"Терракот әскері" Әлемнің сегізінші кереметі
блог
"Терракот әскері" Әлемнің сегізінші кереметі ретінде танымал болып келеді. Шынымен де бұндай жаратылыс сирек кездесетін көріністердің бірі. "Терракот әскері" - Сиань қаласындағы Цинь Шихуанди императорының кесенесі жанында сақталған 8099 қытай жауынгерінің және олардың аттарынан құралған қорым. Бұл мүсіндер 1974 жылы табылған еді. Оны жергілікті шаруалар артезиан шұңғымасын қазғанда тапқан еді. Тарихи деректер бойынша, Цинь Шихуанди таққа отырғаннан кейін б.з.д. 246 жылы өзінің мазарын сала бастады. Оның ойынша бұл мүсіндер оған келесі өмірде серік болып жүруі тиіс. Бұл мүсіндер император мазарының шығысында орналасқан және сапқа тізіліп орналасқан. "Терракот әскері" музей көрмесіне кірісімен Цинь Шуаханди императорының биографиясымен таныстық. Қытайды біріктіріп, Ұлы Қытай Қорғанын бір-бірімен байланыстырған император болды. Цинь Шуаханди мазарының салынуы 38 жылға созылған екен. Көрменің ішіне кіре бастағаннан кейін сол кездегі қолданылған заттармен танысқан болатынбыз. Әртүрлі сақиналар, аттың алтын бас әшекейі, сонымен қатар алтыннан және күмістен жасалған арба бөлшектері бірден көзге түсті. Бұның бәрі бізге сол кезеңде өмір сүрген адамдардың колөнершілік кәсібі дамығандығын көрсетеді. Сонымен қатар көрмеде төрт адамның мүсіні тұрды. Оның ішінде император мүсіні де болды. Әр жауынгердің жеке мүсінінің кескіні, бет келбеті бір-біріне ұқсамайтындай етіп жасалынған. Олар белгілі бір қалпымен тұрғызылған. Бірақ, бәріне бірдей болған белгі - олар қолдарында қару-жарақ ұстап отырғандай көрініс. Сонымен қатар, сол кезде қолданылған құмыралардың қару-жарақтардың мүсіндері де болды. Тіпті жауынгерлер киімдерінде болатын түймелерге дейін. Қоса айтып кетсем, жауынгерлердің қорғанысы үшін киелетін киімі темірден жасалынды. Әрине, бұл көрмеде болған мүсіндердің, қару-жарақтардың түрлері түгел емес. Оның барлығы Қытай музейінде орналасқан. Бірақ, бұндай көрменің Астана қаласында өткені керемет емес пе?