Сынтас қалажұрты (городище Сынтас) немесе Өгем суын бұру туралы идея туған жер
жеке
блог

Сынтас қалажұрты (городище Сынтас) немесе Өгем суын бұру туралы идея туған жер

Сынтас қалажұртының спутниктік суреті

Биылғы қыркүйектің басында облыс әкімі Өгем аңғарына саяхат жасады. Сапарының басты мақсаты – Өгемнің тұнық суын Оңтүстіктің 733 мың халқы бар: Қазығұрт, Сарыағаш, Мақтарал аудандарын ауызсумен қамтитын қайнар іздеу екен.

ОҚО облыс әкімі Ж. Түймебаевтың Өгем аңғарына сапары (фото Б. Тәжібаевтікі)

Бұл жоба-жоспардың көтерілгеніне де біршама жылдың жүзі болған. Десек те, Өгем суын белдің бергі жағына бұру туралы идея қанша ғасырдан халық көкейінде арман-тілек болып жүрген секілді. Оған дәлел, Сынтас көне қаласы туралы айтылатын аңыз-әңгімелерде бұл идеяға ерекше орын беріледі.

Сынтас қалажұртынан табылған қышқұбырлар. Х-ХІІ ғасырлар. Қазығұрт аудандық музейі

Сынтас қалажұртынан табылған қыш құбырларды археолог ғалымдар Х ғасырға жатқызады. Осы қалажұрттың маңында әлгі қыш құбырмен ағып келетін бұлақ суы әлі күнге дейін ағуын тоқтатқан емес. Аңыздың айтуынша, бұл ауыз су сонау Өгем тауының арғы бетінен қыш құбырмен тартылыпты деседі. Адам қолымен жасалған құрылыстардан бұдан өзге 11 ғасырдан бері халыққа қызмет етіп келе жатқан қандай құрылысты білесіз?

Мың жылдан бері қызмет етіп келе жатқан суқұбырдың суына қазір де шомылуға болады

 

Сынтас қалажұрты Қазығұрт ауданының Қарабау ауыл округінің орталығы Сынтас ауылы жанында орналасқан. Бұл қалажұрт Х-ХҮІ ғасырлар арасында өмір сүрген деп топшыланады. Ол туралы археологиялық сипаттамаларын farsah.kz сайтынан тауып аларсыздар. Әзірге халық арасындағы аңыздардың мазмұны мен мәнін әңгімелейік.

Археологтардың нақты хронологиялық даталағанына қарамай тұрғындар аузындағы аңыздарға үңіліп көретін болсақ, қала жасын одан да әрі ҮІІ-ҮІІІ ғасырларға ұзартуға болады. Аңыздардың айтуынша, Сынтас қалажұрты араб жаулап алушыларынан ерте кезеңде өмір сүргенге ұқсайды. Қаланың «Сынтас» деп аталуы туралы аңызда солай суреттеледі. Ертеде (аңызда нақты уақытты атамайды) қалада тас, ағаш, қыш тақталарға қашалып көне жазумен жазылған жазулар сақталған екен. Былайша айтқанда, сол заманның кітапханасы, не мұрағаты қызметін атқарса керек. Сондықтан да өз заманында бұл қала «Сынтас» деп аталыпты. Араб жаулаушылары ислам тарату мақсатында жорық жасай отырып, осы қала маңына келеді. Қала ерлікпен шайқасып, жауға берілмейді. Амалын тауып, таудан бастау алатын су құбырды бекітіп, қаланы сусыз қалдырады. Содан кейін ғана қала жау қолына өтеді. Жаудың қолбасшысы «шайтанның шимайы» деп, қаладағы барлық жазуы бар тақтатастарды қиратуға пәрмен береді. Содан ешбір жазбасы қалмай қиратылып, өртеніп, қала күл үйіндісіне айналыпты деседі.

Қалажұрт толық зерттелмеген. Ол туралы farsah.kz сайтында да жазылған. Оның басты себебі қалажұрт үстіне қазіргі заманғы молалар мен басқа да діни-жерлеу құрылыстары орналасып кетуінен болса керек. Археологиялық қазба жұмыстарды қалажұрттың негізгі цитадель бөлігінен емес, айналасындағы қосымша нысан орындарына жүргізбесе, басқа жолы қалмаған. Егер, қалажұрт толық зеттелетін болса, небір қызықты деректерге тап болар ма едік?

Археологиялық сипаттамасына өту үшін http://www.farsah.kz/rus/rais/4/64

Гугл картадағы координатына өту үшін https://www.google.kz/maps/@41.8976843,69.5622391,282m/data=!3m1!1e3