Жол үстіндегі тағдырлар...
жеке
блог

Жол үстіндегі тағдырлар...

Бала күнімізде барлығымыз дәрігер, мұғалім, ғарышкер, тіпті, бастық болсақ деп армандайтынбыз. Әрине, дұрыс-ақ. Дегенмен, аспаз, тігінші, дәнекерлеуші сынды қоғамға аса қажет кәсіптермен айналысуды ойламайтынбыз. Біреулерге бұл аталғандар тек басқа жұмыстың жоқтығынан нан табу мен күнкөрістің қамы ғана болып көрінеді. Сондай себептермен осы салада жүргендерде баршылық. Ал егер де бәріміз бастық болып кетсек, дүкен сөрелеріндегі азық-түлік, нан мен тәтті тағамдарды қайдан табар едік? Зәулім-зәулім үйлер мен ғимараттарды кім тұрғызар еді? Үстіміздегі әдемі киімдерді кім берер еді? Осы жағын ойланып көрдік пе? Демек, әрбір кәсіп иесі өзінше сыйлы. Әрқайсысы қоғамның бір тетігі екенін естен шығармағанымыз жөн.Адам баласы өмірде екі нәрседен қателеспеуі керек. Алғашқысы өмірлік жарың болса, екіншісі сен сүйген мамандық. Екеуі де аса маңызды. Біреуімен өміріңді байланыстырсаң, біреуімен өмір сүресің.

Әркімнің адаспай өмірден өз жолдарыңызды тапқандарыңызға күмәнім жоқ. Ал, бір сәтке өзіңізді мүлде басқа кәсіп иесі ретінде елестетіп көріңізші. Не өзгереді дейсіз бе? Көп нәрсе. Тіпті тағдырыңыз да басқаша болуы ғажап емес. Сіз араласатын орта мен таныстарыңыз, достарыңыз да бөлек болуы мүмкін. Мәселен, таксист. Иә, такси жүргізушісі де-кәсіп иесі. Оның да қыры мен сыры, қызығы мен шыжығы жетерлік. Бір күн, бірнеше ай емес, ондаған жыл такси жүргізген жандар да көп. Сондай таныстарыңыз болса, олармен кез келген тақырыпта бірнеше сағат үздіксіз әңгіме айта беретініңізге сенімдімін. Ақыр соңында өзіңіздің айтарыңыз таусылып амалсыз әңгімені аяқтайсыз. Такси жүргізушісі болудың қызығынан бұрын, такси ұғымы туралы аздаған мәлімет:

Бәрі қалай басталды дейсіз ғой?! ХҮІІІ ғасырда бір ауқатты француз ат арбаларға арналған тұрақ ойлап табады. Ол кезде «Фиакра» деп аталған арбалар алғашқы жалдамалы қоғамдық экипаждар рөлін атқарған. Кейінірек, сұраныс артып, автокөліктер кең таралған уақытта қазіргі уақытта «такси» деп аталатын қызметке қажеттілік туды. Бүгінде қала мен елдімекен тұрғындары үшін таптырмас әрі ең ыңғайлы қызмет түрі. Баратын жеріңізге уақытылы, жылдам әрі жайлы жетіп аласыз. Жүктеріңіз көп, ал өзіңізде көлік болмаса тіпті ыңғайлы.

1914 жылы күзде неміс әскері француздардың қорғанысын бұзып, астанасына бет алған уақытта, оларға қарсы дереу резервтегі әскерді жіберу үшін әскери транспорт жетпей,барлық  Париж таксилерін осы іске жұмылдырады. Осылайша, бір түн ішінде Марна өзенінің жағасына 1200 такси 6500 солдатты тасыған екен. Жау ауыздықталып, сол көліктер тарихта «марн таксилері (марнские такси)» деген атпен қалады. Осыдан кейін, француздарда «Если гуси спасли Рим, то Париж спасли таксомоторы» деген сөз қалған.

Қазір такси қызметінің түр-түрі бар. Интернет арқылы тапсырыс беруге де болады. Дамыған елдердің көпшілігінде таксилерде арнайы GPS қондырғылары орнатылған. Ол арқылы баратын жеріңіздің картасымен қанша км жүргеніңізді біліп отырасыз. Сол арқылы есептеуіш құралда көрсетілген сомманы төлеп, қалаған жеріңізге жетіп аласыз.

Мәселен, қала тұрғындарының 70%-ы айына кем дегенде бір рет такси қызметіне жүгінеді екен. Әлеуметтік желіде жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша қарапайым тұрғындардың жауабы төмендегідей болды.

 сауалнама қорытындысы

Қазір алыс қалалар мен елдімекендерге жүретін таксилер көп. Тіпті өте көп. 4-5 сағаттық жолға шыққанда таксимен барар болсаңыз, такси жүргізушісі болудың қызық тұстарына куә боласыз.

...Психолог. Жанашыр құрдасың, ақылшы сырласың, досың тіпті қамқоршың бола алады.

