Ата-ананы сыйласаң,Алладан қандай сый болмақ?
жеке
блог

Ата-ананы сыйласаң,Алладан қандай сый болмақ?

    Құлшылық қылудан кейінгі ізгі амал – ата-анаға құрмет қылу. Бұл Алланың біздерге бұйырған парызы.Әке-шешеміз бізге «адам», «тұлға» деген статусты алып берген жандар. Осындай ең биік статусты алып берген жандарды қалайша жамандыққа қиямыз?Ата-ана үшін баласының өмірден өз орнын тапқанынан артық дүниенің керегі жоқ.

Ата-анаға айтпауыңызды сұраймын: 

***Жұмыс бар ма? Болмаса телефонды қойдым... (Бауыр еті баласын сағынып, дауысыңды естіп қуанып отырған ата-анаға бұл сөз қаншама ауыр тиетінін білесің бе?! Оның телефон тұтқасын қойғаннан кейінгі көңілі жасыған халін сен ешқашан ойлап жете алмайсың ғой)

*** Болды, болды. Ұқтым, неге айта бересіз... (Саған алаңдайды, жаман болсын демейді ғой ешқашан)

*** Айтқаныммен бәрібір түсінбейсіз. Сұрамай-ақ қойыңызшы! (Білгісі келген, жаңа заман ауқымын түсінбеген ата-анаңа сабырлықпен түсіндірсең нең кетер еді?!)

*** Бұлай істемеңіз деп қанша рет айттым. Бәрібір қатырмайсыз. (Шамасы жетпеген, қолынан келмеген істерді істеуге талпынғанда оларды аялаймын деп бұлай айту - жарамсызсың, қолыңнан түк келмейді дейтіндей әсер беретінін ұмытпаған жөн)

*** Ой, бұл ескілік қой. Қазір қай заман. (Жаңа заманның ұрпағысың. Олардың ақылы қажетіңе жарамаған күнде де бұлай тойтарыс беру ата-анаңа обал жасағандық емес пе?!)

*** Бөлмемді жинастырмай-ақ қойыңыз. Міне, іздеген нәрсемді таба алмай дал болып отырмын! (Сен енді келместей болып шашып кеткен нәрселеріңді жинағаны үшін кінәлі ме? )

*** "Мынаны же, ананы же" деудің не керегі бар. Неге тәбетім тартады өзім білем ғой. (Дәл осы сөздің өз балаң өмірге келіп, ержете бастағанда ас мезгілінде күн сайын айтатын боласың. Өмір алма-кезек, бауырым!)

*** Өз талғамым бар, зарлай бермеңізші! (Осыншама ауыр сөзден кейінгі анаңның үнсіз қалғанын, оқыс орнай қалған тыныштықты елестетіп көрші. Сол бір сәт өзіңді ғұмыр бойы мазалайтын болады әлі)

*** Қажетсіз нәрселерді қоқсытып, жинай беріп не қыласыз! Қоқысқа тастай салыңызшы! (Ата-анаңның естелік үшін саған қатысты нәрселерді жинап қойғаны кінә емес қой. Олар өмірден өткен соң өзің айтқан “Қажетсіз нәрселер” көз алдыңда тұрса, дәл осы сөзің есіңе оралатын болады) Ата-ана жаныңда жүрген бақытың, жүрегіңдегі ең таза, мөлдір асылың. Кірлетіп алудан абай болғайсың!

    Ал,барша қазақстандық отбасыларға мені дүниеге әкелген ӘКЕ мен АНАНЫҢ ата-аналық махаббатын,дәл біздің үйдегідей отбасылық бақытты тіледім.