Менің кінәм: өмір сүруге деген талпынысым ба?
жеке
блог

Менің кінәм: өмір сүруге деген талпынысым ба?

Сығырайған сары лампаның жарығы тым әлсіз. Бұрқылдап қара қазанда қайнап жатқан еттің жанына келген ақ орамалды ананың жүзі жылы, бірақ көзінде бір мұң бар. Қолына кекпірді алып етті сүзіп ала бергенде есіктің арғы жағынан дабырлап сөйлеп келе жатқан он бір жасар баланың дауысы шыға бергенде езуін  күлкі тартты.

-Мама, мама, анашым, қалайсыз, мамочка? – деп оң жағынан бір, сол жағынан бір шығып, иіскеп жүр. – аааах, еттің иісін-ай, қандай керемет. Ә, ет жейтін болдық қой!

- сабағың қалай өтті, ұлым? (ыстық ықыласпен жымиып)

-Оо, соны айтсаңызшы! Бүгін футбол ойнадық бәріміз. Күшті бол.....

- Жарайды, балам. Бара ғой, киіміңді ауыстырып, қолыңды жу.

Енді ананың жүзінде ерекше үрей туындады. Қара қою көздерінде уайым бар. Қиылған қастары да өзгеше формаға енген, шиедей еріндерін жымқырып, терең ойға шомған кескіні «не болды сізге? Неге мұңаясыз? Тағы сол ана уайымы ма?» - деген сұрақтар туындатады.

Ағын судың, ысқылаған алақанның дыбыстары ғана естіледі. Машинаның майы жұққан алағандарын порошокпен қайта-қайта жуады. Қабағы аздап түюлі. Еріндерін аздап кейін тартқан, маңдайына түскен ұзын-ұзын әжімдері Қытай мен қазақ арасындағы Тянь-Шянь таулары секілді. Үйлесімді тыныштықты отанасының дауысы бұзды:

-         Әкесі, тамаққа келіңіздер! – деді сыпайы ғана. Пышылдаған кранның

дауысы ұзаққа созылған жоқ, тасыр-тұсыр етіп  жарықты сөндіріп-сөндірместен аптығып ас бөлмеге еніп келген қара, сымбатты жігіттің жанарында ерекше от бар.

Енді қасық пен ұрттаған сорпаның, шайнаған еттің дыбыстары ғана естіледі. Тыныштықты әдеттегідей, бұзық қара бала бұзды.

-Қхм-қхм, мама, пап, тып-тыныш болып қалдыққой. (әдемі жымиып). Мен бүгін дзюдоның факультатив сағаттарына жазылып келдім. Ертең бірінші рет барамын, бір түрлі кеудемде қуаныш тұр.

Үнсіздік.

-         Балам, сен білесің ғой, сенің жүрегің мұндай ауыртпашылықтарды көтермейді.

-         Туу, мамаааааа....

-         Балам, құлыным, қоя қойшы.

-         Жоқ, мама, мен бүгін  футбол ойнағанда ештеңе де болған жоқ, қиналмадым да....

-         Жаным, ұлым, сен білмейсің, түсінбейсің ғой. Әлі кішкентайсың.

-         Мааааам, апатаааа... – деп еркелей бергенде тарс еткен дыбыс –  үй ішін бір сілкінтті. Ананың жанарына жас үйірілді.

-         Доғар! – деген әке дауысынан кейін тырс-тырс жас тамшылары дастарханға тамды да өлі тыныштық орнады.

Жұтынған дауыс анық естілді де, діріл қаққан үнмен:

-         Мен... мен неге аурумын? Неге мен спортпен шұғылдана алмаймын?

Он екі мүшесі сау адамдар жүр ғой, денсаулығын бағаламай. Мен ішпеймін, шекпемін... – тамақта тас түйін. – мен не жаздым? Бар болғаны өмір сүуге деген талпынысым ба? – деген сөздердің бар болғаны он бір жасар кішкене бала айтқан болатын.

Еттің мұрты бұзылмай қалды. Ыстық ықыласпен дайындаған ас жарық сөнгенде де ерекше сәуле шашып тұрғандай... бұл ұшан теңіз ана махаббаты еді...