Сіз күлудің өзіңізге әкелер пайдасын білесіз бе?

Күнделікті өмірде оқу орындарында, жұмыста, қоғамдық көліктерде, дүкендерде түрлері жабырқау, көңілсіз егде адамдарды байқаған боларсыз. Ал енді көз алдымызға балабақшаларды, ойын-сауық алаңдарын, тіпті мектепті бір сәтке елестетіп көрейікші. Егер елестеткен болсаңыздар, бірден ойыңызға келген сурет сәбилердің, жас балалардың сыңғыр күлкілері болса керек. Жастайымыздан осындай шат-шадыманға толған балалық шағымыз есейген кезімізде тіршілік күйбеңімен түнерген, қиындақтарға толы өмірге алмасады.

Сіздің өміріңізде де осындай кезең белең алса, оның себебін бірге іздеп көрейік. Сонымен қатар, күніңізден бірден ләззат алып, қуанышқа бөленіп, жан-жағыңыздағы адамдарға да жылу шаша алатыныңызды түсінесіз. Жай ғана жымиюдың өзі өміріңізге әкелетін пайдаларына тоқталып өтейік:

1.Ең маныздыларының біріне сіздің жымиған кезіңізде, дененің эндорфин атты медиаторды бөліп шығаруы жатады. Эндорфин медиаторы бет бұлшық еттерінің қимылы әсерінен миға берілген сигнал арқылы түзіледі екен. Бұл дәлелге сүйенетін болсақ, адамның миы оның шын немесе өтірік күліп тұрғанына үлкен мән бермейді. Демек сіз күліп тұрған секілді кейіп танытсаңыз да, жанағы химиялық элементтер өз бетінше түзіле береді. Калифорния Университет ғалымдарының зерттеуі бойынша, бұл химиялық элементтің адам ағзасындағы орны ерекше, себебі ол сіздің бойыңыздағы "стресс гармондарының" көлемін азайтып, көңіл-күйіңіздің көтерілуіне жол ашады екен. Оған қоса, егер адамның бойында созылмалы аурулар кездесетін болса, ол сіздің ауруыңызды өзіңізге әдеттегіден азырақ сезінуге септігін тигізеді.

 

 

2. Күлкі адамның иммундық жүйесін дамытады. Оған сіздің қан жүйеңіздің дұрыс айналуы мен жүрек қағысының орнына түсіп, бірқалыпты соғуы мысал бола алады. Сонымен қатар, Пенн университетінің зерттеуі бойынша, ауруханада жатқан кішкентай балалардың жартысына күнде психолог ғалымдар келіп, қызықты ертегі немесе әңгіме айту арқылы көңіл күйлерін жоғары ұстауға тырысқан. Эксперименттің соңында көңіл-күйлері жоғары балалар мен қалған жартысын салыстырған кезде, ертегі айтқан балалардың бойында ауруға қарсы лейкоциттердің саны артып, көптеген тұмау, суық тию сияқты ауруларға бірден қарсы тұра алатындай иммунитеті көтерілген.

 

3. Көптеген Азия халықтарының, соның ішінде жапон, сингапур, қытай азаматтарының әдеттеріне назар аударсақ, олардың әрқашан көтеріңкі көңіл-күйде жымиып жүретінін байқаймыз. Мұндай әдет олардың тек мәдениеттілігінің белгісі ғана емес, денсаулықтарының мықты болуының нышаны болып табылады. Көптеген адамдарды мазалайтын сауалдардың бірі - "Күлгеннен пайда болған әжімдер бет-әлпетіңді қанша жасқа қартайтады?". Мазаңызды алатын бұл мәселеге қытай ғалымдары өз зерттеулерінің нәтижесін ұсынды. Оның қорытындысы бойынша, күлкі тиімді және белсенді бет гимнастикасының түріне жатады. Ол керісінше әжімнен түскен сызаттардың орнын азайтып, әжімді бетке түсірткізбеуге ықпалын тигізеді. Ғалымдардың пайымдауынша, күлген сайын түріміз ажарлана түсіп, тіптен өз жасыңыздан 4 жасқа шейін жас көрінетін боласыз дейді. Егерде әсем әрі сымбатты көркіңізді сақтап қалғыңыз келсе, Шығыс Азия халықтарының күнделікті әдетін орындағаныңыз абзал.

 

4. Егер езуіңіздің кең ауқымды болуы өмір сүру ұзақтығына әсер етеді десем қалай қарайсыз?Осыған байланысты 2010 жылы Уэйн Университетінің ғалымдары адамның күлкісіне байланысты бірнеше ғылыми жобаларды жүзеге асырды. Олардың бірінде, әлемдік турнирге шығып жүрген баскетбол құрама командасының мектеп бітіргендегі суреттеріне қарап, оларды үш топқа бөледі. Жаңағы топтар, баскетболшылардың фотодағы езуінің кеңдігіне байланысты: күлмеген, жымиған, кең күлген деп ажыратылады. Зерттеулердің нәтижесі бойынша, орташа есеппен күлмеген топ 72,9 жыл, жымиған топ 75 жыл, езулері ауқымды күлген баскетболшылар 79,9 жыл өмір сүріпті. Бұл зерттеуге қоса, Лондон университетінің ғалымдары көп күлетін адамдардың өмір сүру ұзақтығы күлмейтін адамдарға қарағанда 35 пайызға ұзақ екенін анықтады. Осылайша, біз өзіміз көп мән бермейтін жай ғана күлкінің бізге берер пайдасы аса зор екеніне нақты дәлелдеріміз бар.

Деніңіздің сау, тәніңіздің сымбатты және көркем болғанын қаласаңыз, көңіл-күйіңізді әрқашан көтеріп, қамығудың орнына күлумен айналысыңыздар!

 

 

 

 

 

 

 



Бөлісу: