«Аутизм. Кедергіден арылатын уақыт»
жеке
блог

«Аутизм. Кедергіден арылатын уақыт»

Әлем бойынша дүниеге келген әр 68-ші бала аутизм дертіне шалдыққан. Ал Қазақстандағы 1,5 мың балада аутизм диагнозы бар. Аутизм – қауіпті дерт емес. Аутизм – психикалық дамудың бұзылуы. Өкінішке орай, аутист балалар өзге балалармен қарым-қатынас жасау қабілетінен айырылған. Алайда, күнделікті тіл жетілдіру мен ой дамыту жаттығуларының арқасында аутизм дертін жеңуге болады.

2008 жылдан бері 2 сәуір күні бүкіл әлем аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күні атап өтіледі. Жыл сайын бұл күні халықаралық #LightItUpBlue флешмобы ұйымдастырылады. Әр елде қаладағы архитектуралық ғимаратттар мен ескерткіштерде көк түспен жағылып, аспанға мыңдаға көк түсті шарлар ұшырылады. Аутизм дертінің символы ретінде көк түс бекерден таңдалынбаған. Себебі, аутизм дерті қыз балаларға қарағанда ер балаларда бес есе көп кездеседі. Ал көк түс, әдетте, ұл балаларға тиесілі.

Бұл игі шара біздің елде де жыл сайын ұйымдастырылады. Сәуір айының алғашқы жексенбісінде Астана, Алматы, Өскемен, Қызылорда қалаларында «Асыл мирас» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен «Аутизм. Кедергіден арылатын уақыт» қайырымдылық акциясы өткізілді. «Асыл мирас» қайырымдылық қоры бизнесмен, қоғам қайраткері Болат Өтемұратовтың бастамасымен құрылған. Мақсаты – аутизм дертіне шалдыққан балаларға көмек қолын созу.

Шара алдында барлық қатысушылар аутизм дертіне қатысты сұрақтарға жауап берді. Кейін «Асыл мирас» қайырымдылық қорының директоры Марат Айтмағамбетов пен белгілі профессор Алмас Шарман шара қонақтарына аутизм жайында ақпарат берді. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, аутизм дерті бар балалар орта мектептерге бара алады, олар әлеуметтік ортаға үйренген, олардың қоғамда еркін жүріп-тұруына жағдай жасалған.