Тіл тағдыры - ел тағдыры
жеке
блог

Тіл тағдыры - ел тағдыры


Өзге тілді ұлт мектептеріне қазақ тілін негізгі пәндердің бірі ретінде қою тілді дамытуға жасалған дұрыс қадамдардың бірі деп айтуыма болады.  Себебі, жоғарыда айтып кеткенімдей, өзін Қазақстанның азаматымын деп санайтын әрбір адам мемлекеттік тілді білуі шарт деп ойлаймын. Мен өзге тілді ұлт мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы саласында білім алып жүрмін және болашақта қазақ тілін дамыту мақсатында жұмыс жасағым  келетінін айтқым келеді. Тіл – адамдар арасындағы қарым-қатынастың аса маңызды құралы ғана емес,  ойлаудың, дүниетанымның, рухани мәдениетті жасаудың ұлттық ұжымдық тәрбиесін жинақтаудың, сақтаудың құралы. Жас ұрпақты тәрбиелеу, оларға ғылым мен білімді үйрету  тіл арқылы жүзеге асады. Мемлекеттік тілді оқыта отырып, жастардың бойына елдік сана сіңіріліп,  мемлекеттік рәміз, ұлттық діл, ұлттық болмыс туралы ақпараттар толық беріледі.
 
Біздің қазақ халқының тілі өте бай, айтылуға орамды, көркем тіл. Тіл-адамның барлық саналы өмірінің құралы: өнер-білімді, мәдениеттілікті, қоғамның белсенді азаматы болуды ол тіл арқылы үйренеді. Тіл оның ішінде біздің ана тілі еліміздегі халықтардың барлық іс-әрекетінің, қарым-қатынасының құралы болуы тиіс, оның мәдениетін жоғары сатыға көтеру әрбіріміздің борышымыз. Тіл байлығын игеру – ана тілін қадрлейтін, тіл мәдениетінің шыңына қол созатын адамның әрекеті. Ана тілін жақсы білу — әркімнің азаматтық борышы, қоғамда атқаратын қызметінің тірегі. Еліміздің тәуелсіз мемлекет болып, егемендік алуы тілі мен психологиясына оның өз мәнінде дамуына мүмкіндік берді. Бүгінгі күні мемлекеттік тілді қоғам өмірінің барлық саласына тереңдете енгізу мәселесі үлкен маңыз алып отыр. Соңғы кезде мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге, оның өркен жайып дамуына ықпал ететін басты-басты қадамдар жасалуда.
 
Тіл туралы заңның қабылданғаны, оның баптарының жүзеге асырылуының бағдарламаларының жасақталғаны, мемлекет басшысының тіл саясатында дұрыс бағыт ұстап, қолдау танытып отырғаны көпке мәлім. Аталған әрекеттердің бастауы мектептерде қазақ тілін оқып үйретуді дұрыс жолға қою болып табылатыны сөзсіз. Сол себепті басты жауапкершілік тіл мамандары біздерге жүктеліп отыр. Ата заңының баптарында сонымен қатар «Тіл саясатының тұжырымдамасы» мен «Тіл туралы Заңда» айтылған басты мәселе мемлекеттік қазақ тілін дамыту.


Қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы өз заманында: “Тіл байлығы – елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғамдық құрылысын, салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің, мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелі, мөлшері” — деп тайға таңба басқандай анық та айқын көрсетіп берген болатын.
 
Бұрынғы даналардан қалған: «Қанша тілді білсең, сонша мәдениеттісің, сонша байсың» деген сөз бар. Әрине, құптарға боларлық ой, бірақ, өзге тілді білемін деп жүргенде өз тілімізден көз жазып қалмайық! Қазақстандықтардың бәріне жуығы көпұлтты ортада өмірге келген. Қазақстанның көпұлтты болуы – ешкімнің қолдан жасаған әрекетінің нәтижесі емес, тарихи даму жолымен солай қалыптасты. Және бұл біздің еліміздің кемшілігі емес, басқалардан артықшылығы. Өйткені, көптүрлі мәдениеттің, діннің, дәстүрдің, білімнің, т.б. арасынан шыққан жақсылықтарды бойымызға сіңіре аламыз.
 
Тәуелсіздіктің негізгі  тірегі – ұлттың тілі, діні, ділі. Тәңірдің адам баласына жасаған  сыйы да  — тіл. Ол- қасиетті де қастерлі. Оның бойында өзекті, жанды өзіне тартып тұратын керемет күш бар. Тілде бүкіл тіршілік тұрғандай.  Тіл – ұлттың аса игілікті әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Тілдің тағдыры – баршамыздың қолымызда.

Тілді оқып-үйренуді барынша жоғары деңгейге көтеру қажет. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тіл туралы талап міндеттерінде «Қазақ  қазақпен қазақша сөйлессін» деген. Бұл әр қазақстандықтың қастерлі парызы.  Қазақ тілінің өз мәртебесіне  сай толыққанды қоғамдық қызмет атқаруы аса қанағаттанғысыз екенін, жан-тәнімізбен түсіне отырып,  бүгінде «Тіл туралы» заңның жүзеге асу барысын талқылауда басты назарды мемлекеттік тіл тағдырына  аударарымыз анық.  Өйткені қазақ тілі әлемдік мәдениеттің бөлінбес  бөлшегі ретінде  тек қазақ топырағында  ғана мемлекеттік мәртебені талап ете алады.

Тілдерді дамыту – елдердің мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыттарының бірі. Жалпы мемлекеттік тіл саясатын толыққанды жүзеге асыру бұл бұқаралық іске айналғанда ғана көздеген мақсатына жете алады. Тіліміз құрып кетті, құрдымға батып жатыр деп отыра бермей, оның маңызы мен мүмкіндіктерін жан-жақты ашып,  жұрттың оған деген сенімін нығайтуға  күш салғанымыз дұрыс.  Тілді насихаттауда,үйретуде жеке адамдардың, отбасының атқарар қызметін жан-жақты зерттеп, оны жүзеге асырудың озық әдістемесін жасауда да БАҚ-тың атқарар қызметі мол болуы тиіс.


 
Ең бастысы, қазір қазақстандықтар тарапынан  мемлекеттік тілді қолдау және дамыту  бағытында  барынша қолдау танытып отыр.  Бүгінгі күні  тілдерді дамыту жан жақты қарастырылуда.  Тіл тағдырына деген жеке адам ретінде жанашырлығымызбен  қамқорлығымыз артуда. Қазіргі таңда көптеген отбасылар балаларын қазақ тілінде оқытатын мектептерге ана тілін жетік меңгеру үшін беріп, оқытып жатқандары қуантарлық жағдай. Әрбір отбасында, осындай тілге деген жанашырлық болса, «тамшыдан тама-тама дария болар» дегендей, тіліміздің жағдайы әлдеқайда жоғары деңгейге көтерілер деген сенімдемін.