Дәстүрлі сарыны сақталған жыл санау

Дәстүрлі сарыны сақталған жыл санау
жеке
блог

 Қақаған қыстың қара суығы қайтып, қар жауған қабағы ашылып шырайланып  шыққан күн нұрының қуатымен табиғат атаулы тылсым қайта оянып, жер-ананың кеудесіне мұз боп қатқан тоңы еріп, үш ай тоқсаннан аман-есен өтіп жер жүзінің қызылды-жасылды кілемге оранатын кезі, балауса мезгіл де әне-міне дегенше келіп жетті.Бұл мезгілдің өзі құшағына береке мен бақытты толтырып ерекше мерекемен, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін кезеңі түбі бір күллі түркі халқына ортақ айтулы мейрам- Наурыз мерекесімен басталады.Күн мен түн теңеліп, елдің "Наурыз көженің сыбағасы" деп сақтаған сүр еті қазанда қайнап, тек табиғат қана емес, адам баласы да жаңаратын бұл мезгіл-жаңа жылдың басы.

 Жалпы, жаңа жыл басы, жыл қайырудың да өз тарихы бар.Осыған сәйкес "Жыл басына таласқан жануарлар" аңызын бала күнімізден құлағымызға сіңіріп өстік.Бұл аңызда бойына сенген мақтаншақ түйенің он екі мүшелге кіремей қалғанын, күнді ең алғаш болып тышқанның көргенін де білеміз.Бірақ бұдан өзге тағы бір аңыз бар екен көпшілігіміз біле қойған жоқпыз.Ол- бүкіл түркі сөздік қорының шежіресі болып табылатын әйгілі "Диуани лұғат ат-Түрік" сөздігінің авторы- М.Қашқари жазып қалдырған аңыз."Аңыз оқиғасы Іле өзенінің бойында өтеді.Түрік қағаны өзі жаңылыса берген соң,жыл санауды ыңғайлы бір ретке түсіруді ойлайды.Ол үшін жылдарды он екі хайуан атымен атауды ұсынады.Содан кейін, аңға шыққанда аң,хайуан атаулыны Ілеге қарай тоғытып, қуалайды.Сонда, Іленің арғы бетіне бірінші болып тышқан жүзіп шыққан екен.Одан кейін ілесе жүзіп шыққан жан-жануарлардың аттарын рет-ретімен белгілеп,санап он екі жылдың атауларын белгілейді.Он екі жылды бір мүшел санайды.Жыл атаулары,реті қазіргі қолданылып жүрген жыл аттарына толық сәйкес келеді." ("Қазақ әдебиетінің тарихы" Он томдық.2-том,Алматы 2007ж, 290-б)

 Иә, қарап тұрсақ жыл қайыруға байланысты бір емес, бірнеше аңыздар бар,бірақ қай-қайсысын алып қарасақ та жыл санаудың дәстүрлі сарыны сақталып, бүгінгі күнге жетіп отыр.