Ертастың хаты#7
жеке
блог

Ертастың хаты#7

Таңғы бестер шамасы. Сені сағынғанда жиі келетін саябақта, студенттік шағымды айтамын да, қысқа ғана студенттік шағым... Сол саябақта екеуіміз отырдық. Сен де үнсізсің, мен де үнсізбін. Бір-бірімізді сағынбаған да секілдіміз. Арамыз жақын болса да алыс, суық еді. Тіпті, бөтен адамдар секілдіміз. Мүмкін, біздің өмірден көрген қиындықтарымыз бізді сондай салқынқандылыққа үйреткен шығар. Жанарыңнан еш қуаныш байқамадым. Тек мұңға толы, ащы жастың мекені. 

- Мені қалай таптың? - дедің сен. Мен бұл сұрағыңа жауап берместен:

- Оқуыңды бітірдің бе? - дедім. 

- Иə, оқуымды бітірдім. Енді осы клубта жұмыс істеп жүрмін. 

- Неге? Сен əнші болам деуші едің ғой... - Сен жəй ғана жымиып жауап бердің. 

- Əнші болу үшін көөөөөп қаражат керек. -

- Тамағыңды бір өксік қысып тұрғанын білемін. Не үшін бөгейсің? Жайына қалдыр, - дегенімде сен маған қарадың да, жылай бастадың. Еңкілдеп жылағаныңа мен де қарап тұрған жоқпын. Сені сонда алғаш рет құшақтағанмын. - Бағым, мен сені сағындым! Енді біз бақытсыз болмайтын шығармыз, - дедім сені құшақтап отырып. 

- Сенімсізсің, бақытты болатынымызға күмəнмен қарайсың... Мен де сене алмаймын. 

Осы кездесуден соң мен саған жиі келіп тұрдым. Өткен жолғыдай емес, бұл жолы позитивті болдық. Бəріне көңіліміз толады. 

Бір күні мен ауылға барып келмек болдым. Жаяулатып кетіп бара жатсам, жол жиегінде есігі ашық көлік тұр. Бұл не көлік болды деп жақындап барсам, ішінде ес-түссіз ер адам шалқалап отыр екен. Оятуға тырыстым. Мүлде тұрмады. Жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жеткіздім. Ол Марат есімді орта жастан асқан адам екен. Өзі бақуат тұрады. Жүрек талмасымен ауырады екен. 

Ол есін жинағанда, маған алғысын білдіріп, лебіздерін жаудырды. Мотоцикл сыйға тартты. Сондағы менің қуанғанымды білсең ғой! Бағым, осы мотоциклмен талай бақытты сəттерді бастан кешірдік қой. 

- Отыруға қорқып тұрмын, - дедің сен мотоциклде отырған маған қарап. 

- Отыр, қорықпа, - дегенде сен келіп менің артыма жайғастың да, мені қатты құшақтап алдың. - Жіберме мені... -дедім мен саған қарап, сосын əңгімені басқа арнаға бұрып жібердім. - Ал, кеттік пе? - деп жүріп кеттік. 

Бағым, мен, əсіресе, сенімен мотоцикл айдаған кездерімді сағына еске аламын. Сен мені қысып құшақтайсың. Сол көліктен түскенше бір сәтке де мені жібермейсің. Маған сенесің... Сенімен жұтқан кең даланың ауасы кеудеме толып, тұншықтырып бара жатса да мен оны жақсы көруші едім. Себебі, ол екеуімізге келген ауа.))

Тағы бір жолы мен клубқа келгенімде тағы да төбелес шықты. Бұл жолы тағы қыз. Біреулер бір қызды еркінен тыс сүйрелеп жатқанында тағы да мен кірістім. Ол қыздың клубта несі бар десейші... Бірақ менің басты міндетім оны құтқару болды. Сондағы қыз кім екенін білесің бе? Ол əлгі Мараттың жалғыз қызы екен. 

Сол оқиғадан соң біреулер келіп менің мотоциклімді бұзып кетіпті. Ал мен сол мотоциклмен аударылып, ауруханадан бір-ақ шықтым. Маған көмек көрсетуге Марат қызымен келді. Маған бір пəтерін сыйға тартты. Күн сайын Айсұлу келіп тұрды. Айсұлу Маратқызы. Асымды əзірлеп, үйімді тазалап жүретін. Сенімен сонда ұзақ уақыт хабарласпай кеттім. Мені іздепсің. Мен бірақ бұл күйімде саған көрінгім келмеді. Сонда сенің сөзің есіме түсті. "Біз қандай бақыттымыз деп ойлаушы едім. Олай емес екен. Біз неге бақытсызбыз?" Бақытсызбыз... Сенің мұңлы жанарың сəт сайын көз алдыма келе береді. Түсіме жиі енесің. Енді бірге боламыз дегенде...