Цифрлы журналистика

Цифрлы журналистика
жеке
блог

XXI ғасыр ғылыми техникалық революцияның шарықтау шегіне жетіп,адамзат өркениетінің жаңа-цифрлы деңгейге көтерілген кезеңі.Өткен ғасырдың соңында басталған жаһандану үрдісі әлем елдерінің біртұтас жаһандық-ақпараттық нарықты қалыптастырып,мәліметтік қамалды ,яғни барьерді біртіндеп жоюға әсерін тигізді.Заманауи технологиялардың адам өмірінің барлық салаларында қолданылуы қоғам дамуының заңдылықтарын айқындап,әлеуметтік-саяси мәселелер жайлы мағлұмат беретін бұқаралық ақпарат құралдарына да жаңа жанрлар мен тенденциялар әкелді.Менің ойымша,ғаламтордың индивидуализациялануы дәстүрлі  жаңалық тарату жолдарының эволюциясы- мультимедиялық журналистиканың қатыптасуына ықпал етті.Мультимедиялық журналистика дегеніміз не және оның дамуының басты трендтері қандай?

Цифрлы  журналистика ғаламтордың дамып,өркендеуінің нәтижесінде пайда болған медиасфераның жас жанры.Заманауи журналистикаға жылдамдық,инфоцентрлік және интерактивтілік тән.Сондықтан,бұл формадағы журналистиканың дамуының басты трендтері ретінде виртуалды шындықты,коллективті пікір алмасу мен салааралық байланысты қамтамасыз ететін мамандық түрі сынды қасиеттерін алуға болады.

Журналистиканың жаңа медиаконтексті қоғам өмірінде жаңа медиакеңістіктің негізін қалады.Тарихқа көз жүгіртетін болсақ,бірнеше он жылдық бұрын тілшілер өз бағдарламаларын теледидар арқылы көрсету үшін телемұнараға арнайы жазылған кассетаны жеткізіп үлгерулері қажет еді,ал баспа ісімен айналысатын журналистер мақаласын жариялау үшін және газет беттерін құрастыру үшін көп тер төгетін.Цифрлы журналистика аталған мәселелерді шешіп,оқиғаны дәлме-дәл уақытта жариялап,халыққа сенімді хабар жеткізуге мүмкіндік берді,сондықтан журналистика Арнольд Мэтью атап өткендей, жол-жөнекей жазылатын әдебиетке айналды.Сонымен қатар,ұялы телефондар мен планшеттерге арналған арнайы қосымшалар жаңалықтың жылдам,мобильді түрде таралуының кепілі болып табылады.Мысалы,күнделікті газет-журнал алуға уақыты жоқ,бірақ әлем жаңалықтардан хабардар болғысы келетін адамдар Nur.kz , Tengrinews сынды ақпараттық агенттіктердің қосымшаларын жүктей алады.Сондықтан,интернет журналистика самсаған сары қолдың жаңалыққа деген құмарын қандырады.

Ғаламтор – қолданушылардың ақпарат және пікір алмасуына арналған жүйе,сол себепті мультимедиялық журналистикада да оқырмандарға өз ойларын еркін жеткізуге жағдай жасалған. Жаңалықтар сайтындағы арнайы функциялардың көмегімен оқырман белгілі бір оқиғаға қатысты өзінің сын-пікірін коментарий ретінде білдіре алады.Сондай-ақ,интернет журналистикасы арқылы мамандар түрлі әлеуметтік сауалнамалар мен зерттеу жұмыстарын кең аудиторияны қамту арқылы іске асу мүмкіндігіне ие.The Economist Intelligence Unit  атты британдық орталыктың статистикалық мәліметтеріне сүйенетін болсақ,167 елдің тек 25-інде ғана толық демократия қалыптасқан,демек салыстырмалы түрде демократиялық көрсеткіш жоғары елдердегі журналистика өзіне жүктелген міндеттерді толығымен орындай алады,ал өзге 143 мемлекеттерде аталған сала белгілі бір дәрежеде қысым көріп,жаңалық жаршылары тарапынан жұршылыққа объективті ақпарат жеткізілмейді.Европадағы халық билігнің  жоғары болуы дамыған елдердегі электронды журналистиканың қоғамдық санада және социумда өз орнын тауып,билік өкілдерімен берік байланыс орната білуінде деп білемін,сондықтан төртінші билік өкілдері ғаламтор желісінің арқасында халықты жан-жақты шынайы ақпаратпен қамтамасыз етудің қайнар көзіне айналды.

Электронды журналистика ақпараттық технологиялардың дамуының қозғаушы күші болып табылады,өйткені көрермен назарын аудару үшін журналистер түрлі компьтерлік қосымшалар мен бағдарламаларды  меңгеруі тиіс.Мақалаларды өңдеп,сюжеттерді бір-бірімен байланыстырып,тың интерфейс пен дизайнды қолдану арқылы цифрлы журналистика ғасырлар тоғысында қалыптасқан,жетілдірілген және кіріктірілген әлеуметтік ғылымның саласына айналады.Қарапайым мысал ретінде интернет желісіндегі көркемдік палитрасы жоғары сайттардың танымалдылығы да жоғары болатынын келтіруге болады.Демек,сандық журналистика болашақ мамандықтарымен байланысты және өзге салаларға да белгілі бір дәрежеде өз ықпалын тигізеді.

Адам өмірін жарқын жаңалықтармен толықтырып,халық пен үкімет арасындағы дәнекерге айналған цифрлы журналистика тұрақты даму концепциясының қалыптасуын және әлемдік мәдениет мүддесінің сақталуын қамтамасыз етеді.Заман ағымы мен қоғам талабы өзгерсе де,басты мақсаты мен принциптері-объективті әрі шынайы ақпарат жеткізіп,дүниежүзі тарихын жазуға үлес қосатын журналистика саласы әрдайым жаңарып,өркендеп отырады.Сондықтан,мультимедиялық журналистика-ақпараттық технологиялар дәуірінің басты символы,темір гаджеттер әлеміндегі өнертабыстардың үздігі.