Арасы мәселен, 250-300 шақырымдық сапар делік. Әрине кемінде 5 немесе 7 жолаушы алады. Қайтарда тағы сонша адам. Демек, күніне 10-15 жолаушымен тәуліктің 8-9 сағатын жол үстінде өткізеді. Және аптаның 7 күнінде де осы шама қайталанады. Яғни бір аптада 60-70 адаммен таныс болады. Кейде бірден екі қайтара барып-келуді қоспағанда. Аптасына 63-65 сағатын көлікте өткізеді. Бір жылда бұл шама әлі 40-50 есе көбейеді. Осынша танысы бар адам әлбетте жақсы психолог. Кіммен қалай сөйлесу керектігін, әлгі кісінің жүктерін көлікке басып жатқанда ақ байқайды. Жолға шығып, жолай қажет жанармайын жасап, ыңғайланып алған соң, жайлап отырған кісіні әңгімеге тартады. Әңгімені есімін сұраудан емес, қай үйге, кімнің үйіне баратынынан бастайды. Қай жерге баратыныңды айтсаң болды, ары қарай ол кісіні танитынын, кім екенін, көршілерін, қандай көлікпен жүретінін, тіпті қайда жұмыс істейтініне дейін біледі. Жақында баласының, немесе оның алыс туысқанының тойы болғанын да таксисттен естуіңіз мүмкін. Содан кейін барып, сенің ол кісіге кім болатыныңды тағысын тағы мән-жайды сұрайды. Осылайша, танысу біткен соң, зерікпейтініңді түсінсе, әңгіме әрі қарай жалғаса түседі. Кез келген тақырыпта әңгіме айта беруге болады. Барлық жаңалық, ауа-райы, жанармай бағасының өзгеруі, жол құрылысы, жол бойында салынған құрылыс туралы не сұрасаң да жауабы да қызықты әңгімесі де көп. Бәрін біледі демекші, тағы да жолдас өзі секілді өзінен бұрынырақ жолға шыққан жүргізуші болса, хабарласып, жол таза ма деп сұрайды. Ондағысы жол бойында полиция жоқ па дегені ғой. Сөйтіп, алдын ала білген мәліметі бойынша, барынша сақ жүреді. Кейбір полицияның тұратын жерлерін өздері де жақсы біледі. Сөйтіп, жылдамдығын сәл бәсеңдетеді. «Алдында осы маңда бір көлік ұйытқып кеп, ұсталып қалды»-дейді. Тіпті, көліктің нөмірін, иесін, кімнің баласы немесе жиені екенін де біледі. Әңгіме жарасып, қызған тұста мәселең немесе басқа да жайт болған болса, қалай ашылып айтқаныңды байқамай да қаласың. Тіпті, әзілің жарасып, кейінірек көшеде көргенде төс қағысып, тіпті болмаса қол көтеріп амандасып тұратындай боласың. Әрине, жол үстінде нендей қызық болары өзіңізге де байланысты. Себебі, таксист сіздің мінезіңіз бен қаншалық әңгімеге жақын екеніңізді басынан-ақ байқап отыратыны сөзсіз. Себебі қанша жолаушысы болса сонша мінез бен пікір иелері болатынын өте жақсы біледі.

Жақсы табыс табады

Әр қалаға жүретін таксилердің өз тұрақтары мен арнайы күнделікті тұратын жері бар. Сондай жерге барып, өз бағытыңызға таксиге отырасыз. Әр таксидің өз кезегі болады және сол кезекті бөліп, дәптерге түсіріп отыратын тағы бір кісі болады. Өз кезегі келгенде қоржынын байлыққа толтырғандай күй кешіп, жолаушылары тола сала жолға шығады. Айтпағым, арасы 4-5 сағаттық 250-300 шақырым жерге 5-7 жолаушыдан алады. Жол ақысы 2500-3000 теңге шамасында. Егер күніне бір рет жолаушы тасыса, 35-40 мыңнан көбірек ақша алады. Әрине, кейде 2500 орнына 2000 тг төлейтіндер де кездеседі. Жас сәбилерге ақша алмайтындар болады. Есесіне, сәлемдеме берушілер де бар. Сәлемдеменің көлеміне қарай ақысы да арта түсетіні белгілі мәселен бір парақ мақтау қағазын беріп жіберу үшін 500 тг төлегенім есімде. Ал бірде мен отырған таксиге бір қария студент баласына бір пакет толы ет салып беріп, таксист қолына 1200 тг ұстатқанын көргенім бар. Демек, жанармай мен басқа да жол шығынын қоспағанда кемінде күніне 30 мың тг табыс табуға болады. Бірақ, бұның да қайтарымы болары сөзсіз.

Әр нәрсенің ақ пен қарасы қатар жүреді

Жылына 2400 сағаты жол үстінде өтетін (4-5 сағаттық жол) әрбір таксист үйіне оралғанда жарты немесе бір сағаттай көлікте отырғандай сезініп, теңселіп қалатынын айтып жатады. Әрине жол жүру адамды шаршатады. Оның үстіне жай көлікте отырып қана қоймай, оның тізгінін ұстап барлық жолаушыны жетер жеріне аман-есен жеткізу жауапкершілігі тұрса, екі есе артылар жүк болатыны сөзсіз. Кейде қыңыр жолаушы отыра қалса, әр нәрсеге шағым айтып, желкеңнен төніп тұрса тіпті нашарлай түседі. Мейрам күндері жолаушы көбейіп күніне тынымсыз 3-4 рет барып келетін жағдайлар болады. Кейде, керісінше жолаушы болмай, қалаға келіп алып 3-4 күн адам толмай, немесе мүлде адам болмаса 2-3 күн қонып қалатын кездері болады. Жол үстіндегі дәмханалардан шаршап, үйіне барып, бірақ ас ішеді. Яғни, 8-9 сағат жол жүріп күніне бір мәрте ғана тамақ ішкенге ағза үйренді дегенімен оның да бір зияны болуы мүмкін. Телміріп тас жолдан көз алмай жарты күнінжол үстінде өткізсе, көзі де шаршап, жанары талып, үйіне оралғанда көздері қызарып отыратынын да көрген едім. Астындағы жүйрігі орынсыз кезде сыр беріп, жолда қалып қалатын кездер де орын алады. Әрине, табыс тауып, отбасын асырап отыр. Әр нәрсе оңай жолмен келе салмайтыны сөзсіз.    

таксист

 Тәуелсіз сараптама мен зерттеу нәтижелері не дейді?     

Go Taxi жобасы аясындағы зерттеу нәтижесі төмендегідей болған.

Қазақстанның 24 қаласында жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша әр аймақта 350 ден аса таксопарк бар екендігі анықталған. Орташа есеппен ірі қалаларда 33 таксопарк бары анықталған.

Ең ірі қаламыз Алматы да таксопарк саны өзге қалалармен салыстырғанда анағұрлым төмен екен.

Алматы қаласындағы статистика департаментінің есебі бойынша 2009 жылдан бері ресми түрде тіркелген  «Такси кәсібімен» айналысатындар саны 2 есеге дейін өскен. Ал жолаушы тасымалынан түсетін пайда 2012 жылмен салыстырғанда 94,7 %-ға өскен. Яғни, 186,9 млн.тенгеден 363,8 млн теңгеге өскен.

қала

Қарапайым жүргіншілер үшін тасымалдаушы компаниялар арнайы баға бекітеді. Мәселен, Момышұлы-Достық-Әл-Фараби-Райымбек көшелері бойынан такси қызметін пайдалану 500 теңгені құрайды.

Халықаралық әуежайдан қала орталығына дейін 1200 теңгеден басталады. Ал кейбір ықшамаудандардан 1400 теңгеден басталады.

Кейбір такси қызметтері басқаша төлем түрін ұсынады. Орта есеппен такси сағатына 1000 тг. Бұл жағдайда тапсырыс екі сағаттан кем болмауы тиіс.

Сондай-ақ, «Командир Такси» немесе «ЭКО Такси» қызметтерін қолдана аласыз.  Қала ішінде 6 шақырымға дейін 800 тенгені құраса, одан асса әр шақырымға 120 тенге қосылады.

Сондай-ақ тұтынушылар арасында ең жоғарғы көрсеткішке ие «Яндекс Такси» немесе Uber қызметтерін атауға болады.

Қызықты мәліметтер. Сіз білесіз бе?!

Американдық таксист артқы орындықтан асыл тастарға толы сөмкені тауып алады. Оның иесін іздеп қайтарып берген. Сөмке ішінде 350 мын АҚШ долларын құрайтын әшекейлер болған. Оның иесі зергер әлгі таксистке сыйақы ретінде 10 мың доллар мен асыл тастармен көмкерілген білезік тарту еткен екен.

Ең қымбат такси қызметі Ұлыбританияда , екінші орында Италия, үштікті Германия қорытындылайды.

Ал ең арзан таксиді Қытайдан табуға болады. 10 долларға біраз жерге жетуге болады.

Кеңестік фильмдерде таксист рөлін Сергей Лемешев, Анатолий Кузнецов, Анатолий Папанов, Аркадий Райкин сынды актерлер сомдаған.

Ең ірі таксопарк Мехикода екен. Онда 60 мың көлік бар.

Егер сіз таксист жай ғана көлікте отырып, жүргіншіге тоқтап ақшасын алып, қалаған жеріне апара салады деп ойласаңыз қателесіз. Такси жүргізу де қиын да қызық кәсіп. Жоғарыда аталғандарға көз жеткізу үшін, алыс жолға шыққан таксистке мәр беріп қараңызшы. Сіз білмеген түрлі қызықтарға куә боласыз...