Ішімдік мәселесі
жеке
блог

Ішімдік мәселесі

Жас өспірім ұлдар арасындағы ішімдіктің өзекті мәселесі

 

1. Өтпелі жас кезіндегі ішімдік мәселесі.

Жас өспірім ұлдар 15 жасқа толғаннан кейін, яғни 9-сыныпты аяқтаған кездерде, өздерін бозбала санап, жаңа өмірге қадам баса бастайды. Яғни, өтпелі жасқа кіреді.

Осы аралық, жастардың нағыз өмірлік бағытын айқындайтын кезең. Дәл осы кезеңде ішімдік деген қу-жауыз енді жетіліп келе жатқан көптеген жас буынның санасын, өн-бойын аяусыз улайды. Келешекте жүзеге асатын, өз бастарынан өткеретін талай жамандықтарды олардың мойындарына іліп береді. Кінәсіз жас өспірімдерді болашақта өздеріне және ең жақындарына қастандық жасауға итермелейді. Осы жағдайдың орын алуына ішімдік қана кінәлі ме? Әлде, сырттан басқа да жағдайлар әсер етеді ме? Жауабын бірге іздейік...

 

2. Ішімдікке әуестену себептері:

Біріншіден, жас өспірім ұлдардың өзіндік МЕН деген тұлғасының дұрыс қалыптаспауы, орынсыз ұялшақтығы мен жасқаншақтығының басым болуы. Баланың достары мен құрбы-құрдастары арасында өзін ұстау, көрсету және қарым-қатынас жасау бағыттары бойынша ойының дұрыс қалыптаспауы. Мысалы: кішігірім ортада (яғни, мектеп қабырғасындағы мерекелік және басқа да шараларда, сыныптастар болып өзара жиын өткізгенде, отырыстар мен би кештерінде) қысылып дұрыс сөйлей алмауы және басқа да қимылдарды еркін жасай алмауы (яғни, би алаңында билей алмауы, әртүрлі ойындарға араласып кете алмауы), сонымен қатар, құрбы-құрдастарының ортасында өздерін дөрекі ұстауы немесе күшін көрсетуі арқылы ортадағы ықпалын күшейтуге, лидер болуға, өзін көрсетуге талпынудың жаңсық жолдарын таңдауы (яғни, өзін мықты көрсету үшін, құрдастары арасындағы әлсіздерін келемеждеу, ұру, күш көрсету. Басқалардан артықтығын көрсету үшін ішімдік, темекі т.с.с. тиым салынған нәрселерді жасау, басқаларды да соған мәжбүрлеу). 

Екіншіден, қазақ дәстүрінің (өкінішке орай) жаман жағы, әке мен бала арасындағы, ана мен қыз арасындағы қатынастардың дұрыс қалыптаспауы. Мысалы: қазақта әке қатал, көп сөйлемейтін, сыншыл тұлға. Ол баланың өтпелі жастағы кезеңіне мүлдем араласпайды. Әке баласының сәби кезінде, алғашқы мектепке барған кезінде, 5-6 сыныпқа жеткенге дейінгі кезінде оған көбірек көңіл бөлуі мүмкін, бірақ одан кейін баласын өз еркіне қоя береді. Баласына нағыз керек кезінде, оны түсінбестей, алысқа шеттеп кетеді Солайша, баласына қарауды, қадағалауды, жол көрсетуді мүлде қояды немесе үстүртін ғана жүргізеді (яғни, бір күні баласына айтады, темекі шекпе, арақ ішпе деп, бірақ ол кезде бала ішімдік пен түтіннің дәмін көріп үлгерген. Ол ақылды, баласынан темекі мен (немесе) ішімдіктің белгілерін білгенде ғана айтады. Болмаса, біліп тұрса да, өсті ғой, балам өзі білсін деген оймен үнсіз қоя салады).

Үшіншіден, қазақтың қанына қатты сіңген жаман бір қасиеті (өкінішке орай), – ол біреуді кемсіту, келемеждеу немесе мазақ қылып күлу жәйтінің терең орын алуы.Мысалы: қазақ намысшыл халық. «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» – деген сөз ежелден келе жатыр. Ал, біреудің күлкісіне, кемсітуіне қалу, ол біз үшін үлкен жүк, біз көтере алмайтын жүк (әрине, біздің ойлауымызша). Сондықтан, біз әрдайым кемістігімізді жасырып жүреміз, ішіміз қанша түтін болса да, сыртымызды бүтін етіп көрсетуге, мақтанып, болмысымыздан артық көрінуге тырысамыз, көрсетеміз де (яғни, күлкі ететіндер және кемсітетіндер кімдер? Олар, сенің достарың, аға-әпкелерің, таныс ортаң. Киімің жыртылса – достарың, шашыңды алғанда немесе көршінің баласынан жеңілгеніңде – аға-әпкең, т.с.с. Сонымен қатар, егер де, сенің сыныптасың, немесе інің, не болмаса таныс көршің бір келеңсіз жағдайға ұшырап қалса, өзің де келемеждеуге, қағытуға дайын тұрасың). Бұл өз кезегінде бірінші себептің дами түсуіне алып келеді. Яғни, үлкендерден бағыт-бағдар алып отыруы үшін, өзін мазалайтын ойлармен бөлісудің орнына, ол ойларын керісінше одан сайын жасыра түседі.

Төртіншіден, ішкіліктің зияны туралы алдын алу жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі.Мысалы: мектеп қабырғасында адам ағзасына зиян заттардың қауіптілігі жайлы арнайы сабақтардың қажетті деңгейде және қажетті көлемде жүргізілмеуі. Отбасында ішімдіктер мен темекінің және басқа да сол сияқты заттардың зияны жайлы, олардан өзін қалай аулақ ұстау керектігі жайлы ақыл-кеңестердің қажетті деңгейде және қажетті көлемде жүргізілмеуі. Баланың мінез-құлқын әрдайым бақылау, қадағалау жұмыстарының, және де алдын-алу шараларының отбасындағы үлкендермен жүргізілмеуі.

Бесіншіден, жас өспірімнің өскен ортасының кері әсері.Мысалы: қазақта мынадай бір жақсы мақал бар, «арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, соңғы дөңгелегі де сонда жүреді». Ішімдікке көп әуестенетін жастардың отбасыларын, әкелерін немесе ағаларын зерттеп қарасаңыз, олардың да ішімдікті жиі ішетінін көруге болады. Яғни, егерде сіз ішімдікті көп ішетін болсаңыз, онда сіздің де балаларыңыз не болмаса інілеріңіз арасынан кем дегендебіреуі сіз секілді ішімдікті көп ішетін болады. Тіпті, сізден асып түсуі мүмкін. Сондай-ақ, қазіргі салтымыздағы үлкен бір кемшілік, ол үйдегі үлкенді-кішілі қонақ күту мен тойханалардағы той-жиындардың басым бөлігінің ішкіліксіз өтпеуі. Ең қадірлі қонақтарға ең қадірлі ас есебінде ішімдік беру.

 Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі кейбір мектеп ұстаздарын қоса қарастырайық. Оларда, басқа мұғалімдер секілді сабақты жақсы жүргізеді, ашық-жарқын мінезді, жас балалармен өз теңіндей көріп, олардың дәрежелерін көтеріп сөйлеседі. Бірақ, ішімдікті де өте жиі ішіп тұрады, оған қоса, сол жастардың өзін ішімдік әкелу үшін дүкенге жұмсайды және де бітіруші сыныптағыларды бірге ішімдік ішуге шақырады.

 

3. Ішімдікке салыну жолдары және одан туындайтын жағдайлар.

Жоғарыда келтірілген себептер әрқайсысы жекелеген түрде, не болмаса барлығы бірге жас өспірімнің ойлау жүйесін дұрыс бағыттан айырып, қате пікір қалыптастырады. Жаман мен жақсының, зиян мен пайданың айырмасын жетік ажыратуға мүмкіндік бермейді.

Ішімдіктің жас өспірім өмірінде ең алғашқы орын алатын кезі ол, өзін бозбала, жігіт сезінген кезі. Достар, не болса да достармен бірге көру, сыныптастар, олармен белсенді араласу, достық қарым-қатынас орнату, қызға ғашық болу, оған жігіт болып сөз айту деген ұғымның бозбала үшін терең мәнге ие болу кезеңі. Осы кезеңде, отырыстар, туған күндер, мерекелерді тойлау көбейеді. Одан бөлек, түнделетіп достармен бас қосу, көрші ауылдан келген сыныптас балаларды күту және оларға қыдырып бару сияқты жігіттік желіктер де көбейеді. Дәл осы кезеңде, отырысты қыздыру үшін, қыздардың алдында батыл сөйлеу үшін, еркін билеп, ойнау үшін ортаға ішімдік тартылады.

Ол жәй ішімдік ретінде емес, ол жігіттіктің, серіліктің, достықтың және сыйластық пен денсаулықтың белгісі ретінде тартылады.

Енді оны ішпей көр, бірі жігіт емессің бе деп, тағы бірі сыйламайсың ба деп, алмасыңа қоймайды. Сонымен қатар, достар мен құрбы-құрдастар арасындағы беделіңді де сол ішімдікке әкеліп тіреп қоятындар табылады. Жігіттік намысқа тиетін сөздермен көмкерілген, мұндай азғырудан аман қалатындар, тек денсаулығы шынымен жарамайтындар және шынымен ішкілікті жек көретіндер. Ал, ондайлар бір-екеу ғана. Ішкендердің ешқайсысы қай кезде тоқтау керек екенін, қанша ішсе жеткілікті екенін білмейді.

Ішімдік ішкеннен кейін, ұялшақтық жоғалады, арсыздық келеді. Ұялшақтық жоғалғасын, көңіл деген – киген киімге, жүрген жүріске, сөйлеген сөзге алаңдамай көтеріледі. Көңіл көтеріледі. Арсыздық келгенде, ойға түскен сөздер айтыла салады, тос сөйлегенде, әзіл айтқанда ойға сөз қалай келеді, сүзгісіз солай тілден төгіледі және небір қылықтарды, оның ішінде әбүйірсіз, ерсі қылықтарды да жасай бастайды. Өзін керемет болып тұрмын деген оймен, одан сайын ашыла түсу үшін, көңілді көтере түсу үшін ішімдікті тағы да іше түседі.

Егер де, мас болып жаман сөздер, орынсыз артық сөздер айтса, және төбелес шығарса, я болмаса басқа да әбестік қылықтар жасайтын болса, ертесіне ақталуы да жеңіл. Мысалы, мас болып қалыппын немесе ешнәрсе есімде жоқ деген сылтау. Мас кезін пайдаланып, арсыздығының жетегінде өзі әдейілеп істейтін кездері де болады. Бірақ, ертесіне өзім әдейілеп осылай істедім деп мойындамайды. Керісінше, ол үшін кейін қызық оқиға есебінде еске алып, күліп отыратын жәйттердей көруі де мүмкін.

Солайша, мөлшерсіз және қадағалаусыз жиі ішілген ішімдік бір, екі, үш жылдың ішінде, алғашқы отырыс-жиындарда ішіп дәмін көрген жас өспірімдердің жартысынан көбін өзіне бағындырып, бағынышты етіп алады. Бағынышты болып, маскүнемдіктен бақытын тауып жүргендер, ішімдіктің тек жақсы жағын көреді. Себебі олардың ойынша, оларға ішімдік өте көп мүмкіндіктер берді: өзін еркін ұстау, қысылмай сөйлеу, жігіттік тұлғасын қалыптастыру, өзіне деген сенімділікті ұялату, ойына түскенді істету, ғажап күйге бөлеу.

Екі-үш жылдан кейін, ішімдіктің кері әсері байқала бастайды. Осы кезде ішімдікке тәуелді жасөспірімдердің бірқатарының денсаулығы сыр бере бастайды, ал барлығының бүйрек, бауыр және асқазандары және басқа да ағзалары әртүрлі деңгейде дертке шалдығады. Осы ішімдікке тәуелді болған жастардың өздері азғантай жылдарда қалыптасқан  тәуелділіктері бойынша бірнеше деңгейге бөлінеді:

Төменгі деңгейге түскендер, олар арсыз сөздерді, қылықтарды ішпеген кезде де жасай бастайды. Адамдық, ар-ұят деген қабілеттерден айрыла бастайды. Ары қарай оқу, даму мақсаты толық жойылады. Қара жұмыс істеп, азын аулақ ақша тапса ішкілікке ғана жұмсайды. Немесе ішімдік алу үшін ұрлық-қарлықтарға, алақан жаюға да баруы мүмкін. Осылайша, туғанынан мәпелеп, жігіт болғанша өсіріп, ертең қолғанатымыз, асыраушымыз болады деп үміттеніп өсірген ұлдары, жетілген шағында керісінше ата-анасының, жақын туыстарының басына түскен ауыр қайғы, масыл болған тірі өлікке, шешімі қиын мәселеге айналады. Олардың үйлері жылау мен зардың, бітпейтін дау-жанжалдың Отанына айлады. Достары мен құрдастарының барлығынан дерлік айрылады. Өзі сияқты алқаштармен ғана араласады.

