Мағира Қожахметова "АДАМ-ҚҰПИЯ" жинағы
жеке
блог

Мағира Қожахметова "АДАМ-ҚҰПИЯ" жинағы

Мен, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, журналистика факультетінің студентімін. Факультетімізде биылғы жылы оқу жүйесіне еніп, бірінші рет өткізіліп отырған Жидегүл Әбдіжәділқызының "Режиссура өнері" сабағынан берілген тапсырма бойынша Мағира Қожахметованың "АДАМ-ҚҰПИЯ" жинағы туралы қысқаша өз ойымды жариялап отырмын.
Мағира Қожахметованың «Адам-құпия» («Ана тілі» баспасы, Алматы, 1997 жыл) атты танымдық туындысы да табанды еңбектің, іркіліссіз ізденістің жемісі. Автордың адам болмысы­ның құпиясы – жан, тән, рух деген абстрактілі ұғым­дарды ұлттық ырым-жорал­ғылардың, салт-дәстүрлер­дің негізіндегі ғылыми         дә­­­лелдердің,    па­ра­­п­си­хо­ло­­­гиялық тәжірибе­лерге сүйене отырып, ой түю­лері де оқшау. Күнделікті өмірде сирек кездесетін табиғаты тылсым қасиетке толы тағ­дыр иелеріне қа­тысты талай тарихи де­ректерді алға тарта отырып, нақты мысалдармен нанымды етіп мағынасын ашып, мәнін арт­тырған еңбегі де елді елең еткізіп, талай оқыр­манның таңдайын қақтыр­ғаны мәлім. 
 
Осы еңбегіндегі әліппенің, әріптердің, киелі сандардың магиялық билігі, алғыс пен қарғыстың материалдық көшірмелері, ниет пен пиғылдың тірліктегі үстемдігі сияқты көптеген философиялық ұғым-түсі­ніктерді ғылыми да нақты тәжірибе тұрғысынан да талдап-таразылауы ав­тордың аса ізденімпаздығы мен білгірлігін, жан-жақты эрудициялы жан екендігін айқындайды. Сондай-ақ кітаптағы құмалақ ашудың, халықтың түс көру, аян беру, оны жору дәстүріндегі тағ­лымдардың бүгінгі нақты өмірдегі мысалдармен дә­лелдей отырып, ой айтуы да ойландырмай қоймайды. Көріпкелдіктің, халықтық емдеудің, дуалаудың, көп­шілік біле бермейтін неше түрлі амал-тәсілдері мен құпия сырлары туралы жаз­ған танымдық мақалалары әлі күнге дейін көпшіліктің қызығушылығын тудырып, таралымы да, оқылуы да ең көп туынды қатарына қо­сылғаны белгілі.
 
Жаратқан Иеміздің саналы жанға сыйлаған сансыз жұмбағы мен адамзат таби­ғатына тән құпия әлемді, сезімдік-психологиялық құбылыстарды талмай зерттеуге зер салған Мағира тәуелсіздік алған алғашқы жылдары бұрындары       тыйым салынған бұл тақы­рыптарға тың сүрлеу салып, ел ішіндегі емші, құмалақшы, тәуіп, көріпкел секілді қа­сиет­терге ие жандардың бөгде жандарға белгісіз ерекшеліктерін өзі басы-қасында жүріп, зерттеп, жазуы да ерен еңбектің нәти­жесі. Бұл еңбектің басты мақ­сатын автор былай айқындайды: «...Тіршіліктің ең бір пісіп-жетілген жемісі – адамның әлі де ашыл­маған сыры көп. Мұның себебін әрбір жан иесінің қайталанбас тұлға екенінен іздеу қажет. Мейлі жағымды, мейлі жағымсыз болсын, кез келген пенде өзіне де­йін­гі бірде-бір пендені ап-анық қайталамайды». Міне, осы бағытта ізденген қа­ламгердің қазақ руханиятына қосқан үлесі де қомақты.