Үйлену тойдың жасырын мәселелері

Үйлену тойдың жасырын мәселелері
жеке
блог

Қазақ үйлену тойын жасауы керек пе, әлде керек емес пе?

Әр адамның өмірінде ең мағыналы, естен кетпес оқиғалардың бірі болып саналатыны ол, әрине, отбасы құру. Бұл оқиға ерте ме, кеш пе әркімнің өмірінен орын алады, және ең басты сұрақ ол “өз өміріңді кіммен байланыстыру, кіммен өмірдің қуанышы мен қайғысын бөлісу?”. Әрине, кездейсоқ адаммен отбасын құру мүмкін емес. Уақыт өте келе әр адам өзіне жар іздеп табады, бұл кейбіреулер үшін тағдырдың жазғаны болса, ал келесі біреулеріне кемеліне келген адамның өз жасаған таңдауы. Таңдау жасалып, адамдар бір-бірін танып, жақсы біліп, араларында сезім мен сенім туып тұрса, қарым-қатынастары белгілі бір деңгейге жеткен кезде жұп отбасы құру туралы ойлана бастайды.

Отбасын құру үшін жастар неке қиюы қажет. Біріншіден, олар ресми түрде АХАЖ-ға барып тіркелуі керек; екіншіден, жастар ерте заманнан бастап келе жатқан қазақтың салт-дәстүрлері бойынша той өткізуі керек. Осындай той-думанда бүкіл ауыл жиналып, бір-біріне көмектесіп, бәрі қыдырып мереке өткізіледі. Бірақ, біздің қазіргі қоғамда қалыптасқан ой-пікір бойынша, үйлену тойы тек қана өз отбасының бақыты мен қуанышымен бөлісу ғана емес, басқаларға өз байлығын және молшылығын көрсету. Сондықтан той өткізу рәсімі оңай болып табылмайды, тойға дайындық көп уақыт, күш пен қаражатты керек етеді.

Ғашықтар және олардың жақын туыстары айлар бойы, кей кезде жыл бойы тойға дайындалады. Қазіргі уақытта тойға жіберілетін ақшаны санайтын болсақ, ол орта есеппен 5 миллион теңгеден асады. Кейбір адамдар жақсы той өткізу үшін несие алып және тойдан кейін бірнеше жыл бойы төлеп жүреді. Той жасаған кезде мейрамханаға, киімдерге, тамақтарға, сыйлықтарға, тойбастарға, тамада мен оның тобына, бишілер немесе әншілерге кететін шығындар әр орта отбасының қалтасына қолжетімді емес. Бұл тек қана тойға кететін шығындар, ал тойдың алдында, әрине, құдалық қоржынын сыйлау, сырға салу, қыз ұзату деген рәсімдер де шығынды болып табылады. Осы қазақ тойы туралы ойлансақ, әрине бұл есте қалатын кеш болғанымен, бірақ осы бір ғана кеш осынша шығынға тұра ма?

Қазіргі уақытта, өкінішке орай, кейбір жас неке қиған жұптар үйлену тойының несиесі аяғына дейін төленіп үлгермей айырылысып кетіп жатады.

 “Той жасау керек пе, керек емес пе?” деген сұрақ қойған кезде, ең бірінші біз «Қазақтар тойды не үшін жасаймыз?»- деген сұраққа жауап беру керекпіз. Біріншіден, бұл бұрыннан келе жатқан салт-дәстүр. Екі жасты бүкіл туысқандар құттықтап, олардың жаңа құрған шаңырақтары биік болсын деп тілейді. Екіншіден, ата-аналар өздерінің баларына үйлену той жасауды борыш сияқты түсінеді, оны көпке жария етіп өткізу шарт деп санайды. «Біз қаншама тойға барып үлгердік, өз тойымызды да жасау керекпіз, басқалардан ұят болады» деген ойлар осыған себепші. Осылайша біреулері жұрттан ұялып той жасаса, келесі біреулері  «Біз не, басқалардан кембіз бе?»- деген сұрақпен той жасауды шешеді. Расын айтсақ, қазақ халқына мақтаншақтық пен боямалық қасиеттері тән, осының кесірінен олар тойдың басты мағынасын естен шығарып алады. Тойлар көбінесе жастар үшін емес, ағайын-туысқандар  үшін жасалады. Қазіргі тойларда «Кім қандай киім киді?», «Кім дастарханды қалай жайды?», «Кім тойына көбірек ақша шаша алды?» деп бірін-бірі аңдып, сынап отырады. Сол себептен,той жастардың мерекесі емес, ол - отбасының байлығының көрсеткіші мен нышанына айналуда. Үйлену тойлардың рәсімі бірдей өтеді, бірдей қалжыңдарды, бірдей тілектерді де естуге болады. Менің ойымша, осындай есте қаларлық ерекшелігі жоқ, бәрінде бірдей өтетін мерекені мыңыншы рет қайталап, ата-ананың орасан мол қаржысын жұмсауда ешқандай мағына жоқ. Әрине, неке қию рәсімін өз жақын адамдарының ортасында атап өтілуі керек, бірақ, 200-300 адам жинап, көп шығын шығару - ол ысырап жасаушылық.

Осы сұраққа өз көзқарасым бұрыннан бері ата-аналарымның көзқарастарымен келіспейді. Үлкендердің ойы жастардың ойынан әрине басқа, сондықтан бір Университеттің жастары арасында "Қазақ дәстүріндегі тойды өткізгіңіз келе ме?" деген сұрақ қойылды. Сауалнамада 444 адам қатысты, оның арасында ерлер арасында 53% және қыздар арасында 67% қазақ салт-дәстүрлері бойынша тойды жасағылары келмейді деген пікір айтты. Егер осы мәліметке қарасақ, жастардың жартысынан көбі бұрыннан бері қалыптасқан ойға қарсы екені байқалады, бірақ, өкінішке орай, осы жастардың ішінде үйленер көзде өз ата-аналарының сөзін тыңдап, қаламаса да той жасайтындар табылады.

Өзім қойған сұраққа жауап берсем, әрине, неке қию тойлануы керек, бірақ, Қазақстанда қазіргі уақытта өтетін тойларды жасау кей уақытта мағынасыз.Сондықтан, халқымыздың тойға деген көзқарасын өзгертіп, оны жастар талай жыл өтсе де шын жүрекпен еске алатындай сәтке айналдыруымыз қажет.