OpenU.kz жайлы бір ой

OpenU.kz жайлы бір ой
жеке
блог

Алдыңғы күні "Kcell" компаниясы мен "WikiBilim" қоғамдық қоры бірігіп жасаған "Қазақстанның ашық университеті" білім беру жобасының таныстырылымына баруға мүмкіндік түсті. Білімге, ғылымға қатысты жобаларды жақсы көрем, себебі, білім ешқашан артық болмайды. Бір жағы қазақ тілінде ғылым үйретуге ұмтылыс болып жатса, мен неге тыс қалуым керек? Кейде ойлаймын, қазіргі балаларға бізден гөрі жағдай жақсы жасалған бастысы ынтаң болса болды, не қаласаң соны көріп, тәжірбие жасап, тіпті видеоға түсіріп, тест тапсырып өз біліміңді дамытсаң болады. 

OpenU.kz сайты арқылы студенттер мен жоғарғы сынып оқушылары және өзін дамытқысы келетін кез-келген адам өзбетінше жоғарғы математика, бизнес жүргізу, Web-бағдарламалау, робототехника салалары бойынша онлайн білім ала алады. Оларға ҚБТУ, Қ.И.Сәтпаев атындағы ҚазҰТЗУ, SDU, AlmaU  университеттерінің мұғалімдері дәріс жүргізеді. 

«WikiBilim» қоғамдық қорының президенті Нұрбек Матжанидің айтуынша, OpenU білім беру платформасының арқасында қазақстандықтар жобаға серіктес университеттердің үздік профессорларының дәрістеріне еркін қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды. «Қазақстанның ашық университеті» диплом бермейді, ол университеттерге өз қызметтерінің сапасын арттыруға, ал оқушыларға сапалы білім алуға көмектеседі. 

Kcell компаниясының қолдауымен алғашқы 10 онлайн-курс әзірленді. Олардың қатарында келесідей курстар бар:

1)   Матрицалар және анықтауыштар;

2)   Мемлекеттік-жекешелік әріптестік;

3)   Web-бағдарламалау негіздері;

4)   Фурье талдауы;

5)   Робототехника;

6)   Введение в компьютерные науки на языке Java.

Бір курстың орташа ұзақтығы – 5 апта. Бірегей білім беру контентінің 80%-ы қазақ тілінде. Бұған қоса, порталда онлайн-курс авторлары ұсынатын арнайы әдебиеттер орналастырылады. Сонымен бірге, платформада алған білімді тексеруге арналған тесттік тапсырмалар да қарастырылған.

OpenU.kz платформасы Гарвард университеті мен Массачусетс технология институты мамандары жасаған Open edX негізінде құрылған. Сайтта интуитивті интерфейс, ыңғайлы видеоплеер, курс тыңдаушыларының жеке кабинеті, тест тапсырмалары мен конспектілер бар. 

Бастысы бұл онлайн білім алу платформасы біз үшін тегін болмақ. Болашақта, Нұрбек Матжанидың уәдесі бойынша, сертификаттар беру мүмкіндігі де қарастырылмақ.

P.S. Менің ойымша, бұл бірнәрсе үйренем деген адамға жақсы мүмкіндік. Адам жан-жақты дамуы керек, ізденуі керек. Құры жұлдыз болуды ойлай бергенше ғылымға көңіл бөліңіз. Асқар Жұмаділдаев ағамыз айтпақшы, ғылымда да жұлдыз болуға болады.