"Мен кейде отбасымнан намыстанамын..."
жеке
блог

"Мен кейде отбасымнан намыстанамын..."

Оқиға тақырыптың теріс теориясына әкелетін оймен жазылуда.

Әркімнің өз оқиғасы бар...

Ата-әжем, көке-апаларым, әкем – барлығы намазға жығылған адамдар.

Ұйқылы-ояу жүргенде сағат тілі қалай түнгі 2:00-ге таяп қалғанын байқамай қалыппын. Ол кезде әкемнің астында Фольксваген Гольф, түсі қанық қызыл. Есікті қаққанда, қолымда тұрған ұнды жоғары көтере беріп: «көрдім» - деп қол бұлғаған сәтте тыныс алып қалғаным бар емес пе. Нәтижесінде анамның: «өй, сен қыз, абайламайсың ба?! Ұнды аспанға көтерген несі?» - деген сөздері –  мені дереу сабама түсірді. Шырт-шырт еткен кілттің дыбысынан кейінгі тыныштықты Айқынның: «Алтыншаш тәтее, қалайсыздааар?» - деп шүлп-шүлп еткен еріндерінің дыбысы бұзып жіберді. Көзімді біраз уқалап, менде амандық сұрастым.

Айқын Байғозының бала кезінен келе жатқан сыныптас дос қызы. Кішкентай кезімізде бірге аулада велик, ролик тебетінбіз. Өзі аққұба, көздері үп-үлкен, ерні мен беті үйлесімді томпиған, қасы әдемі терілген, жанарының түсі қоңыр – сұлу ару. Бала кезімізде әкем мен анам Айқынды келін етіп түсіреміз деуші еді, олай болуы әбден мүмкін. Бірақ ағамның сөздерін мұқият тыңдасаңыз ол ойдан жылдам арыла қоясыз. Айқынның артынша қасы-көзі қара, кекілі маңдайына аздап түсіңкіреген ернінің түсі ерекшк қызыл жігіт кіріп келді. Бойы орташа, тым жылдам сөйлейтін Қызылорданың баласы. Кейде Асхат менің ағамның мінезіне қалай төзіп жүр екен деп ойлаймын. Қайран достық! Қандай кермет жан, жай ғана жымиып жүре береді. Әдеттегіше тез-тез сәлем берді де еш қысылмастан төр бөлмеге еніп кете берді. Менің жайбарақат көңілімді анамның: «әншейінде жұп-жұмсақ болатын тортың бүгін тіс батырмай тұр ғой, шешенің айтқанын тыңдаау керек еді. Водяная баня деген не тағы?!» - деген мынадай сөздері бір түрлі ызамды келтірді, кеудемде рені№ш сезімі оятты. Сақыр-сұқыр еткен темір шәйнекті өшірдім де, орнына су жаңа ысқыратын, асты сұр, төбесі қара шәйнекті қойып, біраз тамсанып тұрдым.

Ыстық бауырсақ пен әдемілеп шай ішіп бола сала біріміздің үстімізге біріміз мінгесіп көлікке топыр-топыр етіп отыра қалдық. Аэропортқа жетем дегенше дамылсыз әңгіме айттық. Сондағы айтарымыз тек Байғозының мінезі ғана. Мейірімді, бірақ көп күлмейтін, шыншыл әрі аз сөйлейтін, қабағы жиі қатулы, бірақ көңілді жігіт. Бойы ұзын, қараның сымбаттысы. Көзі жылтырап тұрады, қасы мен кірпігі қалың, шашы толқынды.

Нағашыларымның ішінде мұрты қара, қалың Мұрат атты көкем бар, өзі қара, ірі болса да, ұлдары шешелеріне тартып кеткен, майда. Қит етсе соған тартып кеткенсің деп шығамыз ағама. Ал ол болса қалың қасын қытайдың хандары секілід тау етіп көтереді де бұрқылдап шыға келеді. Сондағы шешемнің сөздері: «Нағашыңа тартсаң не бопты? Менің де қаным бар ғой сенің бойыңда», менен кіші інім қапыда қалмайды ғой, сөйлеп үлгеру керек: «сіз әкеммен танысқан күні-ақ тарақтыларға өтіп кеткенсіз» - деп  күле бастады.

Жалғасы бар...