Қазақ футболының ахуалы
жеке
блог

Қазақ футболының ахуалы

Футбол. Жер жүзінде осынау спорт түріне қызықпайтын жан кемде-кем шығар. Ең көп жанкүйерлер қатары да аяқдоп өнерінің еншісінде. Төрткүл әлем көз тіккен футбол ойынының сиқыры адамзат баласын күн өткен сайын таңдандыруда. Өзге мемлекеттерде де осы спорт түріне көп көңіл бөлініп, оны дамыту жолдары жүзеге асырылып жатыр. Ал бізде ше? Бізде де мұндай үрдіс қолға алынғалы қашан? Әйтсе де, қазақ футболының бойына қан жүгірмей-ақ қойды. Аяқдоп өнерін  өркендету үшін түрлі амалдар жасалды, жасалып та жатыр. Қазақстандағы футболдың жай-күйі әлем елдерімен салыстыруға мүлдем келмейді. Испания, Германия, Италия, Бразилия, Англия, Португалия, Ресей сынды футболы қарқынды дамыған елдердің қасында қазақ футболы қашан қатар аталар екен? Көпшілікті өзбек ағайындылардың футболға деген құлшынысы, құштарлығы таңғалдырады. Футболдан Азия құрлығындағы ең үздік мемлекеттердің алдыңғы легінде. Журналист Амангелді Сейітханов ағамыз бір сөзінде: «Өзбектер Ташкент төрінде жүздеген жасанды алаң жасап тастапты. Жас жеткіншектер тегін тебеді допты. Содан кейін де Санжар Тұрсынов “Волгада”, Әділ Ахметов “Анжиде” ойнайды»,- деп Өзбекстан футболының биік деңгейге көтерілгенін жасырмады.

Тағы бір өзекті мәселе: ұлттық құрамадағы қазақтардың санын көбейту керек. Себебі, спорттың қандай түрінде болмасын жеңіске жету үшін ең алдымен, адам бойында ұлттық рух жоғары болуы тиіс, буырқанған намыс тыным бермеуі керек. Өкінішке қарай, Қазақстан ұлтық құрамасында өнер көрсететін ойыншылардың бойындағы басқа кемшіліктерін айтпағанда, әзірге осы қасиеттер кемшін түсіп жатқан сыңайлы. Шеттен келген келімсектерді емес, өз елінің мақтаулы футболшысына айналар жас қаракөз қазақтың балаларын құрамаға тарту керек. Бұл күндері шет елден келген спортшылар Қазақстан азаматтығын еш қиындықсыз алуда. Келімсектерді жинап алып ұлттық құрамадан орын береміз. Жағдайын жасаймыз. Осыдан кейін ұлттық намыс, рух қайдан болсын? Тасада қалған таланттарымыздың тамырына балта шауып, аяқтарына тұсау салғанымыз жарамас. Түйдекті мәселе өз шешімін тапса ұлттық құрамамыздың ойыны да түзелер. Ендігі кезек ауыл футболы жайында болмақ.

