30 күн артық ақпараттан ораза ұста.
жеке
блог

30 күн артық ақпараттан ораза ұста.

Бірде ілім талапкері болып жүрген мүридім былай сұрады:
- Уа, Ұлы Шайқым! Ағылшын тілін үйренуге талаптанып жүргеніме 4 жыл болды. Бірақ, мен үшін үйрену қатты қиын! Миыма кірмейді мүлдем! Осыдан соң жалғастыруға ерініп кетемін. Сөйтіп кейінге қала береді. - деді өзінен налып.
- Кірмейді емес, бәлкім, кіргізетін орын қалмайтын шығар? Мәселенің еріншектікке қатысы аз, негізі! - дедім әңгіменің сарынын байқап.
- Ол қалай сонда? - деп түсінбей қалды.

Мен барлық жаратылыс пен үдерістің белгілі бір шегі бар деген пікірге қосыламын. Көздің көру шегі, құлақтың есту шегі, аяқтың жүру шегі, асқазанның ас қабылдау шегі деген сияқты адам тәніндегі барлық нәрсенің де шегі болады. Мидың да ақпарат қабылдау шегі болады. Неліктен біздің буындарға жаңа бірдеңелерді үйрену өте қиын екендігін ойланып көрдіңіздер ме? Көне уақыттарға қарайтын болсақ, оларда кітап та болмаған. Әйтеуір, көз ілінгенін жаттап ала берген. Жаңа естіген күйін, жырын, зергерлік құралдарды қолдануды бір көргеннен-ақ жаттап ала беретін еді. Ал, қазір ше? Біздің миымыз эволюция бойынша дамып жатыр десек те, жаңа дүниелерді қабылдау бойынша олар сияқты зерек емеспіз. Оның себебі, біреу ғана. Олардың миы аш еді. Құнды ақпарат өте аз болатын. Сондықтан, олардың аш миы ақпаратты тез қабылдай беретін. Ал, біздің қазіргі заманда айналада ақпараттан көп бәле жоқ. Таңның атысы мен кештің батысынан бастап, айналамыздағы пайдалы да, пайдасыз ақпараттарды миымызға зорлап тығып жатырмыз. Таңертең мөлшерінен тыс, түсте мөлшерінен тыс, кешке мөлшерінен тыс тамақ жеген адамның күйі сияқты, күнімен өзімізге қажетсіз ақпараттарды жинап жатқан миымыз мақсатты түрде бірдеңе оқи салайын деп ойлағаныңызбен ештеңені де қабылдап қорыта алмай қалады. Егер, адам өз миына үкімдар болатын болса, онда естен шығару, қате түсіну сияқты қателіктер болмайтын еді. Мәселен таңертең бірдеңе оқысаңыз сізге жақсы сіңеді. Ал, сондай ақпаратты кешке оқып көріңізші. Шаршап кетесіз. Өйткені, таңертең ми сәл де болса тазарып тұрады. Біздің заманның жағдайымен қарайтын болсақ, оның өзі де толық тазармайды.

- Сондықтан, - дедім әлгі жас мүридке қарап, - Егер ағылшын тілін оқығың келсе, онда ең әуелі 30 күн артық ақпараттан ораза ұста. Интернетте отырып алып, өзіңе дым да пайдасы жоқ, жаңалықтарды оқи беруді доғар. Өзіңе қажетсіз тұлғалардың деректерін оқуды, олардың өмірбаяндарын қарауды, деректі фильмдерді де, көркем фильмдерді де көруді доғар. Фейсбуктағы  пікірлер мен посттарды оқуды жиыстыр да, миды бір ай бойы артық ақпараттан аулақ қыл. Кез-келген жағдайда Google ақтарып кетпей, өзіңде барымен қорытуға тырысып көр. Артық ақпараттарды миыңа тігіп жүктеп қоюы мүмкін адамдардан да алыстап жүр. Айтылған мерзім өткен соң, миыңның қаншалықты ашыққандығын анық сезесің. Міне, сол кезде жоғарыдағы ережелерді біршама сақтай отырып, ағылшын тілін оқуды бастап көр. Егер одан эффекті болмаса, онда мені "Бетіңе Саша Грей отырсын!" деп қарғауыңа рұқсатымды бердім, мүридім!
- Шайқым, түсіндім сені. Тап қазірден бастаймын орындауды. Айтпақшы, Саша Грей деген кім осы?
- Хммм, ол енді! Маңызды емес негізі оның кім екені... Әлемдік классикалық ауыз әдебиетінің көрнекі тұлғаларынан бірі ол.
- Жарайды, Шайқым! Интернеттен оқып қарай саламын ғой.
-Қарағым - Жаңағы бері не айтып отырмын саған?! 
Micheal Sherimbek