Төбеден түсіп келе жатқан бомбаның ойы...
жеке
блог

Төбеден түсіп келе жатқан бомбаның ойы...

«Жатырдан атып шыққан нәрестедей бар дауысымды көк аспанға жеткізіп, бұлт біткенді сейілтіп, төменге қарай құлдыйлап барам. Менің туғанымды, менің шыққанымды ешкім білген жоқ. Мен сондай тыныш көк аспанның шырқын бұзып келем. Бірақ дауысым естілер емес. Көз алдымда алып дала жатыр. Қараңдаған үйлердің төбесі мен адамдардың басы көрінеді. Бір емес мыңдаған адамның басы...

Мен барған сайын жылдамдығымды арттырып, осы жылы бір ұяға тездетіп жеткім келді. Адамдарға асықтым. Сәбилердің күлкісін, күліп жүрген бақытты адамдардың арасына барғым келді. Артыма қарағым келеді, мені жаратқан кім, бәрін көргім келеді бірақ қарай алмаймын. Көзім тек алдыда.

Анау жерде, бақта демалып отырған қарттарға қарап сүйсініп алдым. Баласын ертіп бара жатқан анаға қарап қалай сүйіспеншілік танытпайсың. Құдай-ау томпаңдап жүгірген әнеу баланы-ай. Бәлкім мен туа салып мұндай керемет картинаны көремін деп ойламасам керек.

Тоқтаңызшы... Мен неге тым жылдам келе жатырмын. Мен қазір осы қарқынмен келіп анау баланың басына түссем, денесін ауыртып аламын ғой. Адамдарға қиянат жасағым келмейді. Жоқ, бір шарасы болу керек еді. Тіпті жылдамдықты тоқтата алар емеспін. Бәлкім бұл жылдамдық менің адамдарға деген махаббатым болар. Мейлі жеткен кезде түсіндіріп алармын. Қазір шыдаңдар адамдар, мен сендерге келе жатырмын. Мені де жылы ұяларыңа алыңдар»

Соңғы сөзді бомба емес, басын көтеріп төбеге қараған қара  шашты ару қыз айтып үлгерді:

-   Анау не?

Тыныштық...

 (с) Марғұлан Ақан