ЕЛТАҢБА МЕН ЕГЕМЕНДІК – ЕГІЗ ҰҒЫМ
жеке
блог

ЕЛТАҢБА МЕН ЕГЕМЕНДІК – ЕГІЗ ҰҒЫМ

Бала кезден аты-жөнін әр қыркүйекте оқуға келгеннен қайталап, ұмытпайтын тұлғаларымыз бар. Мемлекеттік рәміздеріміздің авторларын жатқа айтқанда бірінші болып аты айтылатын адам – Жандарбек Мәлібеков. Өзгеге ұқсамайтын өзімізге ғана тән елтаңбаны жасаған ел ағасы биыл  мерейлі 75 жасқа қадам басты. Ал елдігіміздің, ұлтымыздың белгісіндей болған мемлекеттік рәмізімізге биыл 25 жыл толып отыр. Егеменді Қазақстанды жер жиһанға тәуелсіз мемлекет ретінде танытуда мемлекеттік рәміздеріміздің айтарлықтай үлесі бар. Мемлекеттік рәміз ұлттың болмысын, ерекшелігін білдіреді емес пе? Дүлдүлі қасиетті киіз үйдің ішінде қанатын жайып, маңдайдағы жұлдызы жарқыраған күнінен бастап елтаңбамыз тарихта өз орын тапты.  Осы игі ісімен исі қазаққа танылған Жандарбек Мәлібекұлы  бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде шәкірт тәрбиелеуде.

 Елдің айнасы есептелетін мемлекеттік рәміздер үнемі жоғары деңгейде қастерленуі тиіс. Әлемдік аренада мемлекеттің атымен жұп есептелетін рәміздердің сапасы да сай болғаны керек. Осы орайда 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап елтаңбаны жасауда жаңа техникалық стандарттар қабылданған болатын. Сәулетшінің 7 жылдық еңбегі  - елтаңбаның жаңа технологиялық стандарттарға сай үлгісі  университетте ұйымдастырылған қоғам қайраткерінің 75 жылдық мерейтойына арналған конференцияда таныстырылған болатын. Енді елтаңбаның әр деталінің аты бар, бекітілген сипаттамаға ие. Қажырлы еңбек арқасында  елтаңбамыз жаңа стандарттар негізінде қолмен емес, арнайы 3D форматта жасалатын болады.

   Жандарбек Мәлібековтың өзге сәулетшілерден бір ерекшелігі – оның қазақы болмысы. Әр өнер туындысында қазақ еліне қатысты бір нышанды байқайсыз. Толағай төзім мен қажымас қайраттың арқасында жасалған елтаңба да осыған дәлел. Бар қазақты бір ортаға біріктірген шаңырақ – бейбітшілік пен татулықтың нышанындай, елтаңбаның тірегіндей. Ал уық күннің таралған шапағындай. Қанатты пырақ бүгінде болашақтың белестерін бағындыруға кіріскен Қазақстанды көрсеткендей.

  Әрбір тарихи туындыны жасауға жанкештілік керек. Жандарбек Мәлібеков те елтаңбаны жасауда аз тер төккен жоқ. Туған жеріне деген ыстық ықыласы мен өлшеусіз махаббаты авторды ел асырып атамекенге әкелді. Жайлы, жақсы өмірден  қызығы мен шыжығы мол Алматыға келді. Елтаңбаны қабылдауда қиындықтар мен қыспақтарға, кекетуге тап болса да, жүздеген жұмыс ішінен оқ бойы озып шығып, тәуелсіз Қазақстанның тұғыры – елтаңбасының авторы атанды.

 Рухани жаңғыру – ұлт үшін ұлы серпіліс болғалы тұр. Осы орайда тарихи  тірегінен ажырамай, жаһандық дамуға ілесу қазақстандықтар алдындағы бір белес.  Жандарбек Мәлібеков сынды әр туындысына ұлттық ерекшелікті сіңіре отырып жасауы, қазақы болмысымен бар туындысына әр беруі – әр сала маманына үлгі болар қасиет деп ойлаймын.

Ғұмырының жартысын сәулет өнеріне арнаған қайраткер қазақ үшін талай дүние жасады. Қаланың гүлденуіне өз үлесін қосты. Тек қана Қазақстанның ғана емес, көршілес Өзбекстан еліне де өз пайдасын тигізді, ғимараттарының тарихында таңбасын қалдыра білді.  Ел үшін атқарған еңбегі мен жасаған жұмыстары халық тарапынан ықыласқа бөленген, тарихқа аты алтын әріппен жазылатын Жандарбек Мәлібековке мықты денсаулық, ұзақ өмір және шығармашылық табыстар тілей отырып,  мерейтойымен құттықтаймын.