
–Маңызды мәселемен келдім, ағай! –дедім мен. Әкім хатшы қыз бен көмекшісіне «бара қойыңдар!» дегендей ым қақты, мұнысы ашулы мені кәдімгідей жұмсартты...
–Ия, құлағым сізде, –деді әкім. 
–Маңызды мәселе. Бүгінгі күннің тақырыбы, –дедім мен сызылып.
–Не мәселе ? Пәтеріңізде жылу жоқ па?
–Бар ағай.
–Кешіріңіз, ағай демеңіз.
–Апай демейтін шығармын, ағай?
–Қызық екенсіз! Қандай шаруамен келіп отырсыз? Шешуге тырысамын.
–Шешесіз ғой?
–Шешемін.
–Қашан?
–Тап қазір.
–Бұл жерде ұят ағай...
–Оның несі ұят?
–Көйлегімді осы жерде шешкеніңіз...
–Сіз... сіз не деп кеттіңіз өзі?
–Ағай, менің сізге тоқал болғым келеді. Мен қатарлының бәрі уже әкімдердің, депутаттардың, министрлердің тоқалы болып кетті. Мен не, олардан кеммін бе? Өтініш, тоқалыңыз болайыншы а?
Әкімнің көздері көбелектей болып кетті, көңілі көң арасында қалғандай, солып кетті.
–Қандай адамсыз?
–Тоқал болуға лайықты адаммын...
–Не деген ұятсыз едіңіз? Тоқал мәселесін осылай келе салып, бірден айта салады ма екен? Қазақ қыздары, қайда барасыңдар өздерің? 
–Өзіңіз қандай әкімсіз? Халық мәселесі ғой бұл? Мен де халықтың бір өкілімін! Жағдайым нашар! Күн көре алмай кеттім! Не бай, не құдай алмаған соң келіп едім алдыңызға! Айқайлағаныңыз қалай? Ертең газеттерге сұхбат беріп, масқараңызды шығарамын! –деп едім, әкім морт сынып, жұмсарып кетті:
–Енді... Мәселеңізді ертең сессияда қаратамын. Егер депутаттар мақұлдап жатса, неге тоқалым болмасқа?
Мен қуанғанымнан әкімді құшақтай алдым. Құшақтай беріп, ернінен сүйгім келген, қиялымнан кері қайтып, өзімнен –өзім жиреніп кеттім де, еркек қалпыма қайта оралдым. Бәрібір көңілімде; «Шіркін–ай, қыз болып туылып, бір депутаттың тоқалы болсам ғой!» –деген тәтті арман жатқандай ма? О, тоқализм!