Оригами жасау өнерінің пайдасын білесіз бе?

Оригами жасау өнерінің пайдасын білесіз бе?
жеке
блог

Жапон елі - жаһанданудың қарқын алуына қарамастан өзіндік салт-дәстүрін, ежелгі әдеп-ғұрпын, ұлттық идеологиясын сақтап қала алған әлемдегі санаулы мемлекеттердің бірі. Сол себептен болар, басқа ұлт өкілдерінің Жапония елінің мәдениетін тануға деген қызығушылықтары жыл сайын артып келеді. Осы елдің танымал өнерінің бір түрі - оригами жасау қолөнері. Термин сөздегі "ори" - бүктелген, ал "ками" – қағаз деген мағыналарды білдірсе, ал жалпы бұл өнер қағазды қолмен бүктеу арқылы әр түрлі моделдер мен геометриялық фигураларды құрастырып шығуға мүмкіндік береді. 

Оригами жасау өнері үлкенге де, кішіге де зор пайдасын тигізеді. Атап айтсақ, ол адамдардың ой-өрісінің дамуына, мидың оң жақ және сол жақ жартышарларының белсенді жұмыс жасауына оң ықпал етеді. Екіншіден, бұл жұмыс екі қолмен атқарылатындықтан, қимылдың тез әрі шапшаң болуына және бұлшық еттердің шымырлануына, моториканың дамуына үлкен септігін тигізеді. Өйткені, адамдардың тіл дамуы жіңішке қолдың дамуымен тығыз байланысты болғандықтан,  қолдағы ұсақ моторикалардың жақсы қызмет атқаруы аса маңызды. Сондай-ақ, бүлдіршіндердің саусақтарының икемділігін арттырып, ал ол өз кезегінде көркем жазуға алып келеді. 


Бұл қолөнер түрі өнер иесін төзімділігік, шыдамдылық, еңбекқорлық қасиеттерге баулып, креативті ойлау қабілеттілігін арттыратыны шүбәсіз. Ал егер ересек адамдар хобби ретінде айналысатын болса, жұмыстан тыс уақытта эстетикалық ләззат алып, біраз сергіп алуына таптырмайтын мүмкіндік. Өз кезегінде психологтар да бұл өнерді жоғары бағалап, стресс пен уайым-қайғыны жеңу мақсатында қарапайым халыққа осы шығармашылықпен айналысуға кеңес береді.Бұл шығармашылықтың ыңғайлы жағы - оның қолжетімдігі, яғни көп қаржыны талап етпестен әрбәр тұлға фантазияларына орай алуан түрлі мүсін жасап шығара алады.  Есту, көру және қимыл-қозғалыс рефлекстері бірдей уақытта жұмыс атқаратындықтан, адамның физикалық денсаулығы да күшейеді. 


Оригами өнері математикаға тұнып тұр деп айтсақ артық болмас. Кейбір мемлекеттер бұл өнер түрін мектепке міндетті пәндер қатарына қосқаны да белгілі. Мысалы, АҚШ-тың орта білім беретін мектептерінде осы өнерді математика және геометрия пәндерін оқыту кезінде креативті әдіс ретінде қолданған. Соңында бұл іс-шара жақсы нәтижелер беріп, оқушылардың осы пәндерге қызығушылықтары біршама артқандығы байқалған. Есептерді логикалық жолмен шешіп, геометрияға керек төртбұрыш, конус іспеттес фигурларды жақсы сыза алғаны да белгілі болды. Ал жоғары сынаптағы шәкірттерге  атом мен молекулалардың орналасу реті мен көпірлердің құрылысын ұғынуға, жалпы алғанда физика және химия пәндерін терең түсінуге зор пайдасын тигізеді. 


Біткен қағаз бұйымдарын әдетте жақындар жандарға сыйға тартып немесе қағаздан жасалған ертегі кейіпкерлермен тамаша көрініс көрсетіп жатады. Қорыта келгенде, оригами жасау өнерінің денсаулыққа, білім мен ғылымға, тұрмыс-тіршілікке деген орасан зор пайдалы жақтарын атап өттік. Өнердің жалпы халыққа қолжетімділігі, эстетикалық жағы да бар. Бұл мақала оқырмандарға осы қолөнер түріне бет бұруға өз септігін тигізеді деп үміттенемін.