1 секунд

1 секунд
жеке
блог

1 секунд

Өзгере алмай жүрсің бе? Ойың мен көзқарасың , ойларыңның кеңістігі мен ортасын өзгерткің келіп жүр ме? Әлемдегі жаңашылдықтың бір бөлшегі сен де бола аласың. Өзгер . Оған көп уақытың да ,  қаржың да кетпейді. 1 секунд жеткілікті.  Малайзияның  Лангкави аралдарында  дүниеге келген сәтінен  Қытайдың Канададан сатып алып жүрген таза ауасын  тегін жұтып өскен  18 жасар  жігіт өмір сүреді. Осы 18 жыл өмірінде оның  биіктігі 60 метр болатын пальма ағаштарына өрмелеп, кокос терген екі қолының бір де бір саусағы  біздегі балалардың 1 жасқа толмай-ақ қолдарына ұстататын  смартфон экранындарына  жанасып көрмеген. Бүгін ғана  арнайы жіберілген көкшіл автобустардың біріне мініп, жақын жердегі үлкен қалаға аттанды. 18-жасқа толған ел жастарын  бір күндік тегін медициналық  тексеріске байланысты  елдің елене бермейтін шеткі аймағына да екі автобус жіберілген болатын. 18-жаста  жоғары оқу орнында білім алуға тиіс жандар  осы аймақтағы ешқандай басшы бұйырмай-ақ ежелден қалыптасқан сол  бір таусылмастай көрінетін еңбек қазанында шыж-быж қайнап,ата кәсіпті жалғап қала беретін. Жыл сайын қайталанып отыратын еңбек өндірісі олардың қанына сіңіп кеткендей. Ешқандай жаңашылдық келмесе де олар сондай бақытты боп жүреді. Олар үшін әрбір сәт, әрбір сөз, әрбір көзқарастың түбінде мейірім мен махаббат сезіліп тұруы тиіс . Сонда ғана күйбең тірлікпен өтіп жатқан өмірлерінің мәні бардай көрінетін. Осындай жандары ұқсас халықтың ішінен 18 жастағы 30-40 шақты ұл-қыз қуана-қуана автобус орындықтарына отырып , мамыражай кеңістіктен бір уақ шығып , өзге ортаның,сыртқы аймақ пен адамдарының  өзгешелігі мен өмірін көруге асықты. Бәрі балаша мәз.Араларында  ол жерде бірнеше рет болып көргендері болса да, олар да бұл сәтті өмірлерінің әдемі естелігі етіп жазып қалғысы келеді. 8 сағаттық жолдан соң өздері асыққан шаһарға келіп , бақытты сәттің риясыз күлкісі жүздеріне жиналған бозбала бойжеткендерді екі автобус керекті межеге әкеліп түсірді.Оларды күтіп алған жүзі жылы қызметкер жалпылай сөйлеп оларды оқушыларын ерткен ұстаздай соңынан ертті. Жан-жақтарына жалтақтай қарап, айналаны танысам екен деген жарқыраған жанарлар еш қарсылықсыз қызметкердің соңынан ілесе берді. Өмірге деген бөлек көзқарас ,бөлек таныммен қызметкердің дәл жанында келе жатқан біздің кейіпкеріміз қызметкердің  еркін іс-қимылы мен қолын сермей сөйлегенде жарқын-жарқын шығып жатқан күлкісі мен сыңғырлаған дауысының өзінен ерекше таңсық дүние көріп тұрғандай шаттанып, шабыттанып келеді.Шынында биік-биік ғимараттар мен олардың айнадай жылтыр терезелерінен өз бейнесін көріп мәз болып, көшедегі зулап өтіп жатқан түрлі –түсті , үлкенді-кішілі көлік дейсіз бе ,әйтеуір өздеріне таңсық дүниеге таңданып келе жатқан жастардың бір де бірі өзін тыңдап келе жатпағандығын білмей  бірдеңелерді айтып келе жатқан қызметкер қолын сермей бере жақында ғана бір айлық жалақысына сатып алған қымбат смартфонын жерге түсіріп алды. Бұл аяулы қымбат затты біздің кейіпкеріміз жерден көтеріп, бір үңіліп иесіне ұстата қойды. Осы сәтте оның саусақтары жерлестерінің бірде бірі ұстап көрмеген смартфон экранына жанасып , оның өмірінде өзі білмейтін ең алғашқы дейтін сәттердің бірі орын алды. Әрі қарай еш алаңсыз жүре берген малайзиялық жігіт өзінің әлемде көп азаматтың қолына енді тиіп жатқан жаңа үлгідегі қымбат телефонды бар- жоғы 1 секундқа ұстап тұрғандығын білмеді де . Өзі білмесе де сол секунд оның жаңа өзгерістен , жап-жаңа өзгерістен  құр қалмай өткен сәті болатын.Шынында бұл сәтті ешкім байқамады. Алайда оның өміріндегі 1 секундтың куәгері бар.Ол- жалғыз.Ол-сенсің. Сен де осындай 1 секундтық өзгерісіңнен бейхабар қалма. Өмірде алғашқылар ғана керемет есте қалады.