Дертке айналған дәстүр...

Дертке айналған дәстүр...
жеке
блог

«Қыз алып қашу» дәстүрі осы күнге дейін талай ғашықтардың қосылуына сеп болғаны рас. Дегенмен, дәстүрді бұрмалап, қазақ салтының атын жамылып жабайылыққа жол беріп жүргендер баршылық. Сөз жоқ, адам баласы «үш күннен кейін тозаққа да үйренеді». Бірақ солай екен деп азаматты еркінен айырып, бас бостандығына шабуыл жасау дұрыс па, бұрыс па? Ал әлі күнге салтты «сақтап» жүрген Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі облыста «қыз алып қашуға қатысты арнайы статистика жүргізілмейтінін, бірақ мұндай жағдайлар азайғанын» айтқан болатын. Дегенмен, БҰҰ-ның жасаған арнайы зерттеуі бойынша, Орталық Азия елдеріндегі ауылдық жерде тіркелген некелердің 80 %-ы қалыңдық ұрлау арқылы қиылады екен...

Елімізде бұл дәстүрді қос қолдап қолдайтындар да, өре түрегеле қарсы шығатындар да табылып жатады. Осы тұрғыда мамандар мен кейіпкерлердің пікірін анықтап білген едім.

«Қол ұстасып жүргенімізге 3 жылдың жүзі болған, әне-міне үйленеміз деп жүрген сүйген қызымды көрші ауылдың жігіті сырттай ұнатып, алып қашып кеткен еді. Бұл ісі  дұрыс емес, әрине. Сол күні-ақ қызым амалын тауып маған хабарласты. Өзі айтқанға дейін бейхабар едім. Оқиғаны жылап тұрып баяндағанда, тіпті, шыдамай кеттім де дереу жолға шықтым. Бар ойым махаббатымды сақтап қалу, басқа ештеңе ойламадым. Тойды бастап кеткен үйге барып, бұзып-жарып жүріп қызымды жетектеп алып кеттім. Көлігіммен шыға бергенде жолға аяғы ауыр келіншектерді бөгет ретінде қойып та қойды. Оған қарап жатқан мен жоқ. Көлікті бар жылдамдықпен айдай отырып сол күйі үйге әкелдім қазіргі келіншегімді. Ата-анам аң-таң. Оларға жағдайды түсіндірдім барынша. Қазір бақыттымыз,шүкір. Адам махаббаты үшін күресе білуі керек деп ойлаймын. «Ғашықтарға ешқашан да қиянат жасамаңдар» дегім келеді жігіттерге» деп сөзін аяқтады Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Жасұлан.

Мадияр, 21 жаста: Қыз алып қашуға қарсымын. Қазіргі заманға сай келмейтін салт бұл. Алып қашты делік, танымайтын адаммен ары қарай қалай ғұмыр кешесің? Сондықтан, сүйген жаныңмен шаңырақ көтерген дұрыс қой.

Көркем, 19 жаста: Осыдан бір жыл бұрын қазіргі күйеуім, бұрынғы көршім алып қашты. Арада ешқандай келісім де, сезім де болған емес. Дос ретінде араласатынбыз. Бір күні кешке жатақханамның алдына келіп, кездесуге шығуымды өтінді. Ойымда ештеңе жоқ, сәнденіп шықтым. Жай қыдыртқысы келген болар деп ойлағам. Әрі досым болғандықтан сенген едім. Аяғы осылай болды. Қазір бір баланың анасымын. Өте бақыттымыз! Сол күні кездесуге шыққаныма еш өкінбеймін.

Бекен Нұрбай: Алып қашу дегеннің өзі көнеден келе жатқан дәстүр. Шыңғыс ханның әкесі Есугейдің өзі әйелі Оэлунды алып қашқан. Талайымыз тоқалдан, алып қашқандардан туған ұрпақ екенімізді ешкім жоққа шығара алмайды. Дегенмен, алып қашудың философиялық мәнін түсінуіміз керек. Қызды қандай жағдайда алып қашуға болады? Бір аңыз бойынша, Лақай батыр Қызылбастардың ханының қызын ұнатып қалады. Қыз да кетары емес. Бірақ хан қамауындағы тұтқын Лақайға қызын бергісі келмейді. Содан Лақай қызды алып қашқан. Ең бастысы, қыздың келісімі. Ал кейін ата-анасы батасын бере жатар. Бірақ құда түсіп алған дұрыс. Егер көнбей жатса, алып қашуға болады деп ойлаймын. Ең бастысы, әдемі алып қашу.

Жанерке, 24 жаста: Қыз келіссе әбден болады алып қашуға. Ал танымайтын, бұрын соңды көрмеген қызды алып қашуға түбегейлі қарсымын. Кім біледі, мүмкін соңы қайғылы оқиғамен аяқталар...

