Көктем келді, ал сіздің өзгергіңіз келеме?!
жеке
блог
блог
Мақсатыңызға жетіп, өзіңізді өзгеше қырыңыздан танығыңыз келсе, күнделікті өміріңізді 180°C-қа өзгерту керек. Жоспар құрып, жаман әдеттерді тыйып, әрекеттеріңізді жүйелесеңіз, өміріңіз мәндірек бола түсетінін белгілі. Барлығы өз қолыңызда, тек соны тиімді пайдалана білсеңіз болғаны. Олай болса, мына кеңесімізге құлақ түре отырыңыздар. Бәлкім, көмегі тиіп қалар.
1. Жоспар құрыңыз.
Құр қиялға берілмеңіз, іс-әрекетпен жұмыс істеңіз. Нақты жоспар құрыңыз: күн сайын жаттығыңыз, кітап оқыңыз, серуенге шығыңыз.
2. Жарқын сәтті өзіңіз жасаңыз.
Жарқын сәт — бұл жемісті жеңіс шағы. Әр жеңіс адамды өзгерте түседі. Рух, күш береді. Жеңісті үнемі іздеп жүру керек. Мысалы, рухани байығыңыз келсе, бір уақыт тауып кітап оқыңыз. Әртүрлі жанрдағы шығармалармен, зияткерлігіңізді дамытатын кітаптармен сусындаңыз. Соңында, бұрын-соңды мән бермеген заттарды басқа қырынан танып, өзіңіздің ақылыңыздың еселенгенін бірте-бірте байқайсыз.
3. Мақсатыңызды суреттей біліңіз.
Өз мақсатыңыздың суретін ақ параққа салып қойыңыз. Мысалы, іскер боламын десеңіз, оған жетер жолды жол картасы секілді бейнелеңіз. Сонда, барар межеңізге әлі қанша қадам бар екенін шамалап отырасыз.
4. Іс-әрекетті өзгертіңіз.
Егер өзіңіз арыла алмай жүрген әдетіңіз болса, оны басқа әрекетпен алмастырыңыз. Мәселен, ағзаңызға зиян келтіретін өнімдерді көп тұтынатын болсаңыз, тіпті оларсыз күніңізді елестете алмасаңыз, сізге мынадай кеңес береміз. Бұл тағамдарды аптасына тек үш рет қана жеңіз де, бір рет спортзалға барып, денеңізді шынықтырып тұрыңыз. Кейін уақыт өте келе орындарын алмастырыңыз, яғни, аптасына үш рет спортзалға барып, бір рет сүйікті тағамдарыңызбен өзіңізді бір «еркелетіп» алыңыз.
5. Жағдайға қарап жұмыс істеңіз.
Егер жағдай аяқ астынан өзгеретін болса, сіздің мінезіңіз де өзгереді. Не көңіл-күйіңіз түседі не ашуланасыз. Бұны психолгиялық жолмен өзгертуге болады. Өзіңізді сабырға шақырыңыз. «Неге бұлай болды?», «Бұлай болмағанда, бұлай болатын еді» дегенді доғарыңыз, өткенге өкінуге уақыт жоқ!
6. Әдеттеріңізді бір ізге салыңыз.
Жақсы әдеттерді қалыптастырып, жаман әдеттерден тыйылуды алдыңғы жазбамызда жазған болатынбыз. Хобби, машық деген дүниелер өз уақытымен өз кеңістігінде болуы керек. Мәселен, жұмыс үстелінде әлеуметтік желіде емес, жұмыспен отырыңыз.
7. Өзіңіз секілді жанды іздеңіз.
Бұның махаббатқа қатысы жоқ. Бұл жеке өзіңізге қатысты. «Өзімді өзгертемін» десеңіз, сізден де көргені мен білгені көп және сізден де биік ойлайтын досыңыздың болғаны дұрыс. Спортзалда шынығып жүріп, сіз секілді мақсат құрған адам болса, кеңес сұрап, ой бөлісе жүріңіз.