Асанәлі Әшімов 80 жас мерейтойын атап өтті

Асанәлі Әшімов 80 жас мерейтойын атап өтті
жеке
блог

Асанәлі Әшімов кеңестік және қазақстандық кино және театр актері, режиссер, театр педагогі, профессор. Халық әртісінің мерекелік кешіне еліміздің ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған зиялы қауым өкілдері жиналды. Алғашқы салтанатты мереке Асанәлі ағамыз көркемдік жетекшісі саналатын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өтті.

плакат асанәлі әшімов

Кешкі уақытта басталған жиынға келгендердің қарасы көп болды. Тіпті, сәл ғана кешігіп ішке кіре алмай сыртқа күткендер де көп болды. Мен бұл кештен ерекше әсер алып қайттым, өйткені өнер адамдарының бас қосқан ортасында керемет әсер алып қайтпау мүмкін емес те шығар. Асанәлі Әшімұлының туған күніне орай сонау Әзірбайжан елшілігінен келген елеулі азаматтар кеш қонағы болып, күн шуақты мемлекетте тегін демалуға мүмкіндік берді. Одан өзге, еліміздің қорғаныс министрлігінің ардагерлері де қатарластарын мерейтойын құттықтауға келіп, арнайы "Қазақстанның Барлау ісіне қосқан үлесі үшін" орденімен марапаттады. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек бастап келген депутаттар мен мемлекеттік қызметкерлер де ақ лебіздерін білдіріп, құттықтау хаттарын табыстады.

орден табыстау

Ең кереметі Асанәлі атамыздың қоңыр даусымен оқыған "Дүние жалған" атты монологы болатын. Қазақ театры мен кино өнерінің ізін салып кеткен асқақ таудың биігіндей ғажайып адамдарды еске салды. Одан өзге, көрерменге ерекше әсер еткен әкесіне арнап өлең оқып, "ең асыл жан" деп ән салған кіші ұлының өнері еді. Әлбетте, баланың сөзі бал демекші, өнердің де отбасысының да тірігі саналатын Асанәлі Әшімовтың баласының маңдайынан иіскеп, кең құшағын ашқаны қандай ғажап шіркін. Сонымен қатар, Асанәлі Әшімовтың Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында білім алып жүрген және өнер әлеміне енді қадам басып келе жатқан жас шәкірттерінің ұстазына арнап қойған өнер көрсеткен болатын.

Кеш барысында актердің сомдаған рөлдерін еске алып, сахнада жиі сомдалған әрі оның өміріне сәйкес келетін "Донжуан" қойылымын елімізге танымал актерлердің орындауында тамашалаған болатынбыз. Осы рөлге қатысты Қазақстан Республикасының халық әртісі 90 жасты еңселеп қалған Сәбит Оразбаев болса, Ресейлік режиссерлердің "Асанәлі сымбаты мен ақылы келіскен азамат, ол талай қыздың арманы екені анық. Ол нағыз Донжуан" - деген сөздерін айтып, актердің жастық шағын көз алдымызға келтірді.

плакат асанәлі әшімов

Әлбетте, кеш елінің сыйлы азаматы, халықының сүйікті ұлы Асанәлі Әшімовтың жастарға берген өсиет сөзімен аяқталды. Жалпы, кештен ғажайып әсерге бөленіп шықтым. Құдды бір өзге әлемге тап болғандай, өнердің қасиеттілігін сезініп қайттым. Фаеде орналасқан актер өмірінің жарқын сәттерінен фото естеліктер мен картиналар, қойылымдары және фильмдері, марапаттары әрі тұтынған заттары, үздік образдары келген қонақтардың назарын өзіне аударып алды.  

Өнері өмірінің өрнегіне айналған ұлы тұлғаның ерен еңбектері мәңгі ел жадында сақталмақ. Ұзақ ғұмыр кешуін тілей отыра, қазақ өнерінің дамуына әлі үлес қосатынына үлкен сенім білдереміз. Жасы сексенге келсе де, көңілі балаша жас актердің қолдаушылары да аз емес, сондықтан қазақтың, әлемнің Асанәләсә мәңгі жасасын!