Өзіңізді қаншалықты танисыз?

Өзіңізді қаншалықты танисыз?
жеке
блог

              Өмірде өзін-өзі тану деген ұғым бар. Мектеп қабырғасында оқып жүрген уақытта да "Өзін-өзі тану" деген арнайы  пән болушы еді ғой. Естеріңізде ме?

             Қаланың қарбалас тіршілігі әсер етті ме, жоқ әлде есейдім бе , білмеймін, әйтеуір қазіргі кезде  өмірімдегі кей жағдайларға ерекше мән беріп, ал кейбіреуіне мүлдем назар аудармауды үйреніп келе жатқандаймын.  Ақпараттың заманында телефонға телміріп уақыт өткізгенімізге мәзбіз. Ал «уақыт» дейтін  ұстатпайтын,   қолға түспейтін құндылықтың бос өтіп жатқанын аңғармаймыз да.

           Есейе келе, өзіннің жасаған іс-әрекетіңнен, жұмысыңнан , тіпті оқыған кітабыңнан, сөйлеген сөзіңе  дейін ерекше мән- мағына тауып  тұратын сәттер сіздерде де бола ма?

Ал менде дәл қазір басымда осындай ойлардың шырмауы басым....Сансыз сұраққа жауап іздейтіндеймін. Бұрынғы  мен үшін «маңызды» болған жағдайлардың қазіргі таңда «аса маңызсыз»  бола бастағанына таңмын.

        Уақыт дегеніміз құдіретті  ғой, тірі атаулыға жеткізбейтін тұлпар болса, өткен-кеткенді ұмыттырып, дертке дауа бола алатындығын да жоққа шығармаспын.

        Яғни, бір сөзбен жазар болсам, ғұмырымның өзім үшін дәл қалыптасатын, маңызға ие тұсында тұрғандай болып, ертеңге еш бұрылыс жасамай, күніне мың өзгеріс пен өзгешелікті қалап тұратын болыппын. Келер жылдарда қарама қарсы айнадан қазіргіден әлдеқайда  өскен, ысылған,  дамыған адамды көргім келгендіктен шығар, бәлкім......

          Бұл да есейгеннің белгісі шығар?!

Ал сіз өзіңізді қаншалықты танисыз?