«Ақын мен әнші». Сөз киесін ұғынған күн

«Ақын мен әнші». Сөз киесін ұғынған күн
жеке
блог

Өз өлеңіңе жазылған әнді тыңдаудың қандай болатынын білу – маған жақындап қалған сияқты...
Менің сөзіме әлі ешкім ән жаза қойған жоқ. Дегенмен, бұл құбылыстың ерекше әсер беретінін Оңтүстіктің қалам тербеген жас ақындары маған сездіртті.

20 қазан күні Шымкентте қазақ эстрадасының жұлдызы, елдің сүйікті әншісі Роза Әлқожаның бастамасымен «Ақын мен әнші» атты концерт өткен болатын. Оның ерекшелігі мен ережесі – осы атауында. Алдымен, бір ақын шығып өлең оқыса, ізінше әнші шығып өз алдындағы ақынның кез-келген өлеңіне жазылған әуенді орындап береді. Былайша, өте керемет ойластырылған. Мәселен, «Жігіттер» квартетін «Жігіттер квартеті» еткен алғашқы әндері «Ерке қызды» - «Анау Бақытжанның сөзіне жазылған ән ше?» деп емес, «Анау жігіттердің әні ше?» деп айтамыз ғой?! Ал, мына кештен кейін ел сөзіне толықтай болмаса да, кішігірім өзгеріс енеді деп ойламын. «Анау «Жігіттердің» әні ше, сөзін өзіміздің шымкенттік ақын Бақытжан Алдияр жазған екен ғой?!» деген секілді пікір қалыптасатыны даусыз. Бақытжан – Бақытжан ба? Ол – орта буындағы халық Жігіттерсіз-ақ тани беретін деңгейге жеткен ақын ғой! Ал, нағыз бақытты жоғарыда айтқанымдай, өз өлеңіңе алғаш ән жазылған ақындар сезінетін шығар?! Бір бойында өлең шығару, оны әнге айналдырып, сосын орындау қабілеттері бар «Құдай бере салған» Роза өзіне жерлес, Оңтүстіктен шыққан жас ақындарға бұл таптырмас бақытты осы жобасы арқылы сыйлаған сияқты. Бауыржан Әліқожа, Дәурен Айманбетов, Мұқағали Кенжетайұлы, Әлімжан Әлішер, Мақпал Төребек, Сүндет Сейітов секілді қазақ поэзиясының шыңына қаздаңдап бара жатқан жас ақындар бүгінде халық алдында едәуір танымал болып қалса да, мына концерттің олар үшін жұлдызды сәттерінің алды болғанына шүбәм жоқ.

Жалпы, Роза Әлқожаның бұл авторлық жобасы осыдан бір жыл бұрын Қарағанды қаласында шымылдығын түрген екен. Енді, осылай өрістеп келе жатқан жайы бар. Былай, идеясы тың болмаса да, өте сауапты жоба деп айта аламын. Сондай-ақ, бұл күн - халықтың сүйіктісіне айналған әншілер ақындардың алдына келіп, «былайша» бастарын иген күні деуге болады.

Осы жерде Роза әпкеден сұхбат алғанда, ол «Сазгер, ақын, әншінің басын біріктірген шықғармашылық одақ құру – негізгі мақсат» деген болатын. Иә, сазгерді тілге тиек еткені – орынды. Өйткені әсем әуен, ең әуелі – сазгердің еңбегі. Алайда, бұл жерде сазгер үлесі ауызша ғана айтылып, «Ақын мен әншінің» тасасында қалып қойды. Сондықтан, әлі тәй-тәй басқан жоба ретінде және «Бір өлең – бір әуен», «Жеті нота» секілді жобалардан ерекшелену үшін «Ақын мен әнші» жобасын сазгер қосындысымен қайта жаңартса, нұр үстіне нұр болады. 


Бәлкім, бір күні мен де жұлдызды сәтімді осы жобада өткеріп қалармын... Кім біледі?!