Орташа деңгейге түскендер, оларға әлі де сенім жоғалмаған, оларды әке-шешелері сүйретіп жүріп оқытады немесе жұмысқа қояды, біреудің қызын әйелдікке алып береді немесе өз бетінше, оның ашық жарқындығын, кең жүрістілігін ұнатқан бір қара көзге үйлендіреді. Бірақ ол оқуын аяқтайды ма әлде оқуы аяқталмай қалады ма немесе ол жұмысты істеп кетедіме әлде істей алмай, шығып кетеді ме ол үлкен сұрақ болып қалады. Әр жерден жырмышылап тапқан табысының көп бөлігі ішімдікке жұмсалады. Әйелі, бала-шағасы аш-жалаңаш. Өлместің күнін көріп жүрген, қарызға белшесінен батқан отбасыға айналады. Уақыт келе, есін жиып, ел ортасына қосылуы мүмкін немесе құрдымға түсіп, төменгі деңгейге құлауы мүмкін. Көбінесе, бір жоғары көтеріліп (бір қуантып), бір төмен түсіп (бір күйдіріп) жүретін және де өз ата-анасын, әйелін және балаларын өзгелерге кіріптар еткен, жазықсыз қаншама рет зар жылатқан, мүсәпір күйге түседі. Достарымен және құрдастарымен ара қатынасы суып кетеді.

Жоғарғы деңгейге түскендер, олар күнде ішпейтіндер, бірақ жиі ішіп тұрады және ішкенде де шамасы мен мөлшерін білмей ішетіндер. Сәл сылтау табылса, қуана-қуана ішу шарасына кірісетіндер. Олардың жұмыстары, отбасылары бар. Ішкілікке қаражатының да аз бөлігін жұмсап, көп бөлігін отбасына жұмсайтындар. Оларда бір кездері бөтелкелеп, тіпті үлкен бокалдап ішкендер. Қазір де арасында солай ішіп тұратындар. Сырттан қарасаң бәрі дұрыс сияқты. Шын мәнінде тіпті олай емес. Себебі олардың арасында да:

- ішіп келгенде, отбасында үлкен ойран салатындар, әйеліне, бала-шағасыне тіпті әке-шешесі мен туған-туыстарыне қол жұмсайтындар;

- ішіп алғанда рөлге отырып, сосын көлікті қатты жылдамдықта жүргізіп, адам өліміне әкелетін жол апаттарына себепкер болатындар;

- ішіп алып, жанжал-төбелес іздейтіндер, нәтижесінде адам өліміне дейін әкелетін сойқан шығарушылар;

- ішіп алып, қыз баласына зорлық-зомбылық, арам күшін көрсетушілер, көптеп кездесетіні анық. Қаншама осындай жәйттер орын алғаны ащы шындық. Ел арасында, «ішпей жүрсе тәп-тәуір жігіт, ал ішіп алса нағыз жындының өзі» – деген сөз осындай жағдайлардан кейін берік қалыптасқан.

Алдыңғы екі деңгейде, бұл аталған жәйттердің орын алу ықтималдығы еселенетүседі.

Сонымен қатар, осы үш деңгейге бөлінген жастар арасынан бірнешеуі, жоғарыдағы 3 деңгейдің қайсысына жататынына қарамастан, келесі 10-15 жыл аралығында тікелей ішімдіктің кесірінен қайтыс болуы әбден мүмкін. Ықтималдылығы өте жоғары деңгейде. (Мысалы: арақ ішіп жүргенде түрлі жағдайларға тап болып қыршын кеткен, ішімдікті жиі ішуі салдарынан түрлі ауруларға ұшырап қайтыс болған жәйттер шын мәнінде жастар арасында көп орын алған).

 

4. Ішімдікке әуестіктің алдын-алудың, онымен күресудің жолдары.

Ішімдікке әуестіктің алдын-алу шараларының ең бастысы, ол дегеніміз – жоғарыда келтірілген ішімдікке әуестенудің 5 себебін болдырмау бойынша жұмыс істеу.

