Халқының дәрігері

Халқының дәрігері
жеке
блог

    Біз күнделікті өмірде көріп, көңілге түйіп жүрген ойлардың ғылыми жаңалықтар үшін маңызы зор. Ал ғылыми тақырыпқа жазатын журналист күнделікті өмірдің жақсы ғылыми оқиғаға арқау боларын ұмытпағаны жөн. Сондай-ақ тыңғылықты зерттеу жұмыстары кезінде тамыры тереңге кеткен нанымдар мен сенімдерді жоққа шығаруы немесе соған байланысты күмән туындатуы ғажап емес. Осы орайда журналисттер түрлі сала мамандарының шынайы көмегіне  аса зәру.  Соның ішінде Қазақстанда жаңа даму дәуірін күтіп тұрған, мықты кадр дайынау тапшылығына ұшыраған, барлық аймақтарын медициналық жедел құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілмей отырған  -  МЕДИЦИНА саласы мамандарының көмегі тіпті ауадай қажет. Осы орайда сол қызметтің отына күйіп, суығына тоңып жүрген абзал жандар, бүгінгі медицинаның осал тұстарын ашық айтып, қазіргідей техника заманында барынша халыққа медициналық ақпар беруде аянбай еңбек етіп, журналистермен қоян-қолтық жұмыс атқарса нәтижелі еңбек боларына күмәніміз жоқ.                                                                                                                                          Бүгінгі қазақ медицинасының жай – күйі баршаны алаңдатары даусыз. Ал осы қиын да қызықты медицина саласында қызмет жасай жүріп қайшы мен қаламын қатар  ұстаған дәрігерді білесіз бе? Таныс болыңыз!  Бүгінде Германияда доктор-ассистент ретінде оқу-тәжірибесін арттырып  жүрген қазақ дәрігері – Ғабит Нұрханұлы. Ағамыздың әлеуметтік желі арқылы оқырмандарына медицинаны түсінікті тілмен, шебер жазып жеткізу стилі мені аса таң қалдырды. Орайын тауып, сұхбаттасу бұйырды. Ендеше төмендегі қызықты да мардымды сұхбатқа зер салыңыз:

  1. 1.     Әңгімеміздің әлқиссасын туған өлкеңіз, өскен ортаңыз, жалпы өзіңіз жайлы ақпараттан бастасақ?

Туған өлкем ОҚО, Төле би ауданы.Ата-анам ұзтаз кісілер. Әкем – тарих пәнінен ал анам – физика-математикадан сабақ берген. Балалық шағым Төле би ауданындағы Киелітас елді мекенінде өтті. Біздің ауылда көп ұлттың өкілдері өмір сүрді. Атап айтқанда әзірбайжан, түрік, орыс ұлт өкілдері. Ортама байланысты тіл жағынан еш қиындықтар болмады. Орысша, шамалы өзбекше мен түрікше білетінмін. Ата-анамның ұстаз болғанынан ба білмедім үй ішімізбен кітап оқуға әуес болдық. Үйдегі бар кітапты інім екеуміз жарыса оқып бітіретінбіз. Ал мен үшін қинала еске алар жәйт мектепте ағылшын тілі пәнін оқымадым. Алғашында арабша сауат ашып кейіннен медреседе оқып, білім алдым.  

  1. 2.     Балалық шақтың бекетінде қалып қойған, бүгінде тек «бір жымиып» еске алар сәттердің бірімен бөліссеңіз?

Балалық шақта  «Махорка»  деп аталатын зат сол кезде пайдаланылатын.  Мен жолда бара жатқанымда сол махорканы бір адам екінші біреуіне беріп жіберуімді өтінді. Ойымда түк жоқ қалтама салып алып апарып бердім. Ал қалтамда әлгі темекінің күлі қалып қойған болатын. Оны ұмытып та кеттім. Бір күні көйлегімді анама жууға берсем қалтасынан әлгі шылымның күлі шығып тұр. Әкем байқап қалып, аямай кеп сабасын. Сол тұста жасым он- он бір шамасы. Сол мезетте - ақ менің ойымда әсте шылымды қолдануға болмайтындығы қалып қойды.Сол кезден бері шылымды аузыма алып көргем жоқ. Болашақта да тұтынатын ойымда жоқ.

  1. 3.     Медицина саласына асқан салмақтылықпен қадам басу қажет деп ойлаймын. Ал сіз бұл салаға өз ықыласыңызбен бет бұрдыңыз ба?

Ешкім туғаннан бір маман болып тумайды. Ол келе қалыптасатын дүние. Бүкіл отбасым ұстаз болғандықтан мен бірден мұғалім болмасқа бекіндім. Мамандық таңдауыма себепкер болған ол менің көрген сериалдарым. Алғашында «Даллас» деген сериалда АҚШ-тағы штаттардың біріндегі мұнай компаниясы жайлы. Онда мұнайды қалай өндіруден бастап дайын өнім түріне дейінгі кезең көрсетіледі. Одан кейін «Сенсация» атты журналистер жайлы сериалдан кейін журналист боламын деп шештім. Оның үстіне жазуға икемім болатын. Түрлі газет беттерінде мақалаларым жарияланған болатын. Ал негізі ең қатты әсер еткен сериал бұл – «Жедел жәрдем»  болды. Аталмыш фильмде ауыр науқасты барлық дәрігер жабылып емдегенін қарап, мен дәрігер болуға бекіндім. Дәл осы сала менікі екенін түсіндім.

