Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
жеке
блог

Қандай қағидалар бойынша жүресіз? Өмірлік ұстанымыңыз қандай? Бұл сұрақтарға жауап беру арқылы адамның болмысын тануға болады.
Біреулер "еңкейгенге еңкей, атадан қалған құл емес, шалқайғанға шалқай, пайғамбардың ұлы емес" десе, енді бірі "жылы-жылы сөйлесе, жылан да інінен шығады дейді. Кейбіреулер, тіпті, "үндемегеннен үйдей пәле шығады" деп, екінің бірінен күдіктеніп жүргені.

Менің өмірлік ұстанымым - қандай істе болмасын дұрыс шешім қабылдау. Шешім қашан дұрыс болады? Алға қойған мақсат-мұратың қабылдаған үкімің арқылы оң нәтиже көрсетіп, орындалғанда. Дұрыс не бұрыстығы, әрине, уақыт өте белгілі болады. Қалауымның орындалғаны - қабылданған шешімімнің оң болғандығы.
Бірақ, бәрі де біз ойлағандай бола бермейді. Кейде "әттеген-ай" дейтін тұстар да кездесіп жатады. Онсыз мүмкін емес. Өмір болған соң "ағы" да, "қарасы" да бар дегендей...

Армандар орындалмай жатса, қабылдаған шешімім қате деп түсінемін. Сол қателіктен сабақ алып, үйренеміз. "Аузы күйген үрлеп ішеді" демекші, келесіде теріс шешім қабылдамау үшін барымызды саламыз. Демек, ұстанып отырған қағидамның оң болғаны. Қабылданған дұрыс шешімдерім - менің өмірлік ұстанымым. Бұл пікірімде әлі ұзақ уақыт қалармын. Бірақ, кім білсін? Қатып қалған қағида жоқ. Жас ұлғайып, өмір өзгеріп, ойым ауысуы да мүмкін, әрине. Қазіргі пікірім осы. Ал, сіздің өмірлік ұстанымыңыз қандай?