"Менің асылым...менің жаным мен қаным"(Байқауға!)

"Менің асылым...менің жаным мен қаным"(Байқауға!)
жеке
блог
Рецензия!
 
Дамыған киноматография саласында бокстың алар орнының төр екендігіне ешкім таласа қоймас.
Себеп біреу:
Мұнда жеңілдік жоқ, не сен ұрасың, не сені құлатады. Сондықтан да болар, бокс саласының биігіне өрлеген кей тұлғаның өмірі қиындыққа толы, биографиялық фильмдері де жетерлік.
Қазірде драма жанрында боксты негізге ала фильм түсіру - сән. Сол фильмдердің барлығы дерлік сан эмоцияға бой алдыруға мәжбүрлейтін фильмдер екені дәлелсіз де белгілі, оған қоса түрлі марапаттарды да иеленуде. Жә, өздеріңіз де түсінген шығарсыздар...тақырып "Бокс және фильм".
Кино десе "ішкен асын жерге тастай сала" назар аударатын жан болсаңыз, 2005 жылғы Оскар жүлдесін иеленген Клинт Иствудтың  " Миллионға бағаланған бала " атты спорттық драмасынан хабардар боларсыз.
Басты рөлді қалың көпшілікке белгілі Хилари Суонк пен Клинт Иствуд және Морган Фриман еншілеген, жәй еншілемей, керемет алып шыққан. 
Актерлердің біліктілігін ерекше атап өткен жөн, бастысы кейіпкерге сендім!
 
Сонымен фильм туралы не айтуға болады?
 
Ғажап туынды. Әділдік пен қастық, намыс пен тәуекел, сенім мен үміт, арман, еңбек, бәрі-бәрі тоғыса келіп, жүрегі бар жанның барлығын шын тебірентеді.
 
Мұндағы режиссёр мен сценаристің жұмысына тұра кеп қол соқса болар. 
Фильмдегі әр сөз орнымен айтылған, оның үстіне қойын дәптерге түртіп аларлықтай.
Эпизодтардың өзіндік маңызын ескере көрсетіп, көрерменді екі сағат бойы табжылтпай ұстап отыра алады. Үздік режиссер марапатын иеленуі де тегін емес қой, сірә?!
 
Сонымен, фильмнен не көреміз?
Отыз жасар даяршы қыз бірнеше жыл бокспен айналысқан соң, бала шақтағы арманын орындау мақсатында Фрэнки Данн жаттықтыратын спорт залына қадам басып, өзін жаттықтыруын өтінеді.
Өзі "Босс" деп атайтын Фрэнки Данн Мэгиге назар салмағанымен, уақыт өте келе үздік шәкіртінен айырылған соң, біртіндеп Мэгиді жаттықтыра бастайды. 
Еш үміті жоқ деп пайымдаған қыздың қабілетіне тәнті болған Фрэнки, оны кәсіпқой бокста бәйгеге қосып, үнемі қарсыластарын сұлатқанына куә болады. 
Аз ғана уақыт арасында биікке көтеріліп, мақсатын орындаған Мэги мықты қарсыласпен жекпе-жек өткізгісі келеді. Фрэнки бұған оңай келісе қоймайды...бапкер ретінде уайымдайды ғой. Бар өмірін бос өткізіп, қарапайым адам ретінде қалмас үшін мықтыларға да төтеп бергісі келетін Мэги, бапкерді көндіреді...
 
Әрі қарай да барлығы керемет боп, Мэги Фиджеральдтің чемпион атанғанын көргім келген. 
Жоқ... Ол жеңді, бірақ керемет болмады.
Қарсылас қастығының салдарынан ауруханаға түсті. Сондағы бапкеріне айтқан өтінішіне көрермен қауымның елжіремеуі мүмкін емес. Оның қалауы - бапкерінің өзін өлтіруі...Неге?
Ол аурухана төсегінде жата бергеннен еш қайыр жоқтығын сезді. Арманын орындаған күйі жан тапсырсам деді...
 "Әр күн сайын әлемде біреу өледі және оның соңғы ойы:"мен мүмкіндігімді пайдаланбадым" болады. Мэги арманына жетті. Енді өмірінің соңғы секундындағы оның ойы не боларын білемісің? "Мен бәрін дұрыс жасадым, енді өлуіме де болады",- деген сөздерді естіген Фрэнки шәкіртіне соңғы сөздерін айтып, өмірінің соңғы секундында шығарып салды... 
Сондағы сөздерін Мэги чемпион болғанда ғана айтамын деген:
"Сенің лақап атыңның мағынасы - менің асылым...менің тәнім мен қаным".
 
Фильмнен соң көз жасыңның көлдей төгілгенін байқайсың. Бірақ, бұл туынды жәй ғана қол орамалыңды құшақтап отырып, жылау үшін, бокс тәсілдерін меңгеру үшін де емес... өзіңді өзгертетіндей, ағынға қарсы жүзетіндей ой түю үшін, ойлану үшін!
Соны еске сақтағайсыздар!