Қазақ әлі де әлемді тамсандырады

Қазақ әлі де әлемді тамсандырады
жеке
блог

     Үш ай бойы Қытайда «I аm a singer» – «Мен әншімін» халықаралық ән байқауы өтті. Осы музыкалық шоу Hunan TV-да 2013 жылдан бері өткізіліп келеді, оның Қытайдағы рейтингі аса жоғары. Бүгінгі күні «I аm a singer» ән сайысы Канадада, Малайзияда, Сингапур мен Тайландта, Европа елдерінде көрсетіледі. Бұл керемет дүбірлі өнер жарысына біздің елімізден Димаш Құдайбергенов қатысып, қазіргі қазақ  эстрадалық өнері деңгейінің шырқау биікке көтерілгенін әлемге әйгілеп берді. Біздің әншімізден басқа бұл өнер бәсекесі жолына Қытайдың, Оңтүстік Кореяның, Малайзияның, Сингапурдың вокалшылары шықты.

     Франция территориясының 40 пайызын қамтитын,  рейтингі жоғары France 2 телеарнасы Димаш Кубайбергенов туралы арнайы репортаж түсірді, оның дауыс ерекшелігіне, дауыс мүмкіндігіне, сахналық мәдениетіне аса жоғары баға берді. Қытайдың Твиттері саналатын Weibo сайтында қазірдің өзінде оның 3 миллиондай жазылманы бар, ал қытай әлеуметтік желілеріндегі көрілімі 1,5 миллардқа жетті. Бұдан қандай ой түюге болады? Ең алдымен миллардтаған аудиторияны рахатқа бөлеген айрықша өнер бағаланды, бітімі бөлек дарынға лайықты баға берілді, қазақ эстрада әншілік мектебінің өкілі екінші орынды жөнімен иеленді. Бұдан кейін айтарымыз, гедонистік шырайы бар өнердің әсері мен пәрмені қазақ әдебиетінің үздік туындысы – «Абай жолына» қытай оқырмандарының ден қоюына, М.О, Әуезов эпопеясының кеңінен тарауына жол ашты. Бұл да –  әншінің ұлттық талғамының, ауызша айтылған жарнамалық лебіздің жемісі.  Одан соң атап көрсетеріміз, жеке таланттың арқасында қазақ деген ұлтты әлем жаңа қырынан тани бастады.

    Әрине, қазақ халқы әншіге де, күйшге де зәру емес. Е, Серкебаев, Б. Төлегенова, Р. Бағланова, Р. Рымбаева сынды аса көрнекті өнер қайраткерлерінің еңбегі бір төбе екені әмбеге аян. Бірақ бұл жердегі әңгіме гедонизм құбылысының нақты өнермен, ақпараттық технологиялармен жатырқамай табысуы, бөлекше синтезі туралы. Әлеуметтік желі, жоғары технология әлеуеті, біздіңше, табиғи дарынды тап осылай әрлемей, боямаламай көрсетсе ғана елді сендіре алады, жұртты ұйыта алады. Оның үстіне ақпарат арналарының да, әншінің рейтингі де шынайылылық, табиғилық өлшемімен кестеленуге тиіс.