Қойылымға рецензия
жеке
блог

Қойылымға рецензия

Күлеміз бе, жылаймыз ба?!..

Авторы: Е.Жуасбек

Жанр: Комедия

Ұзақтығы: 2 сағат

Жас санаты: +7

Премьера: 3 қараша, 2010 ж.

 

Көпшіліктің сүйікті театры - М. Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында кеше ғана курстың студенттерімен бірге Е. Жуасбектің «Күлеміз бе, жылаймыз ба?!..» қойылымын тамашалап қайттық. Қойылым басынан көрермендерді өзіне бірден баурап алып, соңына дейін назарды ұстап отыра алды.

Бір отбасы арқылы бүкіл қоғамның қасіретін көрсете алған спектакль мен күткеннен де керемет болды. Кеңес Одағының интернационализм идеологиясының кері салдарын ашық көрсететін бұл қойылым жүрекке ауыр тиіп, үйге қайтар жолда өз арамызда кішігірім талқылаудың себебі болды. Көрші апалардың басты рөлдегі отбасы үлгісіндей ұл-қыздарын шетелдіктермен отауластыруға ұмтылуы бұл мәселе әлі де өзектілігін жоймағанын көрсетеді. Өзге ұлтты биік қоюға еті үйреніп қалған қазекеңнің қазіргі кезде де сол дәстүрді жалғастырып жатқанын бәріміз қайтадан байқадық.

Қоюшы-режиссер, қоюшы-суретші, балетмейстер, әртістердің дайындығы өздерінің нағыз майталман, хас шеберлер екендігін тағы да дәлелдеді. Бәрімізге танымал әртістер- Сейтімбет Үсіпхан Әбдікерімұлы, Темірсұлтанова Данагүл  Қайырсапақызы, Азамат Сатыбалды және Қаптағай Бауыржан Есқожаұлының өз рөлдерін осы жолы сомдағаны өте үлкен әсер қалдырып, шабыттандырды. Қойылымның ортасына дейін өз рөліне беріліп кеткен Данагүл Қайырсапақызын ападан айыра алмай, таба алмай отырдым. Сахналық эффектілерден пойыз бен ұшақтың елесі ұтымды шыққан. Көрші Сары апа мен Черная апалардың рөлі қаншалықты жағымсыз болғанымен, олардың биі залды күлдіріп, шын қуантпай қоймады.

            Қойылымның заман талаптарына сай дамуы үшін күнделікті өмірмен байланысын күшейту керек деп есептеймін. Трамптың бүгінгі таңда көп талқыланатын президент екендігі сөз арасында келтірілгеніндей, корей және неміс ұлттарының қазіргі кезде ұлттық киімде жүрмейтінін ескеру керек-ті. К-рор-тан ЕХО, BTS,  немістен Rammstein-ның бір-екі әнін сүйемелдеуге алса, қазіргіден де керемет болар еді. Пойыздың жарық шамдары қаншалықты әсерлі болғанымен де, мына тұрған Астанаға ұшақпен барып-келіп жүрген көрерменге Германиядан балаларды ұшақпен-ақ әкеле салса, жарар еді.

            Ұлттық құндылықтың жойылып бара жатқандығын, әрбір мемлекет тірегі-отбасының жеке тұлға тәрбиесіндегі маңызын көрсете отыра, қазіргі өзекті мәселелрді көтере алған бұл шығарманы ойымнан өткізгеніме қуаныштымын. Ұлттық классика мен заманауи драматургияның барлық жанашырларына Е. Жуасбектің «Күлеміз бе, жылаймыз ба?!..» қойылымын тамашалауды және, жалпы, талғам мен мәдениетті дамыту үшін театрға мезгіл-мезгіл барып тұруға кеңес беремін.