5 күн жалғандағы 5 күнім. 2-күн: Сезімнің қадірі
жеке
блог

5 күн жалғандағы 5 күнім. 2-күн: Сезімнің қадірі

5 бөлімнен тұратын блог-сериалымның 2-күні сезім туралы болатынын алдыңғы блогта айтып өттім. Ал кеттік... 

Мен өзім шығармашылық адаммын. Соның ішінде қаптаған қара сөзді сүйреп әкеп төрт жолға сыйдыртып қоятын ақынмын. «Ақын?» деп екі көзіңіз бақырайып алған болар. Иә! «Бұлар сезімнің қадірін білетін бе еді?», «тұрақсыздар ғой!» деп шу ете түстіңіздер. Дегенмен қателік осында... 

24 жыл ішінде шынымен шынайы ғашық болып көрмедім. Бәлкім шынымен тұрақсызбын. Бірақ тұрақсызбын дейін десем, біреуді жақсы көрсем соны іздеп, соны аңсап тұрамын. Арада ұрыс-керіс болып, тіпті екі жаққа айрылып кетсек те соны іздеймін. Енедше бұл сіз ше тұрақсыздық па?! Сағынуды айтпай-ақ қойдым. Шыны керек сезімге келген кезде әлсіздік пен намысым қатар жүреді. Осы екі қасиетке жағаласып қызғаныш дейтін қасиетім де қоса жүреді. Бәрін құртатын да осы қызғаныш. Бірақ қызғанбаса оның несі сезім? 

Жоғарыдағы мәтінді оқып отырып не түсіндіңіз? Ештеңе. Себебі мен өзім жазып отырып өзім не жазғанымды түсінген жоқпын. Себебі сезімді суреттеу және ол туралы жазу өте қиын. Сондықтан болар сезімнің қадірін жақсы түсіндім. Ал түсінгенімді сізге былай түсіндірейін: 

– Қызғанбаңыз! Ойнап айтам, қызғаныңыз) Бірақ орнымен қызғанған жөн екен. 

– Сағынсаңыз, барыңыз! Шынымен айтамын, іштей шыдай алмай тұрсаңыз, сағынып тұрсаңыз қандай жағдай болмасын барыңыз. Қасынан табылыңыз. 

– Ғашық болғанша... Жақсы көрген жақсы. Себебі ғашықтық деген нәрсе мәңгілік тіпті бір күндік емес. Ол ғашықтық бір сәттік сезім ғана. Лап етіп жанып, қайта өшеді. Ал жақсы көру, сезіну бұл мүлде бөлек әлем. 

– Сыйластық! Сезімнің ең үлкен беретін мәртебесі сыйластық. Сіз оны, ол сізді сыйлап тұрса бұл сол махаббат. Ал сыйластық болмаса, ол жерде сезім түгілі тезек те жоқ. 

– Құдайды ұмытып кетпеңіз... Сүйіктіңізді өліп жақсы көріп, онсыз өмір сүре алмайтын болып тұрсаңыз да, құдайды артық сүйіңіз. Себебі ол түбі қадірңізді білмейді немесе оған жете алмайды. Ал Құдай сізді жаратушы. 

– Абайды оқыңыз... Неге? «Ақыл, қайрат, жүректе бірдей ұста» деген ұлы ақын бір-ақ ауыз сөзге буып тастаған. Ақылға салсаңыз талғам пайда болады, жүрекке салсаңыз ғашықтықтан не істеп жүргеніңізді білмейсіз, қайрат әрине ол жігіт ретінде сізге керек шыдамдылық, сабырлық. 

– Күдік! Күдік кез келген жағдайда туындайды. Бірақ ішкі күдік тым арыға кетсе, өзімен сөйлесіңіз. Ал өзі айтқан күннің өзінде сөзінде шындық болмаса, қазір айтамын, қоя салыңыз. Сіздің адамыңыз басқа аялдамада күтіп тұр. 

– Аялдама... Иә! Қыз баласы аялдама секілді. Оған келіп кетіп жататын автобус көп. Кім жақсы көңіл бөледі, кім сүйіп тұрады сонымен кетеді. Ұнамаса сол жерде келесі бірін күтеді. Сондықтан кешігіп қалмай сүйсеңіз сүйем деңіз, әйтпесе келесі автобус жақындап қалды... 

Түйіндейін. Мен оны түсіне алмадым, түсінген жоқпын, түсінгім де келмейді. Себебі бала күнімнен ең жек көретінім жұмбақ шешу еді. Ал адам жұмбақ болса, томаға тұйық болса онда шыдамым жетпейді екен. Не ашықтығы жоқ, не айтары жоқ адамға қалай сезім туралы ән айтасыз. Ал сезімнің қадірін түсіндіру үшін табан иіскеп кету қанымда жоқ. Түсінетін адам көзден сезсе керек... Әттең! 

Бір-ақ нәрсені анық айта аламын, қазіргі махаббат бар, бірақ формасы өзгеріп кеткен. 

Құрметті оқырман, сезім және ішкі түйсік сіздің қасиетіңіз. Алдамайды. Сеніңіз. Ал сезімді бағалау үшін, қадірлеу үшін соның қадірі мен бағасын білетін адам іздеңіз. Табылмаса, күтіңіз келеді не жолықтырады. Ал қадірсіз махаббат үшін қадіріңізді құрта бермеңіз. Оның да таусылатын өлшемі бар екенін білесіз бе? Шама келсе тапқан адамыңыз сізді екенін сізден бұрын сездіртсе, үйленіп кетіңіз. Әйтпесе талғам дейтін тәкаппар біраз қинайды. 

Ескерту: отбасы туралы әңгіме айтқан кезде, сүйіктіңіз қашқақтай бастаса немесе басқа әңгіме туралы айтып кететін болса бірден айтайын, оның барар жері сідік шаптырым жер ғана. Себебі сезім мен махаббаттың ең үлкен бағы – Отбасы. 

Өзім бақытқа сенбеймін, сіздерге бақыт тілеуге болады:) 

3-ші күннің қадірі туған-туыс, бауыр, достар туралы. Күтесіз бе?!