Аңыз Адам - 2PAC

Аңыз Адам - 2PAC
жеке
блог

Осыдан 21 жыл бұрын оққа ұшырап, қайтыс болған атақты рэпер Тупак Шакурдың рухына арнап, режиссер Бенни Бум «Аңыз Адам - 2PAC» фильмін жарыққа шығарды.

Фильмнің АҚШ-тағы премьерасы 16 маусым күні болды. 26 шілде күні Алматыда «Меломан Афиша» компаниясы мен “Lumiera” кинотеатрының ұйымдастыруымен фильмнің алғашқы көрсетілімі өтті.

Жаңа фильмде рэпер, актер, ақын Тупак Шакурдың өмірбаяны жайлы айтылады. Оның балалық шағы қиыншылықпен өтеді. Анасы қоғамның белсенді мүшесі болған. Сол кезде қатал заңдардың құрбаны болып, анасы балаларын алып, пәтерден пәтерге, бір қаладан екінші қалаға көшуге мәжбүр болады. Қиыншылықтарды басынан кешірген ол әлемнің ең үздің хип-хоп орындаушысына айналады. Оның күйтабақтары әлемге тарап, ол үлкен танымалдылыққа ие болады. «All Eyez on Me» альбомы АҚШ-та үлкен сұранысқа ие, әлі де сатылымы жоғары альбомдардың бірі. 25 жасында оққа ұшып, қаза болады. Бүгінге дейін Тупактың қазасы жайлы ешқандай ақпарат жоқ.

Басты рөлді сомдаған Деметриус Шипп Тупактың сыңары секілді. Атақты рэперге қатты ұқсайды. Тупактың атақты рэпер екенінен басқа менің еш хабарым жоқ. Фильмде Тупактың балалық шағынан бастап, өмірінің соңғы күндеріне дейінгі ең елеулі оқиғалары көрсетілген. Алғашқы махаббаты, шығармашылық жолы, достарының опасыздығынан зардап шеккен кездері, анасы мен қарындасының жай-күйі секілді сәттері шынайы бейнеленген. Мен секілді атақты Тупактың өмірбаянынан бейхабар көрермендер үшін өте жақсы болды.

Түйгенім, Тупак өмір сүрген аз ғұмырында ол әділеттілік үшін күрескен. Ол адамгершілікті сақтауға тырысқан. Әрине, басына атақ-даңқ түскен кезде оның мінезі де, жүріс-тұрысы, араласатын ортасы өзгере бастайды. Бірақ, сонда да ол өз әндерінде әлеуметтік мәселелерді қозғай білді. Сондықтан да шығар әлі күнге дейін Тупактың альбомы сұранысқа ие, тыңдармандары көбеймесе, азаймаған.