 Ауыл көшесі. Көк-ала шаң. Топырақтың үстінде тоңқалаң асып доп артынан қуалап жүрген балалардың есіл-дерті әлгі дөңгелек бәлені өз ырқына бағындыру. Қақпа маңындағы қарбалас сәттерді көріп алаң шетінде «ауыл тентектері» отыр. Ойынға араласайын десе үлкендер айқайлай жөнеледі. Қақпа дегенің де анау айтқандай темір торлы қақпа емес. Үлкен тасты екі жаққа қойып алған. Шіркін, олар да көгілдір экраннан көріп жүрген салтанатты алып жасыл алаңда ойнауды аңсайтын шығар. Бірақ ондай ғажайып алаңдар қайдан болсын. Әр бала өзінің сүйікті ойыншысындай өнер көрсеткісі келіп әлек... Ала допты жусатып өргізер шын шебердің маңдайы жарқын, мерейі үстем екенін саналы жанның бәрі мойындаған. Пеле, Марадона, Роналдо, Зидан, Роналдиньо сынды қаншама футбол таланттары жасыл алаңда жасындай жарқылдады. Жанкүйерлер жүрегінен орын алған жұлдызды ойыншылар саны жыл сайын артып келеді. Бүгінгі таңда Месси мен Роналду өз елдерінің ғана емес футболсүйер қауымның мақтаныштарына айналып үлгерді. Сол танымал ойыншылардың көпшілігі қарапайым ғана ауылдан шыққаны баршаға мәлім. “Бізден қашан осындай футбол жұлдыздары шығар екен,” – деп қазақ жұртшылығы да асыға күтуде. Игі істердің бастауы боп отырған ауылды жерлерге барлық жағдай жасалса талантты жастарымыз әлі-ақ таңдай қақтырар. Ауыл спорты өркендемей ешқандай жетістікке жетпейтініміз анық.

Рас, қазығы өткен ғасырдың басында қағылған қазақ футболының бүгінгі жағдайы сынға сұранып-ақ жүр. Біздегі футболдың болашағы туралы көшедегі кез-келген адамнан сұрап көріңізші, анекдоттан басқа ештеңе айтпайды. Ұят-ақ. Ілініп-салынып Еуропа футбол одағына мүше болғанымызға да біраз болды. Алынған асу, жеткен жетістік жоқ. Тіпті, біздің аяқдопшылардың бір-екеуі болса да бүгінге дейін беделділерін айтпағанның өзінде батыстық ортаңқол клубтардың ешқайсысында ойнап көрмеді. Бұл нені білдіреді? Қажымұқандай палуандарды туған кең дамбал қазақ әйелдері доп тебе білетін он бір қара сираққа келгенде болдырып қалып па? Жоқ, олай емес. Меніңше, мәселе басқада…

Футболы мейлінше дамыған еуропалық клубтарды мысалға алып көрейікші. Олардың бәрінде дерлік мемлекеттік билік тарапынан қолдау бар. Әр бірінде жеке-жеке балалар мен жасөспірімдер мектебі қалыптасқан. Ол жақта допқа ынтаңыз болса жетіп жатыр, сізден тәп-тәуір футболшы шығара алады. Тіпті, сіз алыстағы бір ауылдың түкпірінде жүрсеңіз де, агенттері арқылы лезде тауып алып, өз мектептеріне тартады. Сондай-ақ, ұлттық құрамаларының тізгінін ұстауға лайық бапкерлерден қаржысын да аямайды. Себебі, мақсат біреу-ақ: мемлекет абыройы үшін ғана.

Біздің олардан алатын сабағымыз көп-ақ. Футбол десе, делебесі қозатын балалар тек қана оларда емес, біздің ауылдарда да бар. Спортзалдың жоқтығынан солардың қаншамасы жердің қарайғанын күтуге мәжбүр десеңізші?! Тіпті, жаз шыққанның өзінде де ауылдық, аудандық жарыстар да жиі болып тұрмайды. Cпорттың болашағына жаны ашитын әкімдер мен жергілікті кәсіпкерлер де әр қазақ ауылына бұйыра бермеген. Міне, осыдан кейін-ақ қазақ футболының көсегесі қалай көгермекші?! Рас, футбол мектептері ірі қалаларымызда ғана бар. Бірақ, неге екенін білеймін, сол мектептерден қазақ футболын әлемге танытатын он бір ойыншы әлі шығар емес.

Осындайда ауыл сыртындағы шағын алаңда шаң-шаң болып доп теуіп жүретін қара балалар ойға оралады. Әттеген-ай, соларға бір мүмкіндік жасалса ғой. Қаракөз қарындастарымның «кумиріне» айналатын қазақ футболшысы қай ауылда жүр екенін білмеймін. Әйтеуір, сол баланың барына сенгім-ақ келеді…