Сізге сағыныш

Сізге сағыныш
жеке
блог

Сағыныш... Сағыныш дегенде сіз ғана есіме түсетінсіз. Сағынуға тұратын  жандар лайық болу керек деп білетінмін.

Атаау,сізді сағынып кеттім. Мен сіздің қызыңыз болсам да ,өзгелердей «папа» демедім,себебі сіздің бойыңыздағы барлық даналық пен жігер,мейірім мен сабыр тек «ата» деген ұғымға ғана тән еді.

Менің бала кезім есіңізде ме? Ол шақта бәрі басқаша еді ғой... Ауылда ата-әжелер де көп болатын.Ойнап жүргенде солардың бірі, не  мүлде танымайтын біреулер тоқтатып алып сол бір керемет сұрақтарын жаудыратын. Сол сұрақтарды да сағынамын деп те ойламаппын...

«-Кімнің баласысың?

-Атамның  қызымын!

-Атаң кім?

-Бөкебай

-Қой , Бөкебайдың сендей қызы жоқ еді ғой(жымиып). Әй,папаңның қызы шығарсың?

-Жооқ ,атамның қызымын(бұртиып)!

-Әәә. Руың қандай ?

-Кіші жүздің Асаны! Одан Қожабергенмін. Одан ...» -деп күніне неше айтсам да жалықпай жеті атаны жолдың бойында өзіме бейтаныс адамға санамалап тұратын бақытты кезеңдердің бір бөлшегі өзіңізсіз-Ата. Ешқашан ұрыспасаңыз да, қашанда бойыңыздан табылатын сабырлы қалпыңыз «жақсы бала» болуға шақырып тұратын. Мейірім мен  оқыған кітаптарыңыз , көріп-білген ғибраттарыңыз , ықыласпен тыңдайтын ерекше шежіре-оқиғаларыңызбен  нағыз тәрбиені сыйлай алғаныңызды  бүгін түсіндім. Кейде жоқтығыңыз білініп тұрады,әттең қазір қасымда болсаңыз ғой деймін. Әрбір естеліктеріміз мені қиын шақтарда жігерлендіре береді. Әрбір істі бастарда атыңызға кір келтірмей, биік көтеру мақсат боп тұрады. Сіз ешқашан ұмытылмайсыз. Атаау ,сізді сағынып кеттім. Қиындықта қасымда болатыныңызды сезем. Дәл қазір ыстық бейнеңізге  қарап,«атаау» дегім келеді. Өмірдің көп қиындықтары мен көкейіңе жиналған даналығыңыздың куәсіндей әжім басқан қолдарыңызбен басымнан сипап, құшағыңыздан кең орын беретін тақиялы бейнеңіз  бүгінгі қарттар үйі бар қоғамда қадіріңізді көтере түседі. Менің өмірімдегі әр минутыңызға мен әркез қарыздармын және сол минуттар үшін алғыс айтып өтемін,аташым.Бәрі үшін рахмет!