Ғұсманмен сұхбат :)
жеке
блог

Ғұсманмен сұхбат :)

Наурыздың 31-і мен сәуірдің 2-сі аралығында  Тбилисиде өткен жарыстан кейін іле-шала Сәуір айының 7-і мен 9-ы аралығында, Түркияның Анталия қаласында кезекті Гран При турнирі өткізілді. Бұл биылғы жылдағы кезекті үшінші рет өткізіліп отырған турнир. Бұл турнирге елімізден 22 спортшы қатысқан болатын. Жарыстың алғашқы күнінен -ақ дзюдошыларымыз қос алтынды қоржынға салды. Әйелдер арасынан 48кг салмақ дәрежесінде Галбадрах Отгонцэцэг қарсыластарын шаң қаптарып, жеңіске жетсе, ерлер арасында Ғұсман Қырғызбаев  60кг-ға  дейінгі салмақта топ жарып, бас жүлдені иеленді. Жарыстан соң  Ғұсманнан WhatsApp желісі арқылы сұхбат алған едім. Мархабат!  

Қайырлы күн Ғұсман! Сізді Гран При турнирінің жеңімпазы болуыңызбен тағы бір мәрте құттықтаймын.

-         Рахмееет!

Жалпы дзюдоның ережелері өзгергелі бері жаңа салмақта белдесетін дзюдошыларымыздың жарыстары қыза түскендей. Өзіңіздің жеңістен кейінгі әсеріңізбен бөліссеңіз?

-         Жалпы дзюдоның ережелері өзгергелі бері күрестің сәні кіргендей болды. Бұл ереже спортшыларға да, бүкіл әлемге, жанкүйерлерге , қарапайым халыққа да ұнаған сияқты. Бұл жерде көп қимылдар, өте көп айла-тәсілдер шығып жатыр. Бір сөзбен айтқанда бұл күресте адам тоқтамау керек екен, тоқтап қалмау керек екендігін көрсетті.

Бұл жарыста жалпы бас жүлдені алғаныма өте қуаныштымын. Бұл жарыс мен үшін өте керекті болды, өйткені алда Азия чемпионаты, сол жарысқа жолдама алдым. Өте қуаныштымын. Құдай қаласа осы орнымды сол Азия чемпионатында да қайталауға тырысамын, қайталаймын Құдай қаласа.

Иә, оныңыз рас. Қарсыластарыңызды шақ келтірмедіңіз. Ең қиын болған  схваткаңыз кіммен болды?

-         Ең қиын қарсыласым маңғол палуаны, Тайпей палуаны және ақтық сында түрік палуаны деп ойлаймын. Жалпы әр шыққан қарсыластарым осал болмады. Ең қиыны түрік палуаны болды деп ойлаймын ақтық сында.

Сіздің алдыңғы жарыстарыңызды көріп жүрдік. Бұл жолы дзюдошыларымыз өз баптарында болғандай. Алғашқы күннен-ақ екі алтынды қоржынға түсірдіңіздер. Галбадрах Отгонцэцэгтің жеңісі де үлкен мотивация болған шығар?

-         Әрине. Галбадрахтың жеңісі себепші болғандай. Қыздар алтын алғанда неге қазақтың жігіттері алтын алмасқа деп тырысып, намысты қолдан бермей, бас жүлдені алу керек болды.

Польшада өткен турнирлерден бастап біздің спортшылар жүлдемен оралуда. Жалпы биылғы жыл сәтті басталған сияқты.

-         Иә, спортшыларымыз өте жақсы дайындықта жүр. Бабында жүр. Қаншама дайындықтар болды, бірлескен зборлар болды, Польшадағы оның алдында өткен жарыстардың барлығы осы Азия чемпионаты үшін іріктеу болған, осы жарыстарда топ жарғандар, жақсы орын алғандар сол Азия чемпионатына жолдама алды.

Алда қандай жарысқа дайындаласыз?

-         Енді алда бұйырса Азия  чемпионаты, Гонконг қаласында. Сол жарысқа тыңғылықты дайындалып, Құдай бұйырса сол жарыста да еліміздің көк байрағын көкте желбіретуге тырысамыз қолдан келгенше.

 

Иә. Соңғы рейтинг бойынша 35 орында тұрсыз, енді  жаңа рейтингте бұйырса алға озып шығатыныңыз анық. Жарайсыз!   Алдағы уақытта да сізге осындай толағай табыстар тілеймін. Жеңісті күндеріңіз көп болсын. Сұхбатыңыз үшін рақмет!

-         Әмин айтқаныңыз келсін. Сіздерге де рақмет! Сау болыңыз!