2022 жылы Қазақстанда өтетін ұлттық компаниялар IPO туралы не біл


 
Биыл Қазақстанда екі ұлттық компанияның IPO-ға шығуы жоспарланған. Олардың қатарында «ҚазМұнайгаз» және «Air Astana» бар. Бұл жазбаны бастамас бұрын, алдымен IPO не екенін және оны не нәрсеге қосып «жеуге» болатыны туралы айта өтейін.
 
IPO деген не?
 
Жер бетіндегі барлық энциклопедиялық кітаптардың цифрлы нұсқасына айналған Уикипедияға сенетін болсақ, онда IPO жайлы былай делінген: IPO (ағылш. Initial Public Offering, көпшілікке бастапқы ұсыну) – қандай да бір компанияның акцияларын сату үшін көпшілікке бастапқы ұсынуы. Бұл ретте «бастапқы» сөзі компанияның өз акцияларын биржаға бірінші рет шығаратынын білдіреді.
Егер ай-пи-о деген сөздің мағынасын түсініп алсақ, енді ұлттық компаниялардың IPO-cы деген сөзге тоқталайық. Қысқаша айтқанда, қазір Қазмұнайгаз бен ЭйрАстанада мемлекеттің үлесі көп. Биыл сол үлес көлемін азайту үшін компания өз акцияларын Қазақстан халқына сатуды бастайды. Енді сізде
1.     «Мен не үшін оны сатып алуым керек?
2.     Олардың құнды қағаздарын алған соң, Алматы мен Астана арасында ЭйрАстанамен тегін ұша аламын ба?»
3.      «ҚазМұнайгаздың жанармай бекеттерінде тегін бензин бере ме?» деген орынды сұрақтар пайда болатын шығар.
Үш сұрағыңыздың екеуіне «жоқ» деп, ал біреуіне сәл толығырақ жауап бере кетейін.
Сізде артық ақша болса және оны қайда салуды білмей жүрсеңіз, акция сатып алу ең тиімді жолдардың бірі. Иә, сіз оны жылжымайтын мүлікке немесе автокөлік алуға жұмсай аласыз, бірақ үйдің ремонты, көлік сынса оны жөндеуге ақша кетеді. Ал акцияларыңыз сізден бір тиын да талап етпей, өз алдына өсіп отырады. Неге өсуіне сенімдісің деп айтуыңыз мүмкін екі қолыңызды айқастырып. Оған да жауабым дайын. Сіз ЭйрАстана акциясын алдыңыз делік, Қазақстан халқына бір жерден екінші жерге ұшу керек болмай қалған кезге дейін сіздің акцияларыңыз өз құнын сақтап, ол аз болса, құны артып отырады. Билет сататын агрегаттардағы билет бағасына қарап, жуық арада ұшақ сапарлары модадан шықпайтын секілді. Ал жер сілкінісі, не Құдай сақтасын, жол аптасына түссеңіз, көлігіңіздің құнын сақтандыру компаниялары өтеп беретініне сенімдімін деп айту қиын. Бұл дегеніміз, ауаға ақша шашумен бірдей.
 
Тарих
 
«Біз тарихтан сабақ алуымыз керек» деген аксиома бар. Осы уақытқа дейін қандай қазақстандық компаниялар IPO жасады және акционерлеріне қанша табыс алып келгені жайлы карлик масштабта, яғни өте қысқаша айтайын.
2018 жылы Қазатомөнеркәсіп IPO-ға шықты. Төрт жыл бұрын 4322 теңге тұратын акция, қазір 16000 теңге айналасында бағаланады. Өсім 240% құрайды. Егер сіздің 2018 жылы 100 мың теңгеңіз болса және сіз оған ұлттық компанияның акциясын сатып алғаныңызда, қазір табысыңыз 240% артатын еді. Одан бөлек жыл сайын төленетін дивидендтер бар. Бірақ дивидендтер туралы келесі жазбаларда кеңірек жазармын.
 
Егер сіз бұл блогты осы жеріне дейін оқып келсеңіз, сіз де тағы бір орынды сұрақ туындаған шығар. Биыл IPO жасайтын компаниялардың акцияларын қалай сатып аламын, қалай IPO қатысуға болады? Ол үшін бір жерге бару керек пе? және тағы басқалары. Комментке жазсаңыз, жауап беруге тырысамын. Ешқайда барудың қажеті жоқ, қазір XXI ғасыр болғандықтан, біраз істі үйден шықпай-ақ жасауға болады.
Қазақстандық онлайн брокерлер көп. Мысалы, өз басым Jusan Invest-тің қосымшасымен жұмыс істеймін. Бес минуттың ішінде тіркеліп, бірден акциялармен сауда-саттықты бастап кетесіз. Егер менің жазғаным түсініксіз болса (Стивен Киң немесе Джоан Лоулиң сияқты мықты жазуға қабілетім жетпейтіні рас) жусанның қосымшасында инвестициялар әлеміне қатысты барлық мәлімет бар. Сол жақтан оқып алғанымды қорытып, сіздерге ұсынып отырмын. Енді келесі жазбаларда дивидендтер туралы жазуға уәде берейін бе әлде бермейін бе? Комменте пікір қалдырсаңыз, сол пікіріңіздегі әр әріпі үйіңізге бақыт пен қуаныш алып келсін деп тілек білдіремін.



Бөлісу: