Бауыржан атамыз жайлы бірер сөз...

Бауыржан атамыз жайлы бірер сөз...
жеке
блог

Сонау заманда Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды батыр бабаларымыздан басталатын ерлік істер, кешегі Желтоқсан оқиғасына дейін жалғасты. Ал олардың бәрі не үшін, кім үшін?! Не үшін, көптеген ер азаматтар тер төгіп, өз жандарын құрбан етті?! Елі үшін, жері үшін, 26 жыл толып отырған тәуелсіздігіміз үшін. "Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі", - деген, осы екен...

 Туған жерім Мыңбұлақ, арналы Ақсай

Ішсем суы татиды шекер, балдай 

Қызғалдақ, қалың егіс, көк жоңышқа 

Сенен артық жер, шіркін, өтер қандай -

деп, Бәуке атамыз жырлағандай, 1910 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Шынына келгенде, менің балалық шағымның бір бөлігі осы Жуалыда өтті.

Өлмейді ісі мәңгілік,

Өшпейді абзал есімдер,

Ұрпаққа жетіп мәңгілік

Кетпейді естен асыл ер - 

деп, ақ жалын ақын Жұбан Молдағалиев жырлағандай, расымен, Жуалының қай түкпіріне барсаң да, Бауыржан Момышұлына жолығарсың. 

Бауыржан Момышұлының мұражайы

Есімнен әлі күнге дейін кетпейтін, балалық шағымның бір қызықты оқиғасы бар еді... Анам, өткен тарихтың тұғырын білсін деп, Бауыржан Момышұлының мұражайына апармасы бар ма. Кірмей жатып, жүгіре жөнелдім. Ананы да қараймын, мынаны да қараймын. Ең басына жеткенде, көзім бірден Бәуке атаның төсегіне және отыратын үстеліне түсті. Оны байқаған анам, маған келіп, қазақтың бір ырымы бар, ұлы адамның заттарын қолдансаң, не болмаса оның үй жабдықтарына отырсаң, сол ұлы адамның қасиеттері сенің бойына дарытылуы мүмкін дейді. Әрине, ол жерде отырып ұстауға, рұқсат етілмейді. Дегенмен, менің анам ешкім келіп қалмасын деп қарап тұрды. Ал мен, кедергіден секіріп өтіп, төсегіне жатып, орындығына отырып, қаламын ұстап тез арада шықтым.

Негізінен, адам бір барған мұражайына қайта-қайта бара бермейді ғой. Бірақ бұл мен жайлы емес. Құдайдың құтты күні, кіруге ақысын төлеп, мұражайға баратынмын. Ең қызығы, мұражайдағы заттарды қанша көрсем де, алғаш көргендей таңырқаймын.