Бірінші себеп бойынша, басты міндет жас өспірімнің отбасына және оны қоршаған ортасына түседі. Жас өспірімнің бойында МЕН деген тұлғаны дұрыс қалыптастыру, орынсыз ұялшақтығы мен жасқаншақтығынан арылту үшін, балаға жас кезінен бастап, отбасында, туысқандар арасындағы жиындарда ортаға шығарып сөйлеуге, өлең оқуға, тақпақ айтуға үйрету, мерекелерде тілек айтқызып үйрету, әртүрлі ортада өзін еркін ұстауға, дұрыс сөйлей білуге үйрету жұмыстарын жүргізу қажет. Отбасылық мәселелер кезінде сөзге тартып, оның пікірін тыңдап, ақылдасып отыру арқылы, баланың МЕН деген тұлғасын дұрыс қалыптастыруға көп көңіл бөлу керек. Жоғарыда аталған шараларды жан-жақты және жиі жүргізе отырып, баланың тұлғасын қалыптастыруға, атасы мен әжесінен бастап, отбасының барлық мүшелері түгелдей атсалысуы керек.

Сонымен қатар, жас өспірімге кез-келген ерлікке, жетістікке ешқандай көмексіз, өз күш-жігерімен ғана, яғни өзін үздіксіз шыңдай, жетілдіре отырып жетуге болатынын түсіндіру, жетістіктерін бағалай білу қажет. Қызығушылық танытатын салаларынан (спорт түрі, білім саласы т.с.с.) мысалдар келтіре отырып, ішімдік сияқты жаман әдеттерсіз, өзін жетілдіру жолдарын көрсету. Құрбы-құрдастары арасында дұрыс тәрбиеленген, жаман әдеттерден аулақ балалармен араласуға жас өспірімнің отбасы барынша ықпал жасап, ішімдік, темекі секілді зиянды нәрселерге және бұзақылық, есерсоқтық секілді жаман қылықтарға әуестілігі жоқ достарын ерекше ықыласпен сыйлайтындарын балаға көрсете білулері керек. Жасөспірімде жақсы мен жаманның, болады мен болмайдының арасын ажырататын көзқарасты, бағалауды, талдай білуды қалыптастыру өте маңызды(өз көзқарасы бекіген бала, басқа біреудің бұзық ойының жетегінде кетпейді).  

Екінші себеп бойынша, басты міндет әке-шешеге, ата-әжеге жүктеледі. Ел аузындағы «балаңды бес жасқа келгенше хан секілді құрметте, он бес жасқа келгенше құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сыйла» деген сөзді берік ұстану қажет. Әке қатал, көп сөйлемейтін, сыншыл тұлға болғанымен, әрдайымдық негізде балаға ақылын айтып отыру керек. Жаман әдеттерден аулақ болу керектігін, ертең өскенде өзінен көп үміт күтетінін, оған үлкен сенім білдіретінін есіне салып отыру керек. Баланы әртүрлі салада ойлай білуге үйрету керек. Ойын жасырмай, әкесімен ақылдасатын дәрежеге жеткізе білу керек. Көзқарастары оң болса қолдап, ал теріс жақтарын, жылы сөздермен түзей отырып, дұрыс жолды көрсете білу керек. Қызбалыққа салынбай, ашу шақырмай, үлкен табындылық таныта отырып, нақты жолды барынша қысқа, жылы лебізбен, түсіндіре білу қажет. Аталған тақырыпта атасы мен әжесінің де алатын орны өте маңызды.

Үшінші себеп бойынша, басты міндет аға-әпкеге, сосын ағайын-туыстарға артылған міндет. Қазақта ежелден қалыптасқан дүние ол, әке қаншалықты ұлын, ана қаншалықты қызын өзіне жақын тартқанымен, баланың ең қатты ашылатын, еліктейтін және сырын бөлісетін адамы – ұлдар үшін ағасы, қыздар үшін әпкесі болып қала береді. Егер, ағасы осыны ұғынып, інісін қасына ерте жүретін болса, үлкен өмірдің заңдылықтарын үйрете жүретін болса, сондай-ақ, інісінің кемшіліктерін көргенде, ол міндерін мазақ қылып, кекетіп, күліп жас баланың сағын сындыру орнына, оған дұрыс ақылын беріп, оңаша кезде жөнді ескертулер жасап отырса. Бір ортада байқалған кемшіліктерін жұрт көзінен тасалап, білдірмей жіберіп отырса, інісі үшін ол үлкен бақыт болар еді. Бала өз кезегінде әрбір өмірдегі маңызды деп ұққан қадамын, ағасымен міндетті түрде бөлісіп отырар еді.

Ағайын-туыстарда өз кезегінде, өз міндеттерін дұрыс атқарса, кездескен жерде, ағайындар бірге жиналғанда кішкентай баланың ашуына, титығына тиетін кертартпа сөздерді айту орнына, айналайын сияқты жылы сөздерді сөйлеп, оқуы немесе қызығушылықтары төңірегінде түзу сұрақтар қойып, кішігірім әңгімеге тартып отырса, бала ашыла түсері анық. Ол да өскен кезінде, сол ағайындарының балаларына солайша мейірбандық танытары анық.

