Массагетім, қош бол!
жеке
блог

Массагетім, қош бол!

Мен Массагет сайтына 2011 жылдың маусым айында келдім. Ол кезде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 3-курсын тәмамдаған студент едім. Мені Қуаныш Мағзуов есімді ағай жұмысқа шақырған болатын, ол мені қолымнан жетелеп әкеліп, бастықтың кабинетіне кіргізді. Кірсем үлкен кабинетте жасы 50-лерді алқымдаған әйел отыр екен. Ол кісі маған бір, түйіндемеме бір қарап отырып: "Оқуыңды келесі жылы аяқтайсың ғой?" – деп сұрады. Сол сәт өмірімнің тәтті естелігі секілді жадымда мәңгі сақталатын болар. "Иә" деп басымды әрең изеп, кабинеттен шығуға асықтым. Келесі күні жұмысқа қабылданғанымды білдім. 

Келесі жұмыс күнінде мені Қуаныш, Ғазиза және Анар есімді әріптестерім қарсы алды. Ол сәт те көз алдымнан әлі күнге кетпейді. Менен кейін Қайыржан есімді әріптесіміз келіп, бесеуміз бір мүдде жолында еңбек етіп, Қазнет кеңістігіне жаңа жоба әкелуге әзірлендік. Ең бірінші сұрақ: "Сайттың атын не деп қоямыз?" болды. Әркім әртүрлі нұсқа ұсынғанымен, соңында басшылықпен бірге бір тоқтамға келдік. Бәрімізге "Массагет" деген атау ұнады. Оның себебі Массагет айтылғанға оңай әрі сәнді көрінді. Біз қателеспедік. Бүгінде мыңдаған оқырманның сүйікті сайтына айналып отырған Массагет.кз сайты осылай өмірге келген еді... 

On.kz сайтында жұмыс істей жүріп біз Массагеттің жобасын сыздық. Массагеттің бірінші бетінде не тұрады, екінші бетінде не тұрады, бәрін ақылдасып, күн-түн демей жұмыс істедік. Мен Массагеттің контентіне жауапты адам болып бекітілдім. Сайтты 2012 жылдың 16 желтоқсанында ел назарына ұсындық. Содан бері аттай 6 жыл сырғып өтіпті... 

Алғашқы жұмыс орным мені редактор ретінде қалыптастырды. Осы сайттан өзіме керекті білімді де, тәжірибені де жинадым. Менің жастық шағым осы сайт қабырғасында өтті. Массагетте жүріп қазіргі күйеуіммен танысып, отбасылы болдым, ана атандым. Бүгінде Массагетке беретінімді беріп, алатынымды алған адам ретінде өзімді басқа жұмыс орындарында да сынап көруге бел буып отырмын. 

Осы жерде өткен алты жылыма алғыстан басқа айтарым жоқ. Массагетім, тұңғыш перзентім секілді қаншалықты ыстық болсаң, дәл қазір өзіңмен қоштасарда баласын өсіріп, жетілдіріп, үлкен өмірге аттандырған ананың толғанысын сезініп отырғанымды жасырмайын. 

Өзіңе тек сәттілік тілеймін! Қанатың талмасын, сүйікті сайтым! 

Сөз соңында естелік суреттер ұсынамын. 

Массагеттің іргетасын қалаған құрам мен басқа да достарымыз, 2011 жыл

Ұжыммен таудағы тамаша демалыс, 2012 жыл

Массагет ҚазҰУ-да қонақта, Алматы, 2013 жыл

Массагет Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де шеберлік сыныбын өткізді, Астана, 2013 жыл

Массагет Шымкенттегі блогқұрылтайда, 2013 жыл

Ұжыммен серуен, 2014 жыл

Массагет сайты "Халықтың сүйіктісі" марапатын алған кез, Астана, 2015 жыл

Санада естелік, альбомда сурет көп. Ал тілек біреу: Үкілеген үмітіміз болған Массагетіміз төменге құлдиламаса екен...