Абдусабыр, 27 жаста: «Қыз алып қашу» дәстүрі қазақ қоғамында танымайтын адамдар арасында құда түсу кезеңінде орын алған. «Көріп алған көріктіден, көрмей аллған текті артық» деген қағиданы ұстанған, әрі соғыстан көз ашпай, ұрын барып, «қалыңдық ойнап» жүретін мұршасы да болмаған кезде кең таралған дәстүр. Әсіресе, біреуге тоқал қылып, не жасы келгендерге үшінші, төртінші әйел қылып қосқысы келгендерге қарсылық болатын. Ол-қыздың «қашып кету», ал жігіттің «алып қашу» дәстүрі еді. Бұл ерікті түрде жүзеге асатын «операция», яғни атастырылған жігітке көңілі толмаған қыз өзінің «Ақсүйек» ойнаған, бала күннен бірге өскен не тағы басқа себеппен ұнатқан, сүйген жігітімен бірге өз еркімен қашады. Яғни, қыз бен жігіттің өз махаббаттары үшін күресе алатындығын, тіпті сол үшін өлімге де бас тіге алатындығын білдіретін еркіндік пен батылдықты паш ететін керемет дәстүр еді. Ал біз оның тонын теріс айналдырып, жабайылықтың нысанына айналдырып жібердік. Содан кейінгі мәселе, атастырылған жақ пен билердің келіссөзі, берілген қалыңмалдың өтеуі, ат-тон айыбы деген сияқтылар болатын. Бірақ «қашып кеткен» қызды атастырған жаққа қайтадан қоспаған. Өзіміздің жыр поэмаларымызды ақтарып көріңіз. Еңлік пен Кебекті, Қалқаман мен Мамырды парақтап көріңіз, «қызды еңіретіп тұрып алып қашып еді» дегенді көресіз бе? Жоқ, керісінше, қыздың өзі қашып кететін, сол дәуірдегі жанұя құру жүйесіне ашық қарсылық білдіру болатын...

Бұл дәстүрдің арқасында өз бақытын тауып отырғандар да бар. Салтымыз ажырасу мен адам өліміне себеп болып отырғаны да жасырын емес. Көршіміз Қырғыз елінде алып қашу құрбаны өз-өзіне қол жұмсағаны жайлы КТК телеарнасында айтылған болатын. Әлемде 7 миллиард адам болса, 7 миллиард тағдыр, 7 миллиард пікір бар. Бүгінгі заманның қазақ жастары, әсіресе, жігіттер қауымы мұндай «қылмысқа» қарсы болып отыр. Әрине, екі жақтың келісімімен орындалса, әңгіме басқа. Бар кінәні жігіттерге артып қою да жөн емес. Өйткені, қылмыстың құрбаны болып отырған қыз қазақ менталитетіне сай ата-анасының «абыройын» ойлап, сол шаңырақта қалып қойып жатады. Әрі қарай бақытты болып кете ме, жоқ па ол да белгісіз, яғни, қыз өз тағдырын тәлкекке өзі салып отыр. Қыздарға «бұл біздің ата дәстүріміз» деп сендіріп тастағаны сондай, қыздың не өзі, не туысқаны тиісті органдарға хабарламайды. Заң бойынша, қыз алып қашу-қылмыс. Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 125-бабы бойынша адам ұрлаумен теңестіріледі. Адам ұрлаушы 4 жылдан 7 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. «Қыз алып қашу» негізінен, осы баптың 2-бөлігінің «а» тармағында көрсетілгендей, «алдын-ала сөз байласқан адамдар тобымен» жасалады. Мысалы, бұл топта қызды ұрлауға қатысқан жігіттің ағасы, жолдастары, тіпті, әкесі де болуы мүмкін. Олардың бәрі қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұдан бөлек, адамның бостандығы мен құқығына қол сұғуға шариғатта да тиым салынған. «Қызды ешкім мәжбүрлеп бере алмайды. Неке мәселесінде қыздың өзі шешім қабылдайды. Тіпті, әкесі де еріксіз тұрмысқа бере алмайды. Ибн Аббас (р.а): «Бір қыз Алла елшісіне (с.ғ.с.) келіп әкесі еркінен тыс тұрмысқа беріп жатқанын айтып шағымданады.Сонда пайғамбар (с.ғ.с) қызға өзіне таңдау жасауға рұқсат етеді. Бұл-адамның ар-намысын аяқ-асты ету және күнә іс,»-дейді дін қызметкерлері.

Қай жағынан алып қарасақ та, еріксіз «қыз алып қашу» ақылға сыймайтын іс. Айдың-күннің аманында өзі танымайтын біреудің әлпештеп отырған қызын жаудың қызындай ат артына отырғызып әкеткен мәдениетке жата ма? Үлкенді сыйлап, ақ шашты анаға қарсы келмейтін қыздың үйінен алған ибалы тәрбиесін пайдалану жеңгелер мен әжелерге абырой ма? Қызға өзі бір ауыз тіл қата алмай жүріп, мал әкелгендей матап әкелу жігіттерге мақтаныш па? Құранды қойып, «аттасаң, қарғаймын» деу шариғат па? Бұл «қылмысты» шариғат та, заң да қорғап бере алмайды...