Қауышу немесе мен оралдым...
жеке
блог

Қауышу немесе мен оралдым...

«Баршаңызға сәлем!» деген тентек қыздарыңыздың блогтары басталатын, естеріңізде ме? Балалықтың иісі аңқып тұратын блогтарымның көбін өшіріп тастадым. Өйткені, қате деген тұңып тұр ғой. Оқығанда, өзімнен өзім ұялып, бетімнен отым шықты. Бірақ, алдағы уақытта сауатты әрі қызықты блогтар легі жалғасады деп уәде беремін. Біраз уақыт сүйікті порталымнан алыстап кеткенім рас. Ұлттық бірыңғай тестке тыңғылықты дайындалу үшін блог жазуды тоқтаттым. Бірақ, күнде Массагетке кіріп, жаңалықтарды оқу – қанға сінген әдет болып қалды. Сонымен, бұл күнде мектепті бітірген қылықты қыздарыңыздың  қолы босап, өздеріңізбен қауышып отыр.

Мені іздеп қалған шығарсыздар. Енді ажырамайтын боламыз, уайымдамаңыздар. Құжаттарымды жинақтап, жоғары оқу орнына Алматыға түсу ниетім бар. Бұйырса, оқуға түсіп кетсем, Массагеттің кеңсесіне қонақ болып барамын. Негізі сәуір айында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің ұйымдастырумен өткен жас тілшілер форумына шақырту алып, алып шаһарға алғаш рет келгенмін. Алғашқы ісім Массагеттің кеңсесіне бару болғанымен, уақыттың тығыздығына байланысты мүлде қолым тимеді. Бірақ, бұйырса оқуға түсіп кетсем, міндетті түрде қонақ болып барамын. Айтпақшы, "Мақсатыңа Массагетпен бірге жет" байқауының "Томирис" тобының жетекшісі Қарлыға Бүйенбаймен кездесудің сәті түсіп, шамамен екі жыл армандаған ойымыз іске асты.

Сонымен қатар, форумда Аят Асқарбекұлы, Сағыныш Тасболат деген «Хан Тенгри» тобының  қатысушыларын кездестірдім. Аят та мектеп бітірді, ал Сағыныш ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің 2-курс студенті.

Баршаңызға белгілі Ақмарал Каналмен ғалымдар үйіндегі бір бөлмеде болу бақыты бұйырды.

Осындай дос десем қате болар, туыс болып кеткен жандарды кездестірге Массагетке алғысым шексіз. Ал қалған балалармен WhatsApp желісінде өте жақсы араласамыз. Алдағы уақытта бас қосу ниетіміз де бар.

«Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» деп Қасым Аманжолов айтқандай, өз жайымды ғана емес, «Massaget.kz» порталының ұжымын жақында ғана иеленген «Үркердің» үкілі марапатымен шын жүректен құттықтаймын! Өрлей беріңіздер!

P.S. Енді менің блогтарымды асыға күтесіздер деген ойдамын. Оқыған кітаптарым жайлы рецензия, өзекті тақырыптарды қамтып жазып, сіздердің көңілдеріңізден шығуға тырысамын.