Төртінші себеп бойынша, басты міндет жас өспірімнің екі үйіне, яғни өз үйі мен білім беретін мектебіне жүктелген. Мектеп бағдарламасына, оның ішінде жоғары сыныптардың бағдарламаларына ішімдік, темекі, басқа да адам ағзасына зиян заттардың қауіптілігі жайлы арнайы сабақтар қажетті деңгейде және қажетті көлемде, психолог мамандарын тарту арқылы жүргізілуі қажет. Тақырыпқа арналған лекциялар (үй тапсырмасы ретінде дайындалып келу қоса тапсырылуымен) бірінші сабақта беріліп, келесі сабақта алдыңғы өтілген тақырып оқушылар ортасына салынуы және ортақ талқылануы керек. Міндетті түрде, тақырыпқа сай мысалдар келтіріліп, суреттер (проектор көмегін пайдалану арқылы)көрсетілуі қажет.

 Отбасында ішімдіктер мен темекінің және басқада сол сияқты заттардың зияндылығы жайлы, олардан өзін қалай аулақ ұстау керектігі жайлы ақыл-кеңестер қажетті деңгей мен көлемде жүргізілуі қажет. Баланың мінез-құлқын әрдайымдық негізде бақылау, қадағалау жұмыстарын және де алдын-алу шараларын әрдайымдық негізде жүргізу қажет.

Егер, бала ішімдікті бастаған болса немесе айтылған ақыл мен ескертулерге қарамай, ішетіні белгілі болса, онда ішу мөлшері мен тоқтай білу шегін жақсылап бойына сіңірген жөн (мысалы: отырыстар мен жиындардың бастапқы кезінде 2-3 стақан ғана ішіп, сосын тоқтату. Барлық отырыстарда бірдей іше бермей, кейбір отырыстарда әдейілеп ішпей қайту секілді шектеулерге үйрету).

Бесінші себеп бойынша, басты міндет жас өспірімнің өскен ортасына түседі. Яғни, отбасында үлкендер арасында ішімдік ішетіндер болса, олар өздері үшін ғана емес, сол отбасындағы кішкентайлар үшін де, ішімдікке әуестігін азайту керек. Егер қолынан келсе, ішуді мүлде тоқтатулары қажет. Тіпті болмаған жағдайда, ішкілікті барынша жасырын түрде, басқа жерде, жарнамалаусыз пайдаланған жөн. Сондай-ақ, үйдегі үлкенді-кішілі қонақ күту мен тойханалардағы той-жиындардың басым бөлігі ішкіліксіз өтпейтін болса, оның санын азайту бойынша, азайта отырып мүлдем ішкілік қоймайтын жағдайға жеткізу бойынша жұмыстар жүргізу. Ең қадірлі қонақтарға ең қадірлі ас есебінде ішімдік беруді барынша тоқтату. Ортаны соған, бірте-бірте үйрету қажет.

Сонымен қатар, мектептегі мұғалімдер арасында (ауылды жерлерде жиі кездесетін жағдай) ішкілікке әуес мұғалімдер болса және жұмыс орнында ішімдік ішетіндері белгілі болса, тез арада, жаппай шағымданып, ондай мұғалімді жұмыстан шығару қажет. Ауылды жерлерде ағайынгершілікке салып, шағымданбауы мүмкін. Бірақ, сіздің балаларыңыз сол мұғалімнен үлгі алуы мүмкін екенін, сол мұғалімнен ішімдікті қалай ішуге болатынын үйренуі мүмкін екенін ұмытпаңыз.

Егер де, осы мақаланы әрбір отбасындағы үлкендер мен жас өспірімдер оқыса және де үлкендер бойларына сіңіріп, жас өспірімдерге әрбір тақырыптары мен мақсаттарын дұрыс түсіндіре білсе, ұсынылған бағыттар бойынша бірлесе отырып жұмыстар жасайтын болса, көп жастарды ішімдік деген қатерлі дерттен, аман алып қаламыз деп сенемін. 

Сонымен қатар, олардың дұрыс тәрбие алуына, адам болып қалыптасуына да пайдамыз тиетінін білемін.

 

Авторы: Раймбеков Нұрмахан Жұмаханұлы,     16.03.2017ж.