Жанұямыздағы жаңа дәуір

Жанұямыздағы жаңа дәуір
жеке
блог

Балаларды үйге алып келген уақыттан бастап, жанұямызда жаңа дәуір басталды. Қалыптасқан тәртіпті бұзбай, жаңа жандарды қабылдау үйдегі балаларға біраз өзгерістер әкелді. Әрине, басында өзіміз шешім қабылдамас бұрын баларымызға өз ойымызды айтып, түсіндіріп олармен кеңескен болатынбыз. Әкелерінің сөздерін екі етпейтін балалардың үлкендері қуана келіскен болса, кішілері оларға қарап "солай болу керек" екен деп мәз бола берді.

Өмір тек армандар мен мерекеден тұрмайтыны белгілі. Енді күнделікті күйбің тіршілік басталып, балалардың қылықтары мен мінездерін тану кезеңі келді.
Бірінші күні келген балалар, кішкене бойлары үйренген соң, үйді "көшіріп" жіберді. Әсіресе, ең кіші төрт жасар Керім (біз оған осылай деп жаңа ат қойдық ). Айқайлап өз айтқанына көндіріп бақты. Болмаса еденге жата қалып, жер тепкіледі. Дастарxан басында жанына, қалтасына кәмпит пен печеньені үйіп алып қолымен басып отырды. Аузына тамақтарды барынша көбірек тығуға тырысты. Қызымыз Карина еріксіз өзінен-өзі тырқылдап күле береді. Тимур жануарлардың дауысын салып, қатты дауыстап сөйлейді. Еркін мен Рамазан көздері жыпылықтап,жалтақ-жалтақ етеді. Бірнеше күн бізге тамақ батпады.
Тікемізден тік тұрып олар тамақтанып болғанша отырмадық. Жатар уақытта Керім өзіне ұнаған ойыншықты қайда тығарын білмеді. Біресе терезе перденің артына, біресе паластың астына, енді барып диванның артына жасырды. "қорықпа, ойыншығыңа ешкім тимейді" десекте "жоқ, ұрлап кетеді" деп ақыры ең биік шкафтың үстіне қойғызып қойды. 
Карина келіп есіктің артынан ақырын сығалап, күле береді. Не айтсаңда "қоя ғой" десеңде күле берді. "Олай етуге болмайды" дедің бітті ұзақ та өксіген жылау басталады. Бірнеше күннен кейін жолдасым молдалығына басып, екеуіне бірнеше күн кезек-кезек дұға оқып дем салды. Оны білмеген үлкен балалар "ой, Карина и Керім чето спокойные стали" дегенде іштей "уффф" дедім.
Ертең ерте төсектерін жинап жүріп еріксіз көзіме жас келеді. Жастықтарының астында,көрпенің арасында қатқан нан, кәмпит, печенье, ойыншықтар....