Қазақ – қызды құрметтеген халық

Қазақ – қызды құрметтеген халық
жеке
блог
Негізінен қазақ халқы әдет-ғұрып пен салт-дәстүрге бай халық. Осы салт-дәстүрлерді көзінің қарашығындай сақтап, дәріптеп, келешек ұрпағына аманат ретінде қалдырған еді. Қазақ халқының әр дәстүрі мен әдетінің өзіндік терең ұғымы бар, сондықтан да осы дәстүрлер жалғасын табу үшін қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше назар аударған. «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, руыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» дейтін қазақ, қыз атаулысына ерекше көңіл бөлген-ді.
«Қазақ қазақ болғалы қыз сыйлаған, қызын алқалаған текті халық» деп ата-бабамыз текке айтпас. Сол себепті де, қыз баланың тәрбиесін халықтың ең басты байлығы ретінде білген. Қыз тәрбиесіне ауыл болып үлес қосқан, яғни қыздардың алдында дөрекі сөйлемей, оғаш қылық көрсетпеген, керісінше жақсы-дәмдіні алдарына қойып, жомарттығын жасаған. Әкесінің үйінде жүрген қызды қонақ ретінде қабылдаған, әрі төркініне келген қызын төрге шығарған. Бұл арқылы қазақтардың қаншалықты қызын сыйлағанын аңғаруға болады, өйткені төр – негізінен сыйлы адамдар отырғызылатын қасиетті де қастерлі орын. Алайда халық сол қызғалдақтарға ауыр міндет те жүктеген-ді, себебі қыздар қоғамның айнасы еді. Осының бәрін ескере отырып «қызды қырық үйден тыйған», яки тек қыздың ата-анасы емес, сонымен қатар бүкіл ауыл мен ру болып бетінен қақпай, үлгі-өнеге көрсетіп, өнерге баулыған.
Қазақтың аруы дегенде қос бұрымды, аппақ жүзді, ажарлы, бұраң белді, алма мойынды, сымбатты жан елестейді. Бұл еріксіз қиял шынында да нағыз қазақ қызының сипаты ғой, сірә. Сондай-ақ, қазақ қыздары негізінен ақылды, тәрбиелі, тапқыр, биязы мінезді ғой. Осы қасиеттердің барлығы бойында тұнып тұрған әйел заты қаншама?! Мысалы, Жиренше шешеннің келіншегі Қарашаш сұлу – өз заманының ерекше бір бейнесі, өйткені ол – сабырлы, ақылды, байыпты, тиянақты әйел еді. Жиренше шешен мен Жәнібек ханның сынақтарынан сүрінбей өткен, халықты таңқалдырар жан ғой. Сонымен қатар, Ел анасы бола білген, кейінгі ұрпаққа көрегендігі, әулиелігі мен даналығымен танымал – Домалақ ана бар емес пе?! Қазақ халқының ұлы ақыны –Абай атамыздың анасы Ұлжан ханымды ерекше атап өткен жөн, өйткені Ұлжан ана Абайды даналыққа жетелеген адам. Ендеше, әйел атаулысы бір ұлттың болашағы мен тағдырының сүйеніші мен тірегі.
Ал қазіргі қазақ қоғамы қыздарын бұрыңғыдай қадірлей ме, немесе жаһанданудың салдарынан діліміз бен мәдениетімізді өзгерттік пе екен?! Әлде қазақ қызы батысқа еліктеймін деп өз құндылығын жоғалтты ма екен?! Қазіргі таңда қыздың тәрбиесі тек анасына ғана байланысты емес, себебі қыз қоршаған ортасынан да тәлім-тәрбие көреді. Яғни, заманауи қазақ қызының қалыптасуына теледидар, радио, журналдар мен кинолар әсер етуде. Соның нәтижесінде қыз деген тек жақсылықты ғана үйренбей, жамандыққа да ілігеді. Тіптен ата-анасы балаларына бөлетін уақыты да азайды, жұмыс пен мансап қуып балаларына жеткілікті деңгейде көңіл де бөлмейді. Сол себепті де қазақ қыздарымыз бетімен кетіп, батыстың тәрбиесінің жетегінде жүреді. Ертедегі қыз-келіншектермен салыстырсақ, қазіргі бойжеткендер ақша, мансап, бедел сияқты түкке тұрғысыз заттарды пір тұтады. Тіпті салт-дәстүрлерді де білмей, ана тілінде екі сөздің басын қоса алмасы анық. Осылай бола тұра, өздерінің қасиеттерін шылым шегіп, арақ ішумен одан әрмен төмендетеді. Әрине, бәріне бірдей жала жабу да дұрыс емес, бірақ заман көрсеткіші сол болмақ. Сондықтан да, қыз баланың тәрбиесіне бұрынғыдан бетер ерекше назар аудару қажет, себебі қазіргі заман талабы солай.