«Жаға ұстатпай», «желіні жармай» өсектің ісі бітер ме?

«Жаға ұстатпай», «желіні жармай» өсектің ісі бітер ме?
жеке
блог

Жағамыз кірлеп, желіміз жарылып кеткелі қашан. Бұл қазіргі қазақ тілінде шоу жасап жүрген БАҚ беттерінің соңғы амалы. Басқаша қалай деп ойлайсыз? 

Атын атап, түсін түстейін десем қазақы «ағайындық» қарым-қатынасым бұзылып кете ме деп алаңдап отырмын. Сондықтан тікелей тірідей атып тастағанша, тігісін жатқызып нобайлап көрейін. 

«Жаға ұстатты», «желіні жарды» 

Қазақта «жаға ұстатты» дейтін сөз бар. «Көршінің кешегі қылығын көріп жағамызды ұстадық» деп, бұрын-соңды болмаған ерсі қылығын көріп қалған ағайынның ісіне таң қалған бағасын осылай береді. Бұл таң қалу тамсанудан емес керсінше күтпеген жағдайда айтылады. Сол секілді қазір қазақтың медиа саласында «жаға ұстатып» жүрген жағдайлар көптеп кездесіп жатыр. Күнде оқи беріп ендігі жауыр болып кетті. Оларда да ұят жоқ, бір сөзді тықпалай беруден шаршамайды. Одан қала берді «желіні жарып кетті» дейді. «Взорвал интернет» дегеннің тікелей баламасы ғой. 

Жақ ашса – жамандық, көз ашса – көргенсіздік, құлақ естісе – сұмдық бітпейтін қазақ қоғамындағы мәселелер шетінен түнекке батып кеткен. Жарық дүние жоқ секілді. Бәрі көлеңкеде жүріп өмір сүргісі келеді. Сынайды, мінейді, табалайды... Тіпті менің өзім қазір табалап отырмын. Әсілінде табалау емес, менікі сәл де болса «қойсақ қайтеді» дегеннің үндеуі ғана. Себебі сол жарылып кететін желіде отыратын біз ғана емес. Жас жеткіншектер мен ұрпақ бар. Солар көрмейді деп ойлайсыз ба? Біз өзі «ұрпақтар сабақтастығы» деген бір ерекше құндылықты ұмытып кеттік. 

Жазса орыс жазсын, көрсетсе шет ел көрсетсін. Қазаққа не жоқ. Әлде онсыз жазғаныңыз оқылмай қала ма? Бәрін құртқан өзіміз БАҚ өкілдері. Ештеңеден хабары жоқ, дастархан басында өсек айтып жүрген жұртқа ашық алаңда өсектің сойылын соғуға үйретіп қойдық. Енді егістікке лап еткізген өрт секілді, өшіре алмай өкініп отырмыз. Бір-ақ жолы бар, келесі егістікке от түспей тұрып, арасын бөлу керек. Ол үшін ендігі ақпараттардың артын бағып, қырып-жойып кеткенін азайтып, танымдық мәнді әрі сапалы дүниеге ден қойдыру керек. Дәл осы қалыпта біз «ҚАЗАҚ МЕДИА» дейтін дап-дардай аттың күлін көкке ұшырамыз. Себебі өсекті Абай жек көрген. Ал Абайдың кім екенін жақсы білесіз. Жалпы өзі «халық айтса қалып айтпайды» дегенді «Абай айтса қалып айтпас» десек жөн секілді. «Абай жолын» оқып қарық қылмасақ та, Абай жолымен жүріп үйренсек бек жақсы болар еді. 

Қалай ойлайсыздар, «жаға ұстатып», «желіні жарып» жүрген жүгірмектер?!