Желі тұрған оңынан... (Байқау)

Желі тұрған оңынан... (Байқау)
жеке
блог

Сәлем, қымбатты массагеттік достарым! Мен Нышан Айдана Тілеужанқызы Жамбыл облысы, Меркі ауданының тумасы және «Массагетпен мақсатыңа жет!» атты жобаның қатысушысы боламын. Қазіргі уақытта 10-сыныпты аяқтап, үлкен өмірге қадам басар жолдың алғы шебінде тұрған сыныптың түлегі атанбақпын. Дәл осы жоба арқылы «МАССАГЕТ» порталындағы өзімнің тұңғыш блогымды назарларыңызға ұсынбақпын! 

Әр адам қандай да бір қағида жолымен жүріп, соны төңіректейді. Мені өмірге құштар ететін өмірлік ұстанымым Ә.Тәжібаев атамыздың: 

Өзіңе сен, өзіңнің күшіңе сен, 

Қос қолыңмен істелген ісіңе сен. 

Алысың да сыйлайды, жақының да, 

Өзіңді өзің төменге түсірмесең, - атты қанатсызға қанат бітірер қанатты сөздері. Арманға деген алып ұшқан көңіл, мақсатқа деген я ұзақ, я қысқалығы белгісіз шұбар-ала жолдың меселін басатын дерексіз зат есім - өзіңе деген СЕНІМ! 

Өмірімде ерекше орын алатын, өзім үлгі тұтып, еліктейтін тұлғам – менің анам. Ол кісінің қайсарлығы, батылдығы, табандылығы, өмірге деген ыждаһатты көзқарасы - менің әлемімде тайға басқан таңбадай сақталатын өнеге. 

Әр түрлі тақырыптарға қаламымның сиясын құртып эссе жазу, сазды әуенмен тербеле музыка тыңдау – хоббиім. 

Бос уақытымда сүйіп шұғылданатын ісім – кітап оқу. Бұл қатарды асханада кондитерлік тағамдар пісіру, табиғат аясында серуендеу арқылы бос уақытымды өткізу тәсілдерім толықтыра алады. 

Байқау туралы күні кеше ғана біліп, «уақытын өткізіп алдым, әттеген-ай» деп күйініп отырсам да, ұйымдастырушымен тілдесіп, байқаудың енді басталатыны жөнінде білдім. Сол сәттегі қуанышым шексіз еді. Бұл байқау арқылы мен өзімді жегідей жеп жүрген жалқаулықтан құтылып, мақсатыма талмай қанат қағатыныма сенемін. 

«Массагет» порталы еліміздегі ең ауқымды жастар порталы болып табылатынын бәріміз білеміз. Google – дан әлденені іздеп қалсам, массагеттің материалдары алдымнан шыға келіп, көп көмегін тигізгені де рас. 

Баланың әр түрлі гаджеттер мен виртуалды әлемнен басын көтере алмайтын деңгейге жеткізетін уақыт – демалыста өткен бос уақыт. Еліміздегі ең ауқымды портал ұйымдастырып жатқан жоба - ең ауқымды заманауи проблемалардың бірі – жасөспірімдердің уақытын бос өткізуі,соның ішінде, ғаламтордың торына түсуіне қарсы қалқан болатын игі бастама. Сондай-ақ, арманына мән беріп, алға қойған мақсаттарына жетуге ұмтылып жүрген жандар үшін таптырмас орта ошағы да – « Массагетпен мақсатыңа жет». Жетекшілермен жұмыс жасау, басқа топтардан артта қалып қоймас үшін намысқа тырысып, талмай еңбектену – оқушыларды жаңа заманның жаңашыл талаптарының бірегейі – бәсекеге қабілеттілікке даярлайды. 

Бұл жоба адамның көкірегіндегі арман атаулының өмірлік мақсатқа айналуына жол ашады деп сенемін. 

Біздің жетекшіміздің бізге берген рухани демеуімен және тобымыздың ауызбіршілігімен «АРША» тобы жеңіс тұғырынан үмітті. Баршаңызға сәттілік!