  1. 4.     Сіз тек адам тәнін ғана емдемей журналистерше қалам тербеп жазып жүрсіз. Қалам мен қайшыны қатар алып жүру қиындық тудырмай ма?

В.И.Лениннен «Мамандығыңыз кім?» деп сұраса ол «Журналистпін» деп жауап береді екен. Менен де біреу мамандығым жайлы сұраса ойланбастан «Журналистпін» деуші едім.Өйткені алғашында оқуға құжат тапсырған сәттерде мен Журналистика факультетіне өз құжаттарымды тапсырған болатынмын. Кейін Қазақ-Түрік университетінде жаңадан Медицина факультетіне құжаттар қабылдап жатқынын естіп, ойланбастан барып құжаттарымды алып Медицина факультетіне тапсырдым. Ал жазуға келер болсақ медицина тілі қиын болғанымен өте қарапайым дүниелер. Адамдар білмегендіктен қателіктерге ұрынады. Қарапайым заттарды түсінбей, арты қауіпті дерттерге ақыр соңында өліммен аяқталады. Мені осы жәйттер қынжылтады. Қалам тартуға үндейтін де осы жағдай. Мен осы Германиядағы жұмысқа ауыспас бұрын пікір алмасу сәтінде менен профессор қандай ғылыми еңбектеріңіз бар деп  сұрады. Мен оған мен ешқандай еңбек жазған емеспін деп жауап бердім. Бір ғалым бір ауру жайлы бір том еңбек жазса, ол кітапті қатты қажетсінген адам ғана оқуы мүмкін, ал көпшілік іздеп оқымайды. Ал мен әлеуметтік желілерге пост немесе мақала етіп жазамын. Желі қолданушылар көп болғандықтан менің жазғанымды оқитындар көп жіне әркез талқыға түсіп отырады. Маған еңбек жазып атақ алған маңызды емес, керегі тек жазғанымды оқитын адамдар саны маңызды деп жауап қаттым. Маған бұлай пост жазу ешөандай кедергі тудырмайды. Мен әрдайым адамдарда толғандыратын жағдай жайлы ойланып, ізденіп жүремін. Кейін сол ойды жариялаймын.

  1. 5.     Бүгінгі қазақ медицинасының кемшін тұстары мен артықшылықтары жайлы, дәрігер ретіндегі сіздің пікіріңіз?

Қазақ медицинасының кемшілігі немесе артықшылығы туралы айту өте ұзақ әңгіме. Ал салыстырар болсақ батыс елдерімен сапасы жағынан кемшілігі, ал Азия елдерімен қолжетімділігі жағынан артықшылығы бар. Ал ең бастысы қолжетімділігі.Кез-келген адам дәрігерге қарала алады. Мейлі кезекте тұрсын, шалғайда болсын әйтеуір қарала алады.

Ал кемшілігі – әрине сапасы. Кадр дайындау жөнінде олқылықтар өте көп. Көп жерлерде жедел көмек көрсету дұрыс ұйымдастырылмаған. Егер қалалық жердегі инфаркт немесе жедел көмек көрсетілуі тиіс аппараттарға зәру науқастар аман алынып қалынады. Ал орталықтан шалғай, ауылдағы науқастарға осы жедел көмек түрі ұйымдастырылмаған. Жүрек ауруымен ауырған науқасқа қала орталығынан шалғай орналасса алғашқы көмек түгілі 4-5 сағатта қалаға жеткенше өлім құшатын қайғылы жағдайлар өте көп. Шалғайдағы адамдардың осы олқылық кесірінен өмірімен қош айтысатыны өте өкінішті жағдай. Мемлекеттің негізін құрайтын ауыл-аудан халқына медициналық аппараттармен әлі де қамтылмағандығы қынжылтады.

   Бұл сұхбаттан алар ойдың түйіні: Қазақстандағы  медицинаның  сапалық жағынан дамуына күш жұмылдырып, білікті кадр дайындау жұмысына баса назар аудару.

    Елімізде ең басты құндылық – адам болғандықтан, адам өмірінің мәні мықты да салауатты денсаулықта. Сол себепті бүгінде өз алдына жеке арна болуға сұранып-ақ тұрған нақ осы – медицина саласы. Бірлі-жарым медицина жайындағы бағдарламалар жыртыққа  жамау болып жарытпайды. Бүгінгі ғасыр ғылым мен техниканың, цифрлық технологияның заманы болғандықтан медицина да сол көштен қалмай халыққа лайықты қызмет көрсетуі шарт. Ақпараттар ағынының көшінен қалмай, медицина арнасы ашылса ел тұрғындарының медициналық сауаты кемелденіп, дертіне шипа іздегендер өз қажетіне жарар ақпарат  алатын еді.