Жайна Сламбек: "Мен уақытты қадірлейтін, миды "қоқыр-соқырмен" толтырмауға тырысатын адамдардың бірімін"
жеке
блог

Жайна Сламбек: "Мен уақытты қадірлейтін, миды "қоқыр-соқырмен" толтырмауға тырысатын адамдардың бірімін"

- Сіз түрен салмаған немесе тісіңіз батпаған тақырып...

- Мен журналистиканы жаңалықтар әлемінен бастағам. Саясаттың барлық аспектісі, экономиканың барлық дерлік саласы, қоғамның барлық дерлік мәселесі "жаңалықтар" қызметі журналисі жазатын, жаза алуы тиіс дүниелер. "Мен қоқыс полигондарынан бастап мемлекет басшылары жиындарына дейін материал дайындаған тілшімін" деп күлемін өзім. Егін алқабы, мұнай өндірісі, кен шығаратын шахталар, тіпті түзету колониялары... бір сөзбен айтқанда "бармаған жерім, баспаған тауым" жоқ. Сондықтан түрен салмаған тақырып жоқ-ау... Спорт бөлек бір әлем ғой. Спортты қоспағанда.


- Қазақ телевизиясында креатив жоқ деп едіңіз бұрынырақта. Әлі де сол пікірдесіз бе?

- Ізденіс бар. Бірақ креативті дүние бәрібір көріп тұрғам жоқ. 


- Эфирде көркін емес көкейдегісін көрсететіндер көбейсе... Олай деп айтпасқа еш әддіміз жоқ. Өйткені шоулатып, шулатып жатқандардың арасында журналистикаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтындар көп. Әсіресе танымал әнші-әртістер талантты журналистердің нанына ортақтасып жүр деген пікірмен келесесіз бе? Бағдарламаны сауатты жүргізе алса әңгіме жоқ қой. Оралымсыз ой, мәнсіз сұрақ... Бұған қашан тиым болар екен?

- Мен уақытты қадірлейтін, миды "қоқыр-соқырмен" толтырмауға тырысатын адамдардың бірімін... Әрине, шоу бағдарламалардың көрермені бар. Талғамға талас жоқ... Мен мән беретін мәселе - түк те күлкілі емес, мағынадан да, мәдениеттен де жұрдай бағдарламаларды көруге баратын адамдардың көптігі. Телеарналардан көрсетілсе, отыра қарап тамашалайтындардың ырза болып күліп отыратындары. Мен осыдан тітіркенемін. Мен культурасы күшті мемлекет болу керек деп ойлаймын және басқаны қаламаймын... Бәрінің бастауы - көркем әдебиет. Кітап оқымайтын ұлтқа айналып барамыз, кілтипан осында жатқан сияқты көрінеді. 

 

- Журналистикаға сіңірген еңбегіңіз ересен. Ал журналистика сізге не берді? 

- Журналистика менің азаматтық позициямды, принциптерімді қайрады. Қоғамды, қоршаған ортаны, дүниені тереңірек тануыма әсер етті. Жалпы "не берді, не бермеді" деу артық - журналистика нақ менікі екеніне күмәнданбаймын. 

 

- Ашық айтасыз, асырып айтасыз. Әрине ақпарат сәт сайын алмасқан мынадай алмағайып уақытта шындықтың астарына үңіліп, сараптап, сұрыптап көпшілік назарына ұсыну бұл журналистің міндеті де. Дегенмен билік тарапынан қандай да бір қысым болған жоқ па?

- Қысым көруден сақтасын... Миыңда піскен материалды қағазға түсіріп, сосын оны көрерменге айтып беруден артық қандай керемет бар? Маған параллельдер жүргізіп, фактілерді пазл бөлшектері сияқты жинап, мәселенің мәнісін ишаралармен нұсқайтын стиль ұнайды. Жалпы аналитикалық бағдарлама негізінен ойлайтын топтың көретін өнімі. Сондықтан "анау ұры" немесе "білігі төмен" деп аргументсіз айғайлағаннан гөрі сипаттап отырған стильге салып немесе ирониямен берсең "қақпаға дәл соғасың". 

 

- Қадап-қадап сөйлейтін дикцияңызға сын айтатындарға не дейсіз? 

- Ұнамаса, қарамасын. Бұл ақталатын мәнер емес. Бұл жеткізіп түсіндіргісі келген журналистің дауысы. 

 

- Есте қалған ерекше оқиғаңыз...

- Ерекше оқиға көп ғой... Якутия республикасында гауһартас шығатын кимбирлит тасын өндіретін шахтер қазақтарды түсіру барысында көлемі кәдімгі жейтін құрт тәрізді тасты алып, қалтама салып қоймаймын ба /шахтаға түскенімнің белгісі ретінде алып кетпекшімін. Менен көзін алмай тұрған бригадир жөткірініп, «кешіріңіз, қалтаға салған тасты қайтадан вагонга тастаңыз», - дегені. Қалжыңдап тұр ма деп, қазақ жігіттерге қараймын, олар күлімсіреп, солай істегенім дұрыс екенін айтты. Әлгі көмір тәрізді кішкентай қара тастың ішінде алмаз болуы мүмкін екенін, одан гауһартас жонылатынын түсіндіріп жатыр. Дәл сол құйттай тастан асылтас табылмайтыны анық еді, алайда тәртіптің аты тәртіп. "Логикалық тұрғыдан ойласам қайтеді" деп, намыстанып қалғаным есімде... 

- Әңгімеңізге рахмет!