Өлең...

Көктеммен бірге бүршік жарған сезімім,
Ойламай кетсем ,ойланбай кетсем маған сын,
Толассыз тамшы жуатын мұңды айдынға,
Үңілші жаным,айтайын саған үзік сыр.
Іздеп ем сені,жылыстап жылдар аққанда,
Сезінуші едім арманым қанат қаққанда,
Елесің кезіп,жанымның жалпақ белесін,
Көп жүру ші едім мұңайып үнсіз бақтарда.
Суретің семіп,санамды торлап сансыз ой,
Кеудемді кернеп сағыныш сазы жатқанда,
Тағатым бітіп,жынданып кете жаздаушы ем,
Шексіз түн бітіп,ағарып таңдар атқанда.
Іздеймін сені жүректен жасым тамшылап,
Кеудемді осып,көкейді тесіп сан сұрақ.
Бір саған деген таусылмас сәуле-сағыныш,
Жібермей жатыр жанымды менің тұтқынға ап.
Келерсің бәлкім күндермен көші ағылған,
Жалғарсың мүмкін,төгілген әнді жанымнан,
Сүйеніп үнсіз жаныңа – жаным жұбанар,
Мыңдардан сені бұлжытпай дұрыс таныған.
Келмесең егер,жолықпай кетсең мүлде сен,
Елеске еріп жүрегім жүрер сенделіп,
Ұрламас уақыт саясыз сағым-бейнеңе ,
Өшпестей болған махаббатым деп серт беріп....


Бөлісу: