Жастар арасындағы дүрмек
жеке
блог

Жастар арасындағы дүрмек

Қозғап отырған мәселе  «тавтологиялық», дегенмен әлі талқылану үстінде... Әр түрлі ой-пікір, толғам таласқа түсіп жатыр.  Интернетке тәуелділік, әлеуметтік желілер, Social Media,виртуалды әлем, адамзат он жылдан кейін Facebook құрған виртуалды әлемде өмір сүретін болады, желідегі әзәзілдер, синий кит сынды көптеген пікірлер өз кезегінде сынға алыныпта жатыр.

Ең алғаш рет "ғаламторға тәуелділік" терминін психолог Айвен Голдберг ғылымға енгізген .

Тәуелділіктің көшін Швеция бастап, Үнді елі аяқтаса. Біздің жастар да бұл тұрғыда дес берер емес. Қытай дәрігерлері жастарға көк шайды ішкізіп әлек, Украина Президенті «сыраға салынған» ұрпақты жөнге салмақ, Оңтүстік Кореяда ғаламтордың «торына» түскен балалар болашағына алаңдаса, Германияда кәмелетке толмағандар арасында «тері рагы» ауруы белең алып кетті. Ертеңіміздің жалғасы жастар. Сондай аурулардың бірі, жаңа ғасыр жаңа ауруы – интернет-тәуелділік. Интернетке тәуелділік дегеніміз ауру ма? деген сұраққа сан түрлі жауап алуға болады, яғни, тартысқа толы сұрақ. Осы сұраққа жауап іздеу мақсатында, белгілі тұлғалар мен қала тұрғындары, студенттер мен оқушылардың  пікірін сарапқа салып көрдім. Пікір иелерінің ойы мынадай:

Сабырбек Олжабай (журналист. «Ақиқат» журналы): Желідегі «жалмауыз» және жасөспірім арамза ақпараттар ағыны аласталса. Айтты-айтпады, бүгінде интернет деген «итке» де, «хитке» де айналып тұр. Оның «хитке» айналатыны қазір интернетсіз өмірді көз алдыңызға елестете алмайсыз. Жардай-дардай қызмет бабында отырғандарды былай қойғанда, бесіктен белі жаңа шыққан бала­қайлардың өзі темір жәшікке сағаттап таңылады. Ғаламтор өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған ғасырда интернет оқыту мен ойын-сауықтың таптырмас құралы да. Оның «итке» айналатыны осында жатыр,-дейді.

Қазақстанға таяу жылдардан бастап енген Social media термині еніп үлгермей жатып-ақ әлеуметтік желіні пайдаланушылар саны артумен қатар оған тәуелді топтар да бой көрсете бастады.  Social media дегенді интернетке негізделген әлеуметтік қарым-қатынас деп түсінуге болады.

Ал,  дәл осы тақырыпта Қуандық Шамахайұлы былай дейді («Ақиқат» журналы): Мен газет-журналдардың орнын түрлі порталдар мен сайттар ауыстырып жатыр дегенмен келіспеймін. Ауыстырып жатқан жоқ. Керісінше, БАҚ қатарына қосылып, ақпарат айдынында өз орнын тауып жатыр. Қазіргі таңда Social media-ның қажеттілігі барған сайын артып келеді. Ал, әлі күнге дейін мұның артықшылығын түсінбейтіндер қарым-қатынастың бұл түрін кәдімгідей жау санап, ат-тондарын ала қашып жатады. Ол енді, жабайылық. Қазіргі студент дегеніміз үстелден бас көтермей отырып, кітап оқи беретін немесе ұстаздың оқыған дәрісінен белгілеп алған азын-аулақ мәліметті жаттап алып онысын семинар сабағында айна-қатесіз айтып беретін «советтік заманның» түлегі емес. Ол дәуір әлдеқашан келмеске кетті,-деп өз пікір ашық білдірді.

Айталық, бизнес, қаржы мамандығы бойынша білім алып жатқан студентті мысалға алайық. Ол әлде бір елде ақша саясаты өзгергені жайында ақпараттың телеарна арқылы хабарланғанын құлағы шалды делік. Толық ақпаратқа қол жеткізу үшін ол қандай әрекет жасайды? Біріншіден, Google, Wikipedia бойынша түрлі ақпарат көздерінің деректерімен танысады. Екіншіден, Youtube-тен ақпаратқа қатысты Podcast-тер­ді көріп тыңдайды. Онда кәсіби мамандар мен сала ғалымдарының сұхбаттары, бейне дәрістері де кездеседі. Үшіншіден, Twitter арқылы өз ұстаздарымен немесе әлемнің өзге іргелі оқу орындарының мамандарымен байланысқа шығып сұрақ қоюларына болады. Айталық, Гарвард, Оксфорд университеттері профессорларының бәрінің Twitter парақшалары бар. Студенттер өз салалары бойынша тіркеле алады. Төртіншіден, Facebook немесе өзге форум сайттар арқылы арнайы тақырыпқа сай талқылау ұйымдастыра алады. Мұның пайдалы жағы көптің пікірімен танысып, олармен тікелей қарым-қатынас жасауға болатындығында. Бесіншіден, Сөз соңында айтарымыз, белгілі деңгейде жан-жақты ақпаратқа қанығып, түрлі мәлімет алған соң студент өз тұжырымы мен пайымын блогіне немесе парақшасына жазып, өз көзқарасын жалпақ жұртқа жеткізе алады. Сонымен қатар google group-ті пайдалана отырып, әркім өзімен мүдделес, пікірлес жандарды тауып біріге алады. Сайып келгенде, Social Media арқылы пайда ақпарат алудың арқасында адам рухани тұрғыдан өзін байытып, дамыта алатынды.

Жанат есімді қала тұрғыны: Бұл тәуелділіктен өзің ғана шыға аласың, өзіңнің ақыл-қайратыңмен. Мен интернетке тәуелдімін деп айта аламын. Неге бұл тәуелділікке бардым, қазірде кетіп қалуыма болады бірақ, менің әлі атқарар істерім бар. Ал енді реалды өмірді ысырып тастау, жүйкеңнің сыр беруі ол барлығы өзіңе байланысты, барлығында дерлік алып жүруге мүмкіндік жетеді, тек қана сана болса болды, дейді.

Интернет әлеміндегі әсіресе пайдасы жоқ дүниелерге әуестенетін мектеп жасындағы балалар.  Сараптауым бойынша, континенттік анализде 7-сынып оқушылары мен 8,9-сынып оқушылары басымдылық көрсетті.

Енді, виртуалдағы әзәзілдерге тоқталсақ: Онлайндағы озбырлықтың бірі – зорлық-зомбылықты, қаныпезерлікті, суицидті, жыныстық қатынасты насихаттау. Бүгінде кез келген жастағы адам әлеуметтік желілерде, онлайнда «дос» таба алады. Мұндайға, әсіресе, балиғатқа толмаған бойжеткендер әуес. Өйткені, мектептен, сыныптан, өзіне тең таба алмайды да (бұл түрлі әлеуметтік жағдайларға байланысты) онлайн қыз­метіне жүгінеді. Түр-тұрпаты, жасы белгісіз жан оған керемет қамқоршы, сырлас, ниеттес болып көрінеді. Осылайша жап-жас қыздың сеніміне кіріп алады да бірте-бірте оған мынадай бұйығы өмірден құтылудың амалын ұсынады. Жел­­өкпе жас әзәзілдің шеңгеліне түсіп қал­­ғанын сезбей де қалады. Ал, қолға бір түс­кен соң, «досының» уысында. Жасаған сорақылықтарын бейнекамераға түсіріп алады. Сосын, мынадай масқараға душар болған жасөспірім кері шегіне алмайды. Әшкере болудан қорқады. Ақырында виртуалды әлемінен тапқан әзәзілге жаңа клиенттер тауып берумен айналысады. Сенімді ақпарат құралдарының айтуынша, педофильдердің қолына көбінесе 13 жасқа дейінгі балалар түседі екен. Әріге бармай, көпті шулатып, талай жастың өмірін қыршынынан қиған, синий кит ойыны алайық. Ойнап жүріп от басқандар қаншама.  Әлеуметтік желілерде суицидті насихаттайтын "Синий кит", "Тихий дом" топтары тарап жатты. Ойынға кірген балалар тапсырмалар орындауы қажет, оның ішінде тамырыңды кесу керек және қолыңа киттің суретін салу керек деген сияқты тапсырмаларды орындау қажет, соңында олар өздеріне қол жұмсауы тиіс. Сонымен қатар, ойын модераторлары ойыншы туралы мәліметтерді біліп отырады.

Интернетпен бірге әр үйге «ит» те кіретінін көріп отырсыз. Сондықтан, мұндай қауіп-қатерден құтылудың жолы қайсы? Мамандар бұл үшін ата-аналар балаларының интернетте кімдермен байланыс жасайтынын күнделікті бақылап отыруы керек дейді. Бұл үшін әрбір ата-ана компьютерді шебер меңгергені артық болмас еді. Енді, интернеттің танымдық, қызғылықты, пайдалы желілері де барын теріске шығара алмаймыз. Ендеше, сағаттап компьютер алдында отырған кішкентайыңызға темір жәшіктің денсаулыққа зияндылығымен қатар ішіне бүккен құйтырқы қаупі барын да үнемі есіне алып отырыңыз.

Сөзімді қорытындылай келе, әр адам жеке тұлға, өз жеке пікірі бар жандардың айтқан уәждері орынды. Тыңдаушыларға қалатаны ой-қорытындысын шығару.  Пайдасы мен зияны қатар жүретін ғаламтор әлегі әлі де жалғасын таба береді.

Көптеген адамдар, әсіресе ғаламтор қолдаушылары, ғаламтордың адамзаттың ең үлкен қолжетістігі екендігімен келісері анық. Ол, қалтқысыз ақпарат көзі болуымен қатар, адамдарға қажет біліммен сусындауға, қиюы келмес мәселелердің шешімін табуға көмектеседі. Әлемдік тордың жан-жақты, білімді, көзқарасымыз кең болып, көптеген қызықты дүниелерді үйренуімізге себі мол екенін жоққа шығара алмаймыз. Тек өз болашағымыз үшін дұрыс шешім шығара білу қажет. Жақсы дүниенің тек жақсы жағын жанымызға жарастырсақ, нұр үстіне нұр болар еді.