Ауылым баға жетпес байлығым...

Ауылым баға жетпес байлығым...
жеке
блог

    Міне бүгінде ер жетіп ауылдан ұшқаныма көп жылдар өтті.Мамыражай ауылдың исі кетіп,тек сағыныштар ғана көз алдыма еріксіз келеді.Уайым қайғыны білмейтін бала кезіміз,недеген жақсы кездер еді.Далаға шықсақ бітті,үйді кешке ғана тауып,зорға кіретін кездер,балғын балалық шақтың ұмытылмас естелігі екенін кім білген.Ойынның түбін түсіріп қуаласпақ,тығылмақ,доп теуіп,үйшік-үйшік ойнап,мұғалім болып киініп алып,айнаның алдында тұрып сабақ беріп,жүргізуші болып жаңалықтар оқып, одан қалса,шомылуға таласа-тармаса жетіп,қырқаның желімен жарыса үйге келетін кездер.Қыз баласы болсамда асық ойнағанды жаным сүйетін, ұлдармен таласып жүріп асық ұтатынмын,одан не керек көшенің шаңын шығарып,көршінің үйіне ұрланып кіріп алмұрт жеп ,ұсталып ,қашып қызыққа тоймай жүріп өсіп кеткенімізді де, міне байқамай қалдық. Ауылдың кереметін айтсақ таусылмайды ғой.Жайлауға барып қымыз,саумал ішіп,апаларымыздың майдай құртын жеп, таудың төбесіне шығып,қына шөбін теріп,тырнағымызды бояу үшін, әуреге түсетін едік қой.Таудың басындағы рауғашты жеу үшін жарысып,төмен қарай асығып түскендегі желдің беті, мына өмірдің бар қиындығын ұмыттырып, бір сергітіп тастайтын,одан келе аузыңнан дәмі кетпейтін қойқарақатты теріп алып, жаймен күбірлесіп,бірде күліп,бірде ойнап киіз үйгеде келіп жететінбіз.Кешке қарай маңыраған қой,кісінеген жылқы,шулаған балалар,үрген ит,ызыңдаған маса,ауылдың кешкі тымырсыған қызықты сәті.

      Осылай ауылдың кереметі жалғасын тауып өз кезегімен өте береді.Жаныңа жайлылық сыйлайтын,миыңды сергітіп,тыныштандыратын,туған жерімізге жететін нәрсе жоқ.Әркімнің туған жері,кіндік қаны тамған киелі мекені,сөзбен жеткізе алмайтын ыстық сезімі бар.Міне бүгінде ауылға деген сағыныш менің ішімді тырналап,алып күш,ауылға тартуда.Ең алғаш ауылдан кетерімде қатты қобалжып, қимастық сезіммен,көкірегіме өксік толып,көзден бір тамшы жас еріксіз сырғып түскен еді.Араға төрт-бес ай ,салып қаланың тымырсық тірлігінен,қыз-қыз қайнап жатқан абыр-сабырынан, ауылға жол тартқандағы менің сезімімді жеткізу, ол мүмкін емес еді.Туған жеріме кіргендегі менің қуанышым,салқын жел бетімнен ойнақтап келіп сүйгендегі ерекше тебіренген күйім,таза ауамен бірге елітіп жарылып кетерге шақ қалып отырған жүрегім,барлығы ауылға деген сағыныш күйі еді .Туған жеріммен, менің арамдағы өшпес бір жалынды сезім,оны сезінудің өзі бір бақыт.Менің туып өскен жерім,шұрайлы өлкем,қасиетті топырағым.Хәнтәңірі етегі,Райымбектей батыр-бабалар мекені,Мұқағали атамдай ұлы ақындар өсіп-өнген,таулы өлкені мекен еткен, ұлы жүздің ұрпағымын.Қайнар атты қасиетті,суы мөлдір,гүлге оранған ауылда дүниеге келгем.Біздің ауылдың тарихы өте тереңде жатыр. Талды-Қайнар деп,аталатын киеліде қасиетті жер бар,осы жерден киелі бұлақ пайда болып сай-салаға бөлінген.Талдардың өзінің қасиеті өте ерекше,бір бұтағының өзін кескен,сындырған адам ауру болып,жаман жағдайларға душар болған.Ерекше жерге ырымдап халқымыз тиын тастап,ақ тілектерін ақ матамен талға байлап кетеді. Суы мөлдір, жанға шипа емі ерекше,топырағы дәмді,әрі қасиетті.Мен қаладан келгенде,бірінші аңсарым ауып жүгіретін ерекше жер,осы қасиетті қайнар бұлағым, суы тастай,шөліңді басып,жаныңа қуат береді,топырағы майдай,исі мұрныңнан кетпейді.Ал екінші баратын жерім шөбі шүйгін, таза ауасы аңқыған,шегірткедей тіршілік иелері шырылдап, желдері жарысып, бетіңе бірінен соң,бірі келіп ойнақтайды, ол менің қыр бойына жайылып жатқан қырқам.Әр қыраттың төбесі таулар мен жайылымдарға ұласқан әсем табиғат,арғы төбе, Тоғызбұлақ пен Тұздыкөл,бергі төбе ,Лабасы және Төте ,оған ұласып жатқан сан алуан таулы аймақтар.Жайлаудың өзі бір төбе,сан алуан табиғаттың ерекше әсемдігін,жақсы демалыс орнын, шет елге шықпай ақ,менің әсем туған өлкемнің, жайлауларынан көре аласыз. Міне,менің мақтан тұтар,ешнәрсемен бағаланбас,асыл байлығым,туған жерім.Мен жазып бітіре алмаған,өлкемнің сұлулығын, сырлары мен құпияға толы тарихын, білгіңіз келсе,менің ауылыма келіңіздер...Менің ауылға деген сағыныш хатым осымен аяқталды...Ауылым ол менің баға жетпес байлығым...

                                                 Авторы:Асқар